Долларсыздандырудың кесірінен халықаралық резерв ортайып қалды

2756

Қазақстанның халықаралық резерві 2014 жылдан бері алғаш рет "минусқа" кетті.

Долларсыздандырудың кесірінен халықаралық резерв ортайып қалды

Сәуір айындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 13,6%-ға азайып, 27,1 млрд АҚШ долларына дейін түсіп кетті. 

Былтыр осы уақытта көрсеткіш 31 млрд доллардың үстінде болған. Ал 2017 жылы 30 млрд долларға жетер-жетпес болған еді. Жалпы 2014 жылдан бері халықаралық резерв тұрақты көбейіп келе жатқанымен, биыл, міне, осылайша 2014 жылдан бергі минимумға түсіп, кері кетіп отыр.

Бұл тұрғыда Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюк қордың кеміп қалғанын Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарда шетел валютасының азаюымен, сыртқы міндеттемелерді өтеумен, соның ішінде Үкіметтің сыртқы қарыздарын жабумен түсіндіреді.

Алтынвалюта резервіндегі корреспонденттік шоттардың көлемі әрқилы болуы мүмкін деп мәлімдеді Ұлттық банктің өзі. Өйткені бас банк мәліметінше, банктер мен өзге де ұйымдар ақша аударымын Ұлттық банк пен өзге де шетелдік банктердің шоты арқылы жүзеге асырып отыр. Сонымен қатар, салымшылардың доллардан бас тартып, қаражатты ұлттық валютаға айналдыруы да Ұлттық банктің корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасының ортаюына ықпал еткен болуға тиіс. 

Жалпы 2019 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша, халықаралық резерв құрамында 55,9%-ы алтынға тиесілі. Былтыр алтынның халықаралық резервтегі үлесі 42,5% ғана болған еді. Ал қалғаны еркін конвертацияланатын валютада (ЕКВ) жатыр.

Бұл үрдіс сонау 2011 жылдан бері жалғасып келеді. Ұлттық банк халықаралық резервті негізінен алтынмен жинауға көшкен. Мәселен, 2014 жылы халықаралық резервтегі алтын құны 6,3 млрд доллар, ал ЕКВ 22,1 млрд доллар болса, уақыт өте келе алтынның үлесі артып, ЕКВ керісінше азая берді. Қазір халықаралық резервтің 55,9%-ы алтын болса, қалған 44,1%-ы ЕКВ.

Соның ішінде Ұлттық банк алтынды отандық өндірушілерден сатып алып жатыр. 2011 жылдан бері алтын қоры үш есеге көбейген екен. Бас банк 254 тонна аффинирленген алтын сатып алыпты. Тек биылдың өзінде көрсеткіш 19,2 тоннаға жетті. Сарапшылардың пікірінше, геосаясат пен әлемдік экономикадағы аумалы-төкпелі уақытта қорды алтынмен жинау тиімдірек.

Ал Ұлттық қордың активі сәуірде 59,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл былтырғыдан 2,1% көп. Былтыр Ұлттық қордың азайғаны белгілі. Оның себебі банктердің банкроты мен соларды құтқару үшін 2 трлн теңгенің бөлінуі екені анық. Жалпы, биыл аздап көбейді демесеңіз, Ұлттық қордың қаражаты да 2014 жылдан бері тұрақты азайып, сол кездегі 73,6 млрд АҚШ долларынан қазіргі 59,3 млрд АҚШ долларына төмендеп отыр.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу