Дардай аты болса да, қылдай қайыры жоқ

Бек Темір Бек Темір
1981

Павлодарда ашылған әлеуметтік дүкендердің атына саты сай емес.

Дардай аты болса да, қылдай қайыры жоқ

Павлодарда жеті жыл бұрын ашылған 10 әлеуметтік дүкеннің бүгінгі күні тек бесеуі ғана жұмыс істеп тұр. Есігіне қара құлып ілінбей аман қалған бесеудің ішінде тек қана Успен ауданының сауда нүктесінен ауыл шаруашылығы өнімдерін таба аласың.  Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы басшысының орынбасары Оксана Давыденко облыстық әкімдікте өткен алқа отырысында мәлім етті.

Өңір басшысы Болат Бақауовтың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда қалада орын тепкен әлеуметтік деген дардай аты болса да, қылдай қайыры жоқ дүкендердің халық қызығына батып отырған жоқ. Олар бұл "атақтарын" бас мүддесіне пайдаланып, өздеріне тұтынушы тартуға ғана қолданып отыр.  Атап өтерлігі табаны күректей жеті жыл бұрын аймақтағы әрбір аудан әкімдеріне қаладан әлеуметтік дүкен ашып, халықты ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағамен саудалау міндеттелген болатын. Бұл дағдарыс қос бүйірден қысқан кезде өнім өндірушінің тауарын өткізу, ал халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған тетік еді. Бүгінде сауда нысандарының иелері қалтасының қамымен ғана кеткен секілді.

Болат Бақауов әлеуметтік дүкендерді қоя тұрып, әлеуметтік базарлар ашу қажеттігін айтады және оған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылық жасап, тұрғындардың азық-түлік кәрзеңкесін тиімді бағамен саудаланатын тауарлармен толтыру жағына бас-көз болғаны жөн. Себебі мұндай тәжірибе аймақ үшін пайдалы екендігін көрсетіп отыр. Мәселен өңірде 643 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, оған мал, дәнді дақыл, құс, бал шаруашылығы өнімдерін 15-20% төмен бағамен саудалаған жүзден астам кәсіпкер қатысқан, қатысып та келеді. Бұл сатып алушыға да, сатушыға да тиімді.

Жалпақ жұртқа белгілі болғандай, үкімет 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізімін бекіткен. Сондықтан да облыс басшылығы жауапты басқармаларға өңірдегі шағын және ірі сауда орындарында осы тізімге енген өнімдердің бағасын жіті бақылауда ұстауды тапсырып отыр. Әйтпесе қарақұмық, жарма, қант секілді өнімдердің бағасын сыбырласа сыбайласып көтеретіндер жар астынан жиі құлақ көрсетеді. Ондай жағдайлар өңірде талай орын алған. Ақыры сотта аяқталған.

Шаруа қожалықтары өз өнімдерін қалаларда сауда нүктелері болмағандықтан өткізе алмайтынын айтып шағымданатын жағдай көп кездесетіні де өтірік емес. Сондықтан тығырықтан шығудың жолы қарастырылып отыр. Кеңес кезінде Павлодар қаласындағы тұрғын үйлерді сұйық газбен қамтамасыз ету үшін газгольдерлер салынған. Бүгінгі күні  мұндай 164 газгольдер бар және олар "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына берілген. Газгольдерлер тұрғындар өміріне де қауіпті. Себебі кез келген уақытта химиялық отын қалдығы болып, ыстық ауа райында буланып төтенше жағдай орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан да қазіргі басты мәселелердің бірі уақыт өткізбей солардың көзін құрту болып отыр. Болат Жұмабекұлы мұндай газгольдерлерді бұзып, ол аумақты жөндеп, шаруа қожалықтарына беру керектігін айтады. Сонда шаруа қожалық иелері сол жерге дүкен, наубайхана немесе басқа да бір әлеуметтік нысандар салып, өнімдерін саудалауға мүмкіндік алады. Жауапты органдар бұл мәселені жете зерттеп, жақын уақытта оң не теріс деген шешім шығарулары шарт.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу