Болашағы белгісіз автопарк

2796

Сәтсіз жекешелендірудің салдарынан жолаушылар жапа шегіп отыр.

Болашағы белгісіз автопарк

Павлодар қаласындағы №1 автобус паркі 2015 жылы жекенің қолына өтті. Басында уәдені үйіп-төккен кәсіпкер өзіне жүктелген міндетті тиісінше орындай алмай, тасымалдаушы компания коммуналдық меншікке кері қайтарылды. Мұндай ауыс-түйістің салқыны қарапайым халыққа тиді.

Осыдан үш жыл бұрын "Қазақстандық құрылыс тобы" ЖШС №1 автобус паркін 1 млрд 176 млн теңгеге сатып алды. Алайда инвестор беліне көтере алмайтын шоқпарды байлаған болып шықты. 2016 жылдың мамыр айына дейін парк жаңа автобустармен толығуы керек еді. Бұл міндет орындалған жоқ. Сондықтан Павлодар қалалық қаржы бөлімі сотқа шағым түсіріп, екіжақты келісім бұзылды. Осының салдарынан 2016 жылдың желтоқсан айында жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын коммуналдық меншіктің иелігіне өтті.

"Жекешелендіру аясында облыс орталығындағы ірі тасымалдаушы компания – "№1 автобус паркі" ЖШС сатылымға шығарылып, кәсіпкердің басқаруына берілген болатын. Бірақ сатып алушы тарап өз міндетін орындамағандықтан, сот шешімімен келісімшартты бұзуға тура келді. Қазіргі уақытта №1 автобус паркі серіктестіктің өз табысы есебінен қаржыландырылып отыр", – деді Павлодар қалалық қаржы бөлімінің басшысы Ғалима Мұқанова.

Бүгінгі таңда кәсіпорынның қаржылық жағдайы автобустарды жөндеуге, жаңартуға жетпей отыр. Қала іргесіне орналасқан Ленин кентіне қатынайтын №38 бағыттағы автобустардың сапасы мүлде сын көтермейді. Жиі бұзылып, істен шығып қалатындықтан, тұрғындар қақаған қыста аялдамада бүрсең қағуға мәжбүр болып жүр.  

"Жарты сағат сайын жүруге тиіс қоғамдық көлік кей кездері белгіленген кестеден ауытқып, жолаушылардың ұзақ уақыт күтуіне тура келеді.

Өткенде №38 автобус Ертіс өзені арқылы өтетін көпірге жақындай бергенде сынып қалды. Біз, жолаушылар, диспетчерлік қызметке хабарласып, басқа автобус жіберуді сұрадық. Ол келгенге дейін 1 сағат күттік. Мұндай оқиға бірнеше рет қайталанды. Әбден тозығы жеткен автобустарды жаңартпайынша, бұл жағдай үздіксіз жалғаса беретін сияқты", – деді Ленин кентінің тұрғыны Асылбек Мусин.

Тұрғындар қоғамдық көліктің айналмалы қозғалысын енгізуді, рейстердің санын көбейтуді ұсынып отыр. Бірақ бұл ұсыныстың таяу арада орындалуы екіталай сияқты. Өйткені №38 бағыттағы автобустың қозғалысын ұйымдастыратын №1 автобус паркінің жағдайы жоғарыдағыдай.

"Әзірше №1 автобус паркінің алдағы жұмысына қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Екі нұсқа бар: тасымалдаушы компанияны тағы да жеке инвесторға береміз немесе бюджеттен қосымша қаржы қарастырып, коммуналдық меншікте сақтап қаламыз. Осы мәселені талдап, сараптап, біржақты шешкен соң ғана қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік туады", – деді Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу