Декларация тапсырудан бас тартқандар жазаланады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4054

Жалпыға ортақ декларация тапсыруды енгізу кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Декларация тапсырудан бас тартқандар жазаланады

Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, жалпыға ортақ декларация тапсырудың алғашқы кезеңінде мемлекеттік қызметшілер қамтылмақ.

"Декларациялау жүйесін енгізудегі басты мақсаты – көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жүргізу үшін жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін тиімді бақылау жүйесін құру", – дейді қаржы вице-министрі.

Белгілі болғандай, декларацияны енгізу бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайлары мен оларға теңестірілген адамдар тапсырады. Азаматтардың қалған санаттары келесі кезеңдерде, алдағы 5 жыл ішінде қамтылады.

Бұл ретте, нормативтік-құқықтық актілер мен құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Әрбір кезеңнің қорытындылары сараланып, проблемалар анықталады. Сондай-ақ әдістеме мен ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылданбақ.

Осылайша, 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер қандай дүние-мүлкі бар екенін жариялап отыруға міндеттелмек.

Атап өтерлігі, декларация тапсырудан бас тартқандарға әкімшілік жаза қарастырылған.

"Декларацияны уақтылы бермеген немесе жалған мәлімет берілген жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған. Егер декларацияны тапсыру бойынша заңбұзушылық бірінші рет анықталса, ескерту беріледі. Ал егер бұл жағдай қайталанса, қазіргі заң бойынша айыпкерге 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады", – дейді мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мамаев.

Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың сөзінше, декларациялауды енгізуге кедергі келтіріп отырған мәселелер де жоқ емес.

"Мәселен, ауылдық жерлерде халықтың қаржылық сауаты төмен екені байқалады. Респонденттердің 80 пайызы декларацияны өздері толтыра алмады. Шалғайдағы елді мекендерде интернеттің болмауы, уәкілетті органдардың деректер базасының жаңартылмауы да кедергі келтіреді. Сол себепті, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерін пайдаланушылар санының едәуір ұлғаюын ескере отырып, ол жүйелердің жұмыс аясын кеңейту керек болады", – дейді Руслан Еңсебаев.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы "100 нақты қадам" ұлт жосарында жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын декларациялауды енгізді тапсырған болатын.

Жеке тұлғалардың декларацияны толтыруы және тапсыру шараларын білу үшін "Электрондық үкімет" (Е-gov.kz) порталындағы сервисті пайдалану керек. Сондай-ақ, бірыңғай республикалық байланыс орталығы E-gov 1414 платформасында салық және кеден мәселелері бойынша байланыс орталығы құрылады.

Жалпыға бірдей декларациялау жөніндегі барлық ақпарат мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz интернет-ресурсында жазылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу