Елбасы: "Өмірімнің соңғы күніне дейін сіздермен бірге боламын!"

3590

Қазақстан президенті ол лауазымынан кетіп, елбасы лауазымына түбегейлі ауысты.

Елбасы: "Өмірімнің соңғы күніне дейін сіздермен бірге боламын!"

Бір қызығы, бұл жаңалықты Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдың 19-шы жылының 19 наурызы күні сағат 19:00-де жария етті. Үш "19"-дың бір символы болуы да ғажап емес.

Бүгін Қазақстан халқына және шетелдік ақпарат құралдары арқылы әлем жұртшылығына үндеумен қайырылған Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтататынын жариялады.

Яғни, бұдан былай оның есіміне "Қазақстан Республикасының президенті" сөзі жалғанбайтын болады. 

Осылайша, еліміздің тарихының тұтас бір тарауы жабылды.

Алайда Қазақстанның тұңғыш президенті билік тізгінін өз қолынан шығармайды. Ол өз үндеуінде бұдан әрі де билеуші партияның лидері, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, парламент қабылдайтын кез келген заңды қайтарып тастауға құқылы Конституциялық кеңестің мүшесі болып қалатынын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев шетелге кетпей, Қазақстанда қалатынын да ескерте кетті.  

"Өздеріңізге белгілі, біздің заңдарымызбен мен тұңғыш президент – елбасы мәртебесіне иемін. Мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беремін, ал бұл құрылым сыртқы және ішкі саясатты анықтайтын аса салмақты өкілеттіктерге ие! Ары қарай да мен "Нұр Отан" партиясының төрағасымын, Конституциялық кеңестің мүшесімін. Мен өз халқымды, өз елімді шын сүйетін адам ретінде сіздермен бірге еліміздің азаматы болып қаламын. Мен өмірімнің соңғы күніне дейін сіздермен бірге боламын!" – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол президенттік билігін жүргізген 30 жыл бойы өзін қолдаған Қазақстан халқына ризашылығын білдірді.

"Мен барлық сайлауларда сайлаушылардың қолдауының ең жоғарғы көрсеткіштеріне қол жеткіздім. Мен өзімнің ұлы халқыма, туған еліме қызмет етудің ұлы абыройына кенелдім. Маған халқым елді қиын замандарда басқауды сеніп тапсырды. Осы үшін де сіздерге зор алғыс айтқым келеді. Мен сіздердің алдарыңызда иіліп тағзым етемін!" – деген ол елді ертеңге бастар жастарға сөз арнады.

"Қазақстандықтардың жас ұрпағына қайырылғым келеді. Тәуелсіз Қазақстанды, біздің ортақ отанымызды – мәңгілік елді аялаңыздар! Бұл біздің халық, ұлы ата-бабамыз мирас еткен ұлан-байтақ жер. Сіз бен біздің отанымыз да, жеріміз де – жалғыз. Достықты және халқымыздың бірлігін, өзара сенімді, әрбір азаматымыздың мәдениеті мен дәстүріне деген құрметті аялаңыздар. Тұрақты болуды, көпэтносты мемлекетте тату тұруды өзгелер бізден үйренеді. Тек осы ұстындарды сақтай отырып қана біз күшті боламыз, біз барлық сын-тегеуріндерді жеңеміз!" – деді елбасы.

Өз сөзінде ол президенттігінің түпкілікті қорытындысын шығарды және тарихқа шолу жасады.

"Биылғы жылы еліміздің жоғарғы басшылығы лауазымында болғаныма 30 жыл толады. Қазақстанның тұңғыш президенті болу мәртебесін де халқымыз маған берді. Кеңес империясы қалай күйрегенін еске түсірелік. Ол артына тек қираған экономиканы, дүрбелеңге түскен елді, дағдарған саясатты қалдырды. Кеңес одағы ыдырағанда, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі екі есе құлдырады. Тіпті азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларға да ақша жетіспеді. Бір мезетте барлық ірі зауыттар тоқтап қалды. Бұл сын-қатер болатын. Біз оны еңсердік. Төл қазақстандық даму жолын тұрғыза бастадық. Биліктің алдында нарықтық экономиканы құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені жою және қоғамның барлық институттарын жаңғырту міндеті тұрды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекетті – Қазақстан республикасын құру үшін жасадық. Алдымен экономика, саясат – содан кейін қағидаты сонда туды. Нәтижесінде, біз экономиканы 15 есеге көтере алдық, ал халықтың табысы долларға шаққанда 9 есеге артты. Бұл кедейшілік деңгейін 10 есеге азайтуға мүмкіндік берді", – деп қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұрынғы президент өз тұсында жеткен жетістіктер қатарында тәуелсіздік бекігенін, Қазақстан халқының саны 18 миллионға жеткенін, мемлекеттің әлемдегі 50 қарқынды дамушы ел қатарына кіргенін және басқаларын санамалады.

Сөз түйінінде ол жас ұрпаққа жол беру керектігін меңзеп өтті.

"Әрбір ұрпаққа өз міндетін шешуге тура келеді. Мен және менің тұстастарым ел үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеруде, енді жаңа буын келді. Бұл табиғи үрдіс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Ендеше олар елді қазіргіден де жақсырақ ету үшін тырыссын!" – деп өсиет етті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол Қазақстанды 1990 жылдың 24 сәуірінен бері басқарып келеді. 2015 жылы сәуірде сайлаушылардың 97,75% дауысын жинап, бесінші президенттік мерзімге сайланды. Өкілеттігі 2020 жылы аяқталатын.

Конституцияға сәйкес, президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса, "№2-ші тұлға" оның орнын басады. Ата заң бойынша ол тұлға парламент сенатының төрағасы болып табылады.

Тиісінше, президент міндетін атқару Қасым-Жомарт Тоқаевқа уақытша жүктелді.

Сонымен бірге, сарапшылардың түсіндіруінше, елбасының өз командасы, ал жаңа президенттің өз әкімшілігі болады.

Осының дәлеліндей, бұған дейін "президенті кеңсесінің бастығы" болған Махмұд Қасымбеков ол қызметінен кетіп, елбасының №2-ші жарлығымен "елбасы кеңсесінің басшысы" болып тағайындалды.

Президенті кеңсесінің бастығы міндетін уақытша атқару бұған дейін президенті әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болған Бақытжан Темірболатқа жүктелді

Елбасының №3-ші жарлығымен Абай Айдарханұлы Бисембаев "елбасының көмекшісі – президенті іс басқарушысының бірінші орынбасары" қызметіне келді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу