Демонстрациялық алаңдарға айналатын 7 фабрика таңдалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3374

Қазақстан үшінші "бесжылдыққа" аяқ баспақшы.

Демонстрациялық алаңдарға айналатын 7 фабрика таңдалды Фото: reuters.com

Астананың 20 жылдық мерейтойына еліміздің өңірлері ұсынатын тартулардың бірі – ел игілігіне тапсырылатын жаңа индустриялық жобалар болмақ. Жыл сайынғы дәстүрлі телекөпір барысында оларды елордадан Елбасының өзі онлайн-режимде іске қосатыны мәлім. Қазіргі кезде бұл жобалардың тізімі белсенді түрде түзіліп жатқан көрінеді. Бұлар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа индустрияландырудың екінші "бесжылдығын" жабатын инвестжобалардың бір легіне айналмақ.     

Ел басшылығы үкіметке "Индустрияландырудың үшінші "бесжылдығының" концепциясын" әзірлеуді жүктеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ол тұжырымдама осы жылдың соңына дейін әзір болады. Егер жұмыс қызу жүріп жатса, неге соншаға ұзайды? Себебі, жаңа бағдарлама бұрынғыдан өзгерек болады екен.

"Ол өне бойында өнеркәсіпті цифрландыру мен инновациялық құрауыштар бойынша жаңа жаһандық технологиялық үрдіс-трендтерге құрылады. Бұл құжат 2018 жылғы президенттің халыққа жолдауында жария етілген тапсырмаларына сәйкес, енді "цифрлық дәуірдің" өнеркәсібін тұрғызуға бағытталады", – дейді министр. 

Бұған дейін жүзеге асырылған индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен құтқаруға, оған балама ретінде өңдеу өнеркәсібін өркендетуге бағдарланғаны мәлім. Үкімет ол мұрат үдесінен қаншалықты шыға алды?

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, индустрияландыру 2017 жыл қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің 5,1%-дық өсімін қамтамасыз етті. Егер оны салаларға тарата қарасақ, металлургияда өндіріс көлемі 5,9%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіру саласында 4,1%-ға, шикі мұнайды өңдеуде 5%-ға, химия өнеркәсібінде 7,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 7,3%-ға, машинажасауда 5,6%-ға артқан. Ал фармацевтика саласында өндіріс бір жыл ішінде бірден 41,8%-ға ұлғайып отыр. Тек құрылыс материалдарын шығару секторы ғана 3,7%-дық шағын өсімге қанағат еткен.

Бір жақсысы, бұл оң серпін биыл да жалғасын табатынға ұқсайды.

Атап айтқанда, 2018 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақ елінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі тағы 5,3%-ға артты.

Соның ішінде өсім бойынша көшбасшылық орынға 14,3%-дық көрсеткішімен химия саласы шықты. Бұл өнеркәсіптің өркен жайып жатқанын қарапайым халық та сезінген болар. Басқаны айтпағанда, қазір Қазақстан кір жуатын ұнтақ, ыдыс жууға, құбырларды тазалауға арналған сұйықтықтарды және басқаларын, яғни тұрмыстық химияның түр-түрін өзінде өндіре бастады. 

Екінші тұғырға қарқыны көңіл қуантқан фармацевтика көтерілді: өндірісі жыл басынан бері тағы 10,2%-ға артып, өткен жылғы көрсеткішінің көзбояу еместігін бір дәлелдеді.

Тау-кен өндіру өнеркәсібі (+5,1%) де, өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) де, түсті металлургия (+3,9%) да, қара металлургия (+7,7%) да, машинажасау саласы (+9%) да өсуге деген ұмтылысын жалғастыруда.

Айтқандай, мерзімі аяқталып қалған индустрияландыру бағдарламасының түпкі бір нысанасы "еңбек өнімділігін арттыру" болатын. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі осы көрсеткіш былтыр 10,3%-ға жоғарылады. Басқаша айтқанда, елімізде осы өнеркәсіпте әр жұмысшы ай сайын 22,3 мың доллардың өнімін береді.  

Қазақ елінің жаһандық қара базарда өткізген өңделген өнімдерінің экспорты 2017 жылы 21%-ға ұлғайыпты. Жалпы алғанда, былтыр бұдан 15,6 миллиард доллар табыс келген.

Өткен жыл қорытындысында өңдеу өнеркәсібінде негізі капиталға 981,6 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл алдыңғы жылғыдан 4,7%-ға көп.  

Қалай болғанда, жыл сайын бағдарлама аясында жаңа өндірістер құрылуда. 2017 жылы индустрияландыру картасы аясында 120 зауыт-кәсіпорын қолданысқа берілген. Олардың құрылысына және жабдықталуына бизнесмендер 1,5 триллион теңге қаржы салыпты. Нәтижесінде, шамамен он мыңдай адам жұмыс тапқан.

Министр Жеңіс Қасымбек өткен жылы іске қосылған индустриялық ірі жобалардың арасынан беткеұстарлары ретінде Атырау облысындағы "Жігермұнайсервис" компаниясының "Роботтар арқылы дәнекерлеу әдісін пайдана отырып, метал конструкцияларының өндірісін", Жамбыл облысындағы "Alina Holding"-тің "құрғақ құрылыс қоспаларын, ұсақүгінділі толтырғыштарды және гипс шығаратын" зауытты, Павлодар облысындағы "Giessenhaus" компаниясының легирленген алюминий зауытын, Алматы облысындағы "Алматы Стекло" ЖШС-ның шыны зауытын атайды.

Ал биылғы жылы тағы 123 индустриялық нысанды іске қосу жоспарлануда. Оларға инвесторлар 849,5 миллиард теңге инвестиция жұмсапты.

Енді индустрияландыру саясаты жаңаша құрылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ол әлемдегі жаңа технологиялық революцияға бейімделмек.

"Сондықтан біз үшін "Индустрия 4.0." элементтеріне сай технологиялық өрлеудің сапалы жаңа деңгейіне көшу – өнеркәсіптік дамудың келесі кезеңі болады. Өткен жылы біз Германия, Швеция, Финляндиядағы серіктестерімізбен бірге, отандық өнеркәсіп салаларының "Индустрия 4.0." элементтерін ендіруге қаншалықты дайындығын анықтау үшін диагностика жүргізіп шықтық. Талдау көрсеткендей, тұтастай алғанда, өңдеу өнеркәсібінде және тау-кен секторында цифрлы технологияларды ендіру тұрғысынан елеулі әлеует-ұстын бар екен. Алайда отандық кәсіпорындардың автоматтандырылу деңгейі төмен, оларға цифрлық технологиялардың ену дәрежесі аса жоғары емес", – дейді инвестициялар және даму министрі.  

Елімізде барлық кен орындарының тек 21%-ы ғана өндірісті басқаруға арналған жақсы бағдарламалық қамтылыммен, заманауи сымсыз коммуникациялық байланыспен, "Индустрия 3.0." деңгейіне сәйкес құрал-жабдықтармен қаматамасыз етілгендігі мәлім болды. "Индустрия 4.0." элементтерін ендіру жүйеқұраушы және ірі корпорациялар мен кәсіпорындардың өзінде жаңа ғана бастау алуда. Бұл жайт тек күрсіністен және көңілтолмастықтан басқа сезім тудырмайды. Демек, индустрияландырудың жаңа бесжылдығының басты бір мұраты да осы істі серпінді ілгерілету болуы қажет.

Шетелдік мамандар жүргізген диагностика қорытындылары бойынша ел үкіметі отандық өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыу бойынша шараларды бекітті. Оларды жүзеге асыру барысында "цифрлық технологияларды енгізуге қажетті экожүйе" түзілуге тиіс көрінеді. Қазақстандық тау-кен металлургия саласының жүйеқұраушы компанияларын цифрландыру бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 14 жоба анықталып отыр. Бұл жобаларға бизнесмендер мен кәсіпорын қожайындары 146 миллиард теңге қаражаттарын салатын болыпты.

Оның үшеуі аяқталып та қалған көрінеді. Мәселен, ERG корпорациясы "ақылды карьер" пилоттық жобасын, "заттар интернеті элементтері бар ERP жүйесін" ендірген. "Қазмырыш" болса, өз кенорындарында персоналды мобильді басқарудың Pitram (SIC) жүйесін енгізіпті.

Енді 2018 жылы қалақалыптастырушы компанияларда тағы 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның екеуі тағы да "Қазмырыштың" еншісінде: оның бірі "Жаңа металлургиялық баланс" деп аталады, өндірістік деректердің бірыңғай базасы пайда болады. Бұған қоса, жоспарлау мен бюджетті бөлудің RPM жүйесі ендірілмек.

Ал "Өскемен титан-магний комбинатында" өндірістік теңгерімді есептеу және қалыптастыру жүйесі қолданысқа берілуге тиіс. 

Бұдан бөлек, ел үкіметі тағы бір жаңа индустриялық бастамасын жария етпек. Оның шет-жағасын да Жеңіс Қасымбек аша кетті.

"Биылғы жылы "үлгілі-моделді цифрлық фабрикалар" құру жобасы жүзеге асырыла бастайды. Ол үшін өңдеу өнеркәсібіндегі 7 кәсіпорын таңдап алынды. Олар енді барша қазақстандықтар, соның ішінде бизнес пен кәсіпорындар үшін цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін паш ететін демонстрациялық алаңдарға айналады. Осы мамыр айынан бастап, іріктеп алынған кәсіпорындарға технологиялық диагностика жүргізіп шығу жоспарлануда. Сондай-ақ осы кезеңде оларға цифрлық технологияларды ендіру бойынша жеке-жеке жол карталары әзірленеді", – дейді инвестициялар және даму министрі.  

Abctv порталы анықтағанындай, "цифрлық 7 фабрика" қатарына өнеркәсіптің әр саласынан "Евразиан фудс" АҚ-ы, "Кентау трансформатор зауыты" АҚ-ы, "Химфарм" АҚ-ы, "ҚазХром" АҚ-ы, "Карлскрона" ЖШС-ы, "Алматы желдеткіштер зауыты" ЖШС, "Бал Текстиль" ЖШС іріктеліп алынып отыр.

Жалпы алғанда, 2018 жылы жүзеге асырылған шаралар Қазақстанның шетелге сататын өңделген экспорты көлемінің биыл, 2017 жылғыға қарағанда, тағы 10,3%-ға өсуін, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 6%-ға артуын қамтамасыз етуге тиіс көрінеді. Ал өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестициялар ауқымы 1 триллион теңгеге жетеді деп болжануда.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу