COVID-19: қандай ел Қазақстанға қанша гуманитарлық көмек берді?

3407

Бірінші орында – Қытай, бірақ бұл қуантпайды.  

COVID-19: қандай ел Қазақстанға қанша гуманитарлық көмек берді?

"СҚ-Фармация" қазақ елінде COVID-19 жұқтырған алғашқы сырқат тіркелгелі мемлекетіміздің өзге елдерден қанша көлемде гуманитарлық көмек алғанын және оның қалай бөлінгенін егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл қоғам көптен күткен есеп. Оның неге бұрын тұрақты түрде жарияланбағаны таңдандырады және бұл құзырлы органдар тарапынан сұрақ туғызуы керектей. Жұртшылық шу көтермегенде гумкөмекті үлестіру бойынша бірыңғай оператор тым-тырыс отыра беретін бе еді.

ҚХР

Сонымен, тегін ізгілік жүк жөнінен шығыс алпауыты алдыңғы қатарға шықты. Бір қызығы, Қытай Халық Республикасы биылғы 16 наурызда елімізде ТЖ жарияланғанда-ақ осы жүгінің алғашқы партиясын жөнелтіпті. Нәтижесінде, қытайлық China Construction Bank 9 935 бірлік бетперде, 409 қорғаныш көзілдірігін және 100 мың қолғапты сатып алып, 20 наурызда Нұр-Сұлтанға аттандырды.

Араға оншақты күн салып, 2 сәуірде Қытай Үкіметі 84 коронавирус тестін, 1 000 комбинезонды, 500 инфрақызыл термометрді, 1 000 көзілдірікті, 1 мыңнан – қолғап пен бахиланы Алматыға жіберді.

Біраз уақыттан кейін көрші көмегін ірі кәсіпорындары арқылы көрсете бастады. Атап айтқанда, 10 сәуірде Алибаба Алматыға 5 010 қорғаныш костюмін, 355 040 масканың әралуан түрін, 150 мың шаңға қарсы бетпердені, 200 термометрді, 50 мың қолғапты жеткізіпті. 1 мамырда Alibaba Foundation Алматыға 30 бірлік оң қысымды желдеткіш, 50 мың 16 ПТР-флуоресцентті зерттеу жинағын әкелді.

"Хуавей Текнолоджиз" 26 сәуірде Алматыға 2 мың респиратор, 500 комбинезон; қытайлық Miniso – 4 маусымда Алматыға 10 мың бетперде, ҚХР-дың АстраЗенека (Уси) Трейдинг кәсіпорны – 18 маусымда Алматыға 112 мың маска әкеп берген.

Мұсылман ағайындарға көмектен Шыңжаңдағы ағайындар қалыс қалмады. Шыңжаң-ұйғыр автономды ауданының Үкіметі 29 сәуірде елордаға 2 мың қорғаныш костюмін, 54 380 бетперде, 700 бірлік иджихао құрамдас түйіршік-гранулаларын, 1 400 Лянхуа Чинвэн капсулаларын, 1 400 Зукаму гранулаларын, 467 азитромицин, 112 хлорохин фосфат таблеткаларын, 2 инвазивті емес желдеткішті жіберді.

Жалпы, ҚХР Қазақстанға әртүрлі 910 мың 185 бірлік тегін көмекзат берді.

"Қытай Қазақстанға жайдан жай көмектесіп отырған жоқ. Біз шың елінің кәсіпкерлерімен сөйлестік. Шығыс көршінің зиялы қауымы жаһанда жүздеген мың адамның өмірін жалдаған осы үрейлі вирустың ҚХР-дан тарағанына өкінеді. АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытайды сотқа тартып, бүкіл елге құн төлеттіру керек деді. Әрине, ол үшін ең алдымен, вирусты басқа емес, дәл Қытайдың өзі жасағанын дәлелдеу, Гаагада сот ісін бастау шарт. Пандемияны біздің Президентіміз де соғыс деп бағалады. Ал халықаралық құқықта өзге елдерге қарсы халықаралық қылмыс жасаған мемлекет оларға келтірілген материалдық шығынды өтеп, репарация төлейді ғой. Трамп мырза тіпті "коронавирустың бір түрі" деп жауырды жаба тоқымай, індет атауында қытайлық шығу тегін нақты көрсету қажет деді. Әзіл ретінде "кунг-флю" деген атауды да ұсынды. Қалай болғанда, вирустың өзі қытайлық болғандықтан, бұл елдің ізгілік көмегі сонша ізгі көрінбейді, содан сүйсіну сезімін тудырмайды", – дейді құқықтанушы Зейін Сабырқұлов. 

Түркия

Түбіміз бір түркі елі көмек қолын созуда. Түркия қайтарымсыз ізгілік жүктерін наурыздан жөнелте бастады. Нақтылай кетсек, 30 наурызда Нұр-Сұлтанға ұшақпен 1000 Easy flow (XL) жиынтығы, 1 500 бетперде, 750 қолғап, 10 GUABD XL костюмі бар қораптар әкелінді. 

18 сәуірде түркиялық Nobel İlaç фармацевтикалық компаниясы атропин сульфаттың 400 ампуласын, 500 флакон екпеге арналған тазоджект ерітіндісін, 1 500 азакс таблеткаларын, 150 рифампицин ампулаларын, 3 200 мукозеро таблеткасын, 5 000 асимплекс ұнтағын, 500 диклорон SR таблеткасын Алматыға әкеп тапсырды. 

Түркия билігі 15 мамырда Алматыға 149 850 бетперде, 50 бетті жабатын қорғаныш экранын, 100 қорғаныш көзілдірігін, 50 бірлік N95 маскасын, 295 комбинезонын және 200 дезинфекция құралын тиеп жіберіпті.

Туыстас елдің Абди Ибрахим Глобал Фарм компаниясы 18 наурызда КВИ-ге қарсы күресуші ақ халатты абзал жандарға арналған 1 760 комбинезон, ал 11 мамырда Алматыға 7 500 ацетилцистеин және 100 000 Kutlu маркалы хлорохин жолдады.

Түркиядан таяуда, 17 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы 50 000 бірлік N95 бетперде, 211 500 бірлік 3 қабатты бетперде, 34 420 қорғаныш комбинезонын,  1 996 қорғаныш экранын, 2 ПТР-қондырғысын, 30 000 ПТР-ға арналған тест жинағын, 30 000 вирустың нуклеин қышқылын бөліп алу үшін қажетті жиынтықты, 10 000 гидроксихлорохин таблеткасын, 29 өкпені жасанды желдету аппаратын, 25 оттегі концентраторын қабылдап алды.

Қорыта айтсақ, қазақтар түрік бауырлардан жалпы саны 640 мың 528 бірлік гуманитарлық көмек қабылдады. Сол елдегі қазақтар да, қарапайым тұрғындар да өз бетінше гумкөмек көрсетуге тырысып жатыр.

Катар

Ұлы дала аумағын мұраға алған қазақтардың бұл өңірден құрып кетпей, айығып шығуына жәрдемдесуде алыстағы Катар елі үлкен белсенділік танытуда. Алматының Нарғыз есімді тұрғыны Facebook парақшасында дәріханалардың біріне Qatar Airways жапсырмалары бар дәрі-дәрмек қораптары әкелінгенін хабарлап, бұл 21 мамырда осы әуе компаниясымен тасылған Катардың 9 тонна көмегі болуы мүмкін деген болжамын айтты. Жарияланым авторы "СҚ-Фармация" гумкөмекті дәріханалар арқылы сатып жатқан жоқ па?" деген сұрақ тастады ортаға.

Бірыңғай дистрибьютордың баспасөз хатшысы Инкар Мирьякупова бұл жорамалдың жалған екенін айтып, Катар жүгі арасында дәрі жоқтығын мәлімдеді. Жұртшылық осы көмектің екі айдай "СҚ-Фармация" қоймаларында бос жатып, елге берілмей қалғанына өкінді.

Катар елінің көмегі тиелген ұшақ 21 мамырда Нұр-Сұлтан әуежайына қонған. Оның арасында әртүрлі бір реттік 215 900 бетперде, 70 000 бірлік N95 маркалы арнайы маска, LONNY маркалы 39 825 бетперде, 119 918 санитарлық қорғаныш маскасы, 12 230 пластик маска, арнайысы, бір реттігі бар жалпы саны 3 360 қорғаныш костюмі, 32 600 хирургиялық костюм, 29 990 қорғаныш костюмі болды.

Бұлардың барлығы пандемиямен күрестің алғы шебіндегі медицина қызметкерлерін қорғауға арналған еді. Денсаулық сақтау министрлігінің 22 шілдедегі дерегінше, 59-дан астам медициналық персонал коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Егер осы көмек ұзақ уақыт "СҚ-Фармация" қоймаларында жатып қалмағанда, қаншама дәрігерді, мейірбикені және санитарды аман алып қалуы ықтимал еді.

Өзбекстан

22 шілдеде Ақтөбеге өзбек ағайындар жіберген гуманитарлық көмек келіп жетті. Қоғамдық бақылау жүргізген бастамашы топтың мүшесі Рафик Тазтдинов жүкті антикоррупциялық орталықтың өкілдері және волонтерлар де қарсы алғанын айтты. Жүк ЖИТС орталығына жеткізіліп, сол жерден ауруханаларға таратылған.

Жалпы, "өз-ағамыздан көмек келе жатыр" дегенді естігенде, ол бірер қораптан тұратын шағын болар деген болжам туындады. Алайда алып фурға тиелген тең-тең жүк келгенде, жұртшылықты таң қалды. Оның ішінде не болған? Цифры алапат! Саны жөнінен тіпті Қытайды да шаң қаптырып кетеді. Дегенмен, ассортименті шектеулі болып, жол берді.

Оңтүстіктегі көрші латекстен жасалған, әртүрлі мөлшер-размердегі 718 000 хирургиялық қолғап, нитрилден жасалған 88 000 қолғап, 1 миллион 200 мың стерилді емес медициналық қолғап, 1 миллион 800 бір реттік бетперде, 1 миллион гигиеналық бетперде беріп жіберіпті.

Өзбек ағайындардың осы зор ізгілік көмегіне қазақ елі риза болса керек!

Ресей

Ресейден гуманитарлық көмек келгенін әсіресе, қазақстандық орыс тілді ақпарат құралдары мен блогерлер қуана, жарыса жазды. Бірақ "тау толғатып, тышқан тудының" кері келді. Соған қарамастан Қазнетте Ресейге, В.Путинге көп-көп алғыс айтушылар көбейді. Олардың пікіріне сенсек, Ресей Қазақстанды коронавирустен "құтқарды".

Еліміздегі әріптестеріне көмектесуге келген ресейлік дәрігерлер журналистерге сұхбатында Қазақстан дәрігерлерінің емдеу тәсіліне көп өзгеріс енгізбегендерін ашық айтып, бірер кеңес берумен шектелгенін мәлімдеді (емдеу хаттамасына салмақты өзгеріс ДДСҰ кеңесіне сай енгізілген). Әйткенмен қиялға қанат қақтырған кейбір қазақстандықтың қарқынын тоқтату мүмкін емес еді: "масқара, біздің дәрігерлер дұрыс емдемепті, ресейлік дәрігерлер келіп барлық қатесін бетіне басып, әбден ұрысып, дұрыс емдеу жолын көрсетіп беріп кетіпті" деп ары қарай шуласты. Бұл ретте солтүстік алпауыт көршінің медицина ғалымдары шынында, өздерінің КВИ вакцинасын Қазақстанда ауыр сырқаттарға сынап көру үшін келгенін ешкім елемеді де. Айтқандай, Жапония Ресей вакцинасының тиімділігі шамалы екенін байқап, одан бас тартыпты.

Айта кетер жайт, Еуропалық одақ өзіне мүше елдерге пандемиямен шайқаста тегеурінді қолдау көрсетіп жатыр. ЕО тіпті қазақ еліне коронавируспен күрес үшін 1,6 миллион еуро бөлді. Еуразиялық одақтан мемлекетіміз нендей қолдау көріп отыр? Өз одағымыздың көшбасшысы әрі темірқазығы саналатын Мәскеу бізге несімен көмектесті? Оның аты дардай ізгілік жүгіне үңілген жан заты ұсақ екенін аңғарады.

Ресейден гуманитарлық жүк негізі, 10 шілдеде келіп жетіпті. Арасында 44 775 қорғаныш киімі, 370 000 бетперде, 3 928 сынақтық "Коронавир" таблеткалары, сынақтан өтетін сырқаттардың клиникалық материалын алу үшін РНК/ДНК бөлуге арналған 500 реагент кешені, сонша көлемде РНК* РЕВЕРТА-L матрицасында ДНК алуға арналған реагент, 500 бірлік корнавирус РНК-сын бөліп алуға арналған реагент жинағы болған. Байқап отырсыз, бұл заттар ресейлік вакцинаны эксперименттен өткізіп, оның нәтижелерін бағалау үшін қажет.

Жуырда gazeta.ru және басқа да ресейлік белді басылымдар COVID-19 вакцинасы деп дәріптелген ресейлік препарат – "Коронавирдің" қауіпті болып шыққаны туралы дәрігерлердің байламын жариялады. Олар бұл дәрінің жеделдетілген рәсіммен тіркелгеніне де қарсы. Оның құрамындағы фавипиравир аса улы (токсичный) болып шыққан.

"Бұл препарат SARS-CoV-2 үшін арнайы әзірленбеген, тиісінше, ол дәл осы вирус үшін тиімді болмайды. Клиникаға дейінгі зерттеулер көрсеткендей, фавипиравир жүкті әйелдердің бойындағы ұрық-эмбрионның өлуіне және тератогенділікке соқтырды", – деген ғалымдардың сөзін келтіреді ресейлік БАҚ-тар.

Ізгіліктің ырымын жасағандар

6 сәуірде Нұр-Сұлтанға Біріккен Араб Әмірліктерінен гуманитарлық жүк тасымалданды. Онда 14 400 комбинезон, 15 000 қорғаныш киімі, 500 000 қолғап, 20 000 бетперде, 32 000 бахила, 6 000 санитайзер болды. Осы араб елінен бертінде де еліміздің батысына жәрдем жүгі келгені мәлім, ол жайында "СҚ-Фармацияда" ақпарат жоқ.

Германия 16 шілдеде бірер қорап жүк жеткізді, ол 1 мың маскадан, 497 парацетамолдан, 59 Ratiopharm препаратынан, 67 Ibuprofen-нен, 30 Azytromycin-нен, 20 Tamiflu-ден, 40 AmoxiClav-тан тұрады.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі 25 сәуірде астанада 200 комбинезон, 200 бахила, 200 көзілдірік, 2,5 мыңнан аса бетперде, 10 199 қолғап таратты.

Жапония 30 наурызда 200 комбинезон және 32 қорғаныштық көзілдірік беріп жіберіпті. "Күншығыс елінен" 12 200 "Авиган" вакцинасы келді, алайда оның құрамында да фавипиравир бар.

Пәкістан – 60 000 гидроксихлорохин, Үндістан – 30 000 гидроксихлорохин, Словенияның Sandoz компаниясы үлкен көлемде спиналді ине түрінде ем-шараға қажетті керек-жарақтар жолдады.

Чехия – 10 оттегі конденсаторын, 641 қорғаныш костюмін, 700 бетперде, 1 мың қолғап, 63 респиратор және 300 қорғаныш экранын беріп жіберді.

Қынжылтатыны сол, Қазақстан өз аумағына баса-көктеп кірген жау – коронавирус пандемиясымен күрес кезінде ШЫҰ-дан пайда көрген жоқ. Еліміз 25 сәуірде Шанхай ынтымақтастығы ұйымынан тек 9 500 қолғап, 22 000 бетперде алғаны мәлім болды.

Дубай, Венгрия, Вьетнам, Грузия, Моңғолия, Польша, Украина және өзге елдерден Қазақстанға қарай гумкөмек бағыт алғаны белгілі болды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу