Бюджет Ұлттық банктің резервін "жеп" жатыр

3030

Биыл Ұлттық банк бизнесті қаржыландыруға көңіл аудара бастады.

Бюджет Ұлттық банктің резервін "жеп" жатыр

Биыл мамырда айлық инфляция 0,6%-ды құрады, жылдық инфляция 5,3%-ға дейін өсті. Бұл туралы бүгін  Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді.

Табыс көбейгенімен қымбатшылық та күшейді

Досаевтың айтуынша, 2019 жылғы мамырда азық-түлік тауарлары нарығында 7,9%-ға жеткен бағаның басым түрде өсуі инфляцияға тікелей әсер еткен. Ал бағаның өсуіне халықтың ақшалай табысының артуы себеп болып отыр.

Сонымен қатар, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың да бағасы 6,1% болса, ақылы қызметтерге тарифтердің инфляцияға айтарлықтай әсері болмаған.

"Ұлттық банк  болжамдық раунд нәтижелері бойынша ағымдағы жылғы 3 маусымда базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. Сыртқы талаптар және ішкі факторлар бойынша нақтыланған бағалау 2020 жылдың соңына дейін 4-6% нысаналы дәлізге жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ішкі және сыртқы сектордағы тәуекелдердің балансы базалық  мөлшерлеменің деңгейі туралы кейінгі шешімдерді жоғары траекториясына қарай апарады", - деп хабарлады бас банкир.

АҚШ пен ОПЕК теңге бағамын екі жаққа тартып тұр

Сонымен қатар  Ұлттық банк басшысы соңғы уақытта ішкі валюта нарығындағы ахуалдың мұнайдың әлемдік нарығының ықпалымен дамып жатқанын хабарлады.

"27 мамыр – 5 маусым аралығында әлемдік экономикадағы сауда талаптары қатаңдатылды. Нәтижесінде мұнай бағасы 13%-ға жуық 60,6 АҚШ долларына дейін төмендеді. Алайда өткен аптаның соңғы екі күнінде бір баррель үшін 63,3 АҚШ долларына теңесті. Бұл АҚШ-тың Мексикамен заңсыз миграцияға бақылауды қатаңдату туралы келісімге қол жеткізуімен байланысты. Сонымен бірге оған 2019 жылғы екінші жартыжылдықта ОПЕК+ келісімін ұзарту мүмкіндігіне қатысты мәлімдемелер оң әсер етті. Нәтижесінде 27 мамыр - 5 маусым аралығында теңгенің әлсіреуі 1,3% болды", - деп түсініктеме берді Ерболат Досаев.

Ол соңғы күндері жағдай тұрақтанғанын атап өтті. Ұлттық валюта бағамы 5-10 маусым аралығында 0,3%-ға нығайды. 2019 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 383,04 теңге болды.

Экспорт өсімі импорт өсімінен көбірек

Ұлттық банк төрағасы хабарлағандай, төлем балансында жағдайдың жақсаруы теңгеге қолдау көрсетуде. "Ағымдағы шот 2 тоқсан бойы профицитпен қалыптасып отыр. Алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы 1 тоқсанда сауда балансы 14,4%-ға өсіп 7,1 млрд АҚШ долларын құрады, ал ағымдағы операциялар шотының профициті 0,8 млрд АҚШ доллары болды Тауарлар экспорты 9,9%-ға немесе 14,9 млрд АҚШ долларына дейін, ал тауарлар импорты 6,1%-ға немесе 7,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды",– деді Е. Досаев.

Бюджет Ұлттық банктің резервін "жеп" жатыр

Ол 2019 жылғы 1 маусымда алдын ала деректер бойынша Ұлттық банктің жалпы алтынвалюта резервтері мамыр айында 3,5%-ға немесе 948 млн АҚШ долларына ұлғайып, 28 млрд АҚШ долларын құрағанын қоса айтты. Қажетті минимум 3 ай болса, Қазақстан Ұлттық банкінің алтынвалюта резервтерінің көлемі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады.

"Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылғы мамырдың соңында 58,6 млрд АҚШ доллары болды. Бір айда 1,1%-ға төмендеу бюджетке кепілдік берілген және нысаналы трансферттердің бөлінуімен байланысты", – деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы.

Ерболат Досаевтың айтуынша, валюталық активтерді ел ішінде сақтауды ынталандыру үшін жаңа құрал ретінде банктердің Ұлттық банктегі валюталық депозиттері 2019 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі. Мұндай депозиттердің мерзімі 1 ай, жылдық мөлшерлемесі 0,5% болады.

Кредит шарттары жақсарған сияқты

Сонымен бірге ол Ұлттық банктің экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатқандығын еске салды.

"Біріншіден, ақша-кредит талаптарының біртіндеп жеңілдеуі кредиттердің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылғы сәуірде бизнес үшін берілген теңгедегі кредиттер бойынша мөлшерлеме өткен жылғы сәуірдегі 12,3%-бен салыстырғанда 12%-ға, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша 11,9%-ға, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,2%-ға дейін төмендеді. Екіншіден, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемелер өзгерді. Халықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша ұсынылған мөлшерлемені 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 10,5%-дан 9,8%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Теңгедегі мерзімді және жинақ депозиттері бойынша мөлшерлемелер салымшылар үшін тартымды болып қалуда және тиісінше 12,5%-ға және 13,5%-ға жетті", - деді бас банк басшысы.

Ол банктер үшін мұндай жағдайлар қорландыру базасының орнықтылығын арттыратынын, сондай-ақ 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 12 ай және одан жоғары мерзіммен шетел валютасындағы жинақ және мерзімді депозиттер бойынша ставка 2%-ға дейін көтерілгенін атап өтті. Бұл шара банктердің міндеттемелерін ұзартуға бағытталған.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу