ЕАЭО елдеріне тауар шығаруда 85 кедергі бар

2090

Тауар экспорттауда кездесетін кедергілерді жоюға күш салынуда. 

ЕАЭО елдеріне тауар шығаруда 85 кедергі бар

Кез-келген елдің кәсіпкерлері тауарларын экспортқа шығарған кезде көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет келетіні шындық. "Еуразиялық экономикалық интеграция әлеуеті" диалог алаңында отандық бизнес қоғамдастығы "Атамекен" ҚР ҰКП, министрліктер өкілдерімен кездесіп, өздерін толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды.

Кең талқыланған тақырып – сауда кеңістігіміз ортақ Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағына отандық тауарларды экспорттағанда кездесетін кедергілерді жою мәселесі. Алғашқы сөзді алған "Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов диалог қатысушыларына болашақтың әлеуетін ғана емес, қазіргі кезде орын алып жатқан өзекті мәселелерді көтеруге шақырды.

"Кедендік одақ құрылды, кейін ЕАЭО болды. ЕАЭО бойынша жалпы жетістіктер бар, әлеуеті жоғары. Дегенмен де Қазақстан үшін біршама шешімін таппаған мәселер қалып отыр. Бизнес үшін кедендік, сауда кедергілері жойылып, тауарлар мен қызметтер айналымы жеңілдеуі тиіс. Ресейге салынған санкциялар, әрине, біздің экспорт пен импортымызға да қиындық тудыруда. Өз мүддемізді сіздер мен біз бірлесе отырып қорғауымыз керек",– деді Абылай Мырзахметов.

"Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы "Бизнеске арналған үкімет" қызметі онлайн және офлайн болатынын мәлімдеді.

"Премьер-министр бізді қолдап, 1 қаңтардан бастап "Бизнеске арналған үкімет" қызметін іске қосуды тапсырды. Ол онлайн және офлайн болады. Офлайнда шамамен 34 ұйым бір ғимаратта отырып кеңес береді. Онлайн нұсқасында желіге кіріп қызмет алуға мүмкіндігіңіз болады. "Атамекен" ҚР ҰКП осы қызметтердің тиімділігін бағалап, есеп жүргізеді. Жаңадан пайда болған мәселелерге сәйкесінше әрекет көрсетеді. Екінші, біз талқылап отырған кедергілерге кәсіпкерлеріміз нақты бір Ресей қалаларында, федералдық деңгейде нарыққа шыққанда тап болып жатады. Олар әртүрлі тексерістер, экономикалық қатынастардағы кемсітулер тәрізді қиындықтарға кезіккен кезде заң тұрғысынан немесе басқа да көмек алу үшін қайда жүгінерін білмейді. Сол себепті Сауда министрлігінің өкілдіктері тек Мәскеуде ғана емес, басқа аймақтарда, әсіресе, шекараға жақын жерлерде өкілетті жұмыс істеп, кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Өйткені бізде бизнеспен айналысу қиын, ал Ресейде екі есе қиын",– деді Абылай Мырзахметов.

"Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Евгений Больгерт 2018-2019 жылдарды салыстыра отырып, жалпы тауар айналымы өскенін айтты. Дегенмен экспорт азайып, импорт көбейген.

"Өкінішке қарай, экспортқа көбінесе шикізат өнімдерін шығарып жатырмыз. Ал үстіне қосылған бағасы қымбатырық, өңделген дайын өнім шығарған кезде көптеген кедергілерге тап боламыз. Біздің елде бизнес жүргізу шетелдіктер үшін тартымды – 2015 жылдан бері бірлескен кәсіпорындар саны үш есе өскен. Ал Ресейде біздің кәсіпорындардың көптеп ашылып жатқаны байқалмайды",– деді Евгений Больгерт.

Басқарма Төрағасының орынбасары кездесіп жатқан кедергілер туралы да айтып өтті.

"Бүгінгі күні 85 кедергі бар. Кейбіреулерін атап айтар болсам, Қырғызстанның "төменгі бақылау бағасын" белгілеуі, Украина бағытына бару кезіндегі транзиттік кедергілер, сүт өнімдерін жеткізу мәселелері. Сонымен қатар кедергілердің өсу тенденциясы да байқалуда. Осындай тосқауылдар мен кедергілерді жою өте қиын, бюрократиясы мол мәселе. Біз бүгін кедергілерді жою бойынша шұғыл әрекет етудің жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жасаймыз",– деді Евгений Больгерт.

Кейінгі сөз кезегі кәсіпкерлерге келген кезде талқылау қыза түсті. Көмір өндірушілер, арматура шығарушылар, ІТ саласындағы кәсіпкерлер де ЕАЭО аумағына тауар экспорттау кезіндегі өздерінің күнделікті кездесіп жатқан проблемаларын ортаға салды. "Атамекен" ҚР ҰКП, министрлік өкілдері барынша қолдау көрсетілетіндігін білдіріп, көптеген шешімдер ұсынды. Кейбір мәселелер бойынша жеке кеңестер берілді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу