"ЕХРО-2017" көрмесі отандық туризмді оңалта алмады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
16042

Еліміздің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 2 пайызға да жетпейді.

"ЕХРО-2017" көрмесі отандық туризмді оңалта алмады

Есеп комитеті таратқан ресми мәліметке сүйенсек, 2016 жылы еліміздің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 1,3 пайызды құраған. Ал 2017 жылғы көрсеткіш 1,4 пайыз ғана. Дәл осы жылы Қазақстан "ЕХРО-2017" халықаралық көрмесін өткізді. 2011 жылғы бағдарламалық құжаттарға сәйкес, көрме шетелдік туристердің ағынын көбейтуі керек еді. Бірақ, шенеуніктер күткен нәтижеге қол жеткізілген жоқ. Ал 2018 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесі небары 0,9 пайыз ғана.

Есеп комитетінде өткен жиында айтылғандай, Қазақстанға келетін шетелдіктер саны аз да, керісінше, шетелге шығатын отандық туристердің үлесі көп. Екеуінің айырмашылығы 1,5 есе. Шет мемлекеттерге саяхаттайтын ел тұрғындары жалпы алғанда жыл сайын 2,7 млрд долларын шығындайды екен. Демек, осыншама қаржы шет елдерге құйылды деген сөз.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың айтуынша, Қазақстанға жыл сайын шамамен 8 миллионға жуық шетелдік турист келеді. Бірақ, олардың басым бөлігін Орталық Азия мен Ресейден ағылатын мигранттар құрайды. Яғни, Қазақстанға демалуға келетін сапалы туристердің саны мардымсыз. 

Белгілі болғандай, отандық туризм саласының дамуына жұмсалатын мемлекет қаржысының үштен бірі заң бұзушылықпен игеріледі екен. Саланың алға баспауының бірден-бір себебі осында жатыр.

Осы орайда, Есеп комитеті туризм индустриясы комитетіне және "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясына мемлекеттік аудит жүргізген екен. Оның қорытындысы бойынша 1,460 млрд теңге көлемінде заң бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, 678,4 млн теңге тиімсіз жоспарланған, ал 1,564 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Ал 2017-2018 жылдары туризм саласына шамамен 4,72 млрд теңге бөлінген екен.

"Мемлекеттік аудиттің қорытындысына сәйкес, бюджеттен бөлінген әрбір үшінші теңге қаржылық заң бұзушылықтармен игерілген. Бір қызығы, бұл үшін бірде-бір шенеунік жауапқа тартылмаған. Десе де, қаржылық заң бұзушылықтармен игерілген барлық сома қалпына келтірілген. Демек, бұл бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілмейтінін көрсетеді", – дейді Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова.

Жоғарыда атап өткеніміздей, туризмді дамыту мақсатында құрылған "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясына да мемлекеттік аудит жүргізілді. Оның қорытындысы да көңіл көншітпейді.

"Компанияда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Ұлттық компанияның директорлар кеңесі 7 адамнан, ал басқармасы 5 адамнан тұрады. Оған корпоративті хатшыны мен аудит қызметінің басшысын қосыңыз. Басқарма төрағасының төрт кеңесшісі бар. Компания 14 департаменттен тұрады. Демек, компаниядағы әрбір екінші қызметкер бастық деген сөз. Мұншама көп департаменттің не керегі бар", – дейді Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан.

Оның айтуынша, 2017-2018 жылдары ұлттық компания қызметкерлерінің еңбекақысына мемлекеттік қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Ұлттық компания 2017 жылдың шілдесінде ғана құрылған болатын.

Есеп комитетінің дерегінше, 2017-2018 жылдары ұлттық компанияға мемлекет қазынасынан 940 млн теңге бөлінген. Өкінішке қарай, оның 90 пайызы субмердігерлерге жұмсалады екен. Ал бөлінген қаржыны ұлттық компанияның өзі кәдеге жаратуға тиіс еді.  

Вице-министр Ерлан Қожағапановтың сөзінше, бұдан былай шетелдік саяхатшылардың туристік жарна алынатын болады. Яғни, олар Қазақстанда бір түнеп шыққаны үшін 2-4 доллар көлемінде жарна төлейді.

"Бұл қадам ұлттық компанияның табысын арттырады", – дейді Ерлан Қожағапанов.

Алайда, туристік жарна төлеу қағидасы қамтылған бағдарлама әлі бекітілген жоқ. Вице-министр бағдарлама 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында бекітіледі деп сендірді.

"Жаңа туристік бағдарлама бекітілсе, алдағы 7 жылда Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 8 пайызға жететін болады. Осылайша, 2025 жылға қарай туризм саласының үлесі ауыл шаруашылығынан асып түседі", – дейді Ерлан Қожағапанов.

Еске сала кетейік, вице-министр айтып отырған бағдарлама 2019-2025 жылдарды қамтиды. Бағдарламада қамтылған іс-шараларды жүзеге асыруға 1,5 трлн теңге жұмсалмақ. Ал оның жартысына жуығы – мемлекет қаржысы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу