Бразилия өз футболының құндылығын жоғалта бастағандай

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3729

Футболдан ХХІ әлем чемпионатында Бразилия құрамасы Швейцария аяқдопшыларымен тең түсіп, екі ұпай жоғалтты.

Бразилия өз футболының құндылығын жоғалта бастағандай Фото: fifa.com

Бразилия құрамасына деген футбол жанкүйерлерінің көңілдері – алабөтен. Оның себебі көп. Бұл құрама барлық әлем чемпионаттарына қатысқан – жалғыз және бірегей ұжым. Бұл құрама әлемнің төрт бұрышында чемпион болған (Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Еуропада, Азияда). Бұл құрама бес рет бүкіләлемдік біріншілікте топ жарып, "Пентакампеондар" атанған. Бұл құрама футбол әлеміне небір жарық жұлдыздар сыйлаған. Бұл құрама өрнекті ойынымен, жойқын шабуылымен талайлардың тәнті қылған. Тағысын тағы... 

Сондықтан төрткіл дүние жанкүйерлері мен мамандары бұл құрамадан таңғажайып ойын өрнегін күтеді. Алайда Бразилия құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойындарын аса жоғары деңгейде өткізе алмады. Швейцария құрамасымен 1:1 есебімен тең түсті. Әрине, бұл бірінші ойын болғандықтан Тите жаттықтыратын теңбіл доп майталмандарын чемпиондық атақтан үміткерлер қатарынан сызып тастай алмаймыз. Кім бәледі, бәлкім, спорттық баптарына енді келер...

Десек те, Бразилия құрамасының сапына қарап, бұл команданы "Селесао" (Таңдаулылар) деп атауға аузымыз бармай отыр. Себебі, кейінгі жылдары Бразилия құрамасының бас бапкерлері футболшыларды Еуропадан іздеуге иек артып алғандай. Өз елдеріндегі таланттарға көз ілмей кеткен жоқ па екен?! Негізі, әлемдегі футбол клубтарының барлығы дерлік құрамдарын Бразилия футболшыларымен нығайтуға ынтық болып жүрмеуші ме еді? Еуропадағы алпауыт клубтардың басшылары мен бапкерлері әрбір әлем чемпионаты сайын Бразилия құрамасының сапына үңілетін...

Сонау, 1958 жылғы әлем чемпионатында Бразилия құрамасы сапында 18-ге толмаған Эдсон Арантис ду Насименту деген жас "пері", яғни Пеле жарқырап көзге түскен. Содан бері әрбір әлем чемпионаты сайын бүкіл әлем Бразилия құрамасы сапынан кем дегенде бір талантты көріп, тамсанып отыратын. "Селесао" осысымен ерекше еді. Футбол талантарына бай ел екенін паш етіп жүретін.

Ал қазір ше? Құрамдарын Еуропа клубтары сапындағы футболшылармен жасақтауды ғана ойлайтындай. Осы ретте, 2018 жылғы әлем чемпионатына келген құрамын бастан-аяқ қарап шықтық. Бразилия чемпионатынан тек үш ойыншы шақыртылған. Қалғандарын шетелдік клубтардан алыпты. Атап айтқанда, Англиядан – 6, Испаниядан – 5, Италия мен Франциядан – 3, Украинадан – 2, Қытайдан – 1 футболшы...

Сонда қалай, Украина мен Қытай чемпионаттарының деңгейлері Бразилия футболынан жоғары болғаны ма?! Бәлкім, тәжірибелері мол шығар. Оған дауым жоқ. Бірақ, шетелдің азулы клубтарымен келісімшартқа отырған футболшылары он мыңдап, жүз мыңдап, миллиондап жалақы алады ғой. Олар – бүкіл әлемге танылған футболшылар. Ал Бразилияда жүрген, төрткіл дүниеге танылуды армандайтын, Еуропаның азулы клубтарының көздеріне түскісі келетін жас таланттары ше?! Оларды шығарса, жандарын салар ма еді?! Оларға мүмкіндік берсе, аяқтарын да тартпай, Швейцарияның қорғанысын бұзып-жарып өтер ме еді?!

Әлде Бразилияда таланттар таусылды ма? Жоқ, сенбеймін! Пеле, Гарринча, Загалло, Диди, Зико, Сократес, Дунга, Бебето, Ромарио, Роналдо, Ривалдо, Роналдиньо, Роберто Карлос, Кафу, Кака сынды қас шеберлер шыққан ел талантқа кенде болмаса етті. Бразилия өз футболының құндылығын жоғалтпай, жас таланттарын "экспортқа" шығара берсе деймін. Біз олардың Еуропадағы жұлдыздарын емес, өз елдеріндегі көпшілікке беймәлім таланттарын көрсек дейміз.

Футбол жанкүйерлері үшін төрт жылда бір өтетін әлем чемпионаты – көптен күткен "Ұлы той". Ендеше, осы "тойда" Бразилияның өнерпаздары көпшілікті тамсандыра алмаса, масқара емес пе? Жоқ әлде Еуропада ойнайтын "миллионерлерін" жиып әкеліп, Германия секілді басты бәсекелесінен 1:7 есебімен ұтылып жүре бермек пе?!  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу