БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық табысы артты

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
3004

Зейнетақы ақшасының ағыны мен валюталық инвестициялар "таза" инвестициялық табысты көтерді.

БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық табысы артты

Ақпан айының қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) бір ай бұрынғы 9,8 млрд теңге көрсеткішпен салыстырғанда 19,6 млрд теңге болып,  "таза" инвестициялық табыстың айтарлықтай өсімін көрді. Осылайша, жыл басынан бері "таза" инвестициялық табыс 29,4 млрд теңгеге өсіп, 2018 жылдың 1 наурызында 2,8 трлн теңге болды.

Бұл оң динамика негізінен инвестициялық базаның, яғни салымшылардың жеке шоттары санының артуынан және зейнетақы жарнасы сомасының ұлғаюынан болып отыр.

Барлық факторлардың арқасында ақпан айында зейнетақы жинақтары 75,1 млрд теңгеге, яғни 7,88 трлн теңгеге дейін көбейді.

БЖЗҚ мәліметтерінен көріп отырғанымыздай, инвестициялық қоржын айтарлықтай өзгеріске ұшырамай,  консервативтік болып қалды. Оның негізгі бөлігін мемлекеттік құнды қағаздар (44,2%) мен қазақстандық компаниялардың корпоративтік құнды қағаздары (28,3%) құрайды. Мемлекеттік құнды қағаздар құрылымында ұлттық валютадағы ұзақмерзімді облигациялар (32,5%) басым болып отыр. Еурооблигациялар инвестициялық қоржынның 5,6%-ын, ал қысқамерзімді  теңгелік облигациялар 6%-ын құрайды. Шетел мемлекеттерінің қарыздық құнды қағаздары активтердің 13,76%-ын, ал халықаралық қаржылық ұйымдар – 2,2%-ын "ұстап" отыр. Шетелдік компаниялардың корпоративтік құнды қағаздары 1,5%-ды құрайды. Ал қазақстандық компаниялардың акциялары инвестициялық қоржынның тек 2%-ын, облигациялар 26,3%-ын  ғана құрайды. Банктердің теңгелік салымдары 4%, шетелдік валютадағы салымдары – 3,8%.  

Дегенмен ақпанда инвестициялық қоржын шамалы түзетілді. Жергілікті банктердің валюталық салымдары  шетелдік мемлекеттердің тәуелсіз қарызына инвестиция салу пайдасымен біршама азайды. Осыдан кейін инвестициялық қоржын құрылымындағы банктік салымдар үлесі 9,42%-дан 7,98%-ға төмендеді. Ал шетелдік қаржылық құралдарға салынған инвестицияның жалпы үлесі, керісінше, 16,35%-дан 17,47%-ға өсті.   

Мәнісі сол, Ұлттық банктің 2017 жылдан бері қолданып келе жатқан зейнетақы активтерін басқару стратегиясы акциялар мен облигациялардың  жаһандық индексіне кіретін қаржылық құралдарға аса көңіл бөледі. Ұлттық банктегілер 2016 жылға дейін инвестициялық саясат теңдестірілмегенін айтып отыр. Шетелдік инвестициялар көлемі шамалы ғана болған және 17%-дық мөлшердегі валюталық позицияда зейнетақы активтерінің тек 6,5%-ын ғана құраған. Осы уақыттан бастап Ұлттық банк  валюталық құраушыны жоспарлы түрде өсіріп, валюталық позицияны 20%-ға дейін ұлғайтқан.

28 ақпан күні шыққан "БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін басқару туралы" ақпараттық хабарламада Ұлттық банк зейнетақы активтеріне инвестиция салу үшін олар Азияның оңтүстік-шығысына, Латын Америкасы мен Шығыс Еуропаға жататын тұрақты макроэкономикалық көрсеткіші мен кредиттік рейтингі бар 11 дамушы елді таңдап алғанын хабарлады.

Сондай-ақ құжатта шетелдік валютадағы уақытша еркін зейнетақы активтері қысқамерзімді қаржылық құралдарға салынатыны айтылған. Оның ішінде шетелдік банктердің алты айда жауып бітетін депозиттеріне салынады. Бүгінгі күні шетелдік банктердің қысқамерзімді депозиттері қысқамерзімді құнды қағаздардың ұқсас эмитент тәуекел деңгейімен салыстырғанда табыстылықтың тартымды мөлшерлемесін көрсетіп отыр.

Ұлттық банктің айтуынша, валюталық қоржынның жаңа инвестициялық стратегиясы сақталу мен өтімділікті қажетті деңгейде қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар алдағы уақытта зейнетақы активтерінің табыстылығын арттырады. Сондай-ақ құжат аталған инвестициялар инвестициялаудың стратегиялық мақсаты болып табылмайтынын және зейнетақы активтерінің табыстылығын қолдауға арналған қазіргі өтімділікті басқару аясында жүзеге асатынын көрсетеді. 

Валюталық стратегия ақпан айында өзін ақтады, қаржы нарығындағы сауда жағдаяты иневесторлар үшін жақсы болды.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу