Электронды денсаулық сақтау қаражаты үшін таласуда

3650

Бір топ отандық медициналық ІТ-компания денсаулық сақтау министрлігіне және басқа да инстанцияларға ашық хат жолдады.

Электронды денсаулық сақтау қаражаты үшін таласуда

Олар миллиардтаған бюджеттік қаражат игеріліп жатқан электронды денсаулық сақтау жүйесін ендіру ісінде еркін бәсекелестіктің жоқтығына және жалғыз жекеменшік компанияның мүддесі қуатты түрде ілгерілетіліп отырғанына шағымданады.

Айта кету керек, денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда кеңес кезінен келе жатқан сырқаттардың амбулаториялық карталары 1 шілдеден кейін қажетсіз болып қалатынын жариялаған болатын. Өйткені алдағы аптадан бастап, Қазақстандағы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін барлық медициналық ұйымдар қағаз жазбалардан бас тартатын көрінеді.   

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, Қазақстандағы 7 өңір "қағазсыз іс-қағаз жүргізетін" ауруханалардың пилоттық жобасына бұрыннан кіріп үлгеріпті. Олардың қатарында Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары бар.

"Алдағы 1 шілдеден бастап, Алматы мен Астана қалаларын қоса алғанда, қалған барлық өңірлер қағазсыз негізде сырқаттардың жазбасын жүргізуге толық көшеді. Яғни, пилоттық жоба аясында амбулаториялық карталар жойылады. Ал 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін барлық медициналық ұйымдар 100 пайызға осы жүйеге ауысып, бұдан былай жазбаларын тек ақпараттық жүйелерде ғана жүргізеді. Бұл ретте ол жазбаларды қандай да бір қағаз құжаттарда қосарлама жүргізуге жол берілмейді. Сырқаттарға енді амбулаториялық карталарды, флюрографиялық түсірілімдерді өздерімен бірге тасып жүру қажет болмайды. Тек жеке куәлігімен келсе жетеді", – деді вице-министр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Қазақстанда қазіргі кезде 900-ден астам медициналық ұйымдар мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды, соның аясында халықты тегін емдейді. Бұлардың 35%-ы жекеменшік клиникалар, қалған 65 пайыздайы мемлекеттік емханалар мен ауруханалар. Олардың барлығы алда жалғыз ақпараттық жүйеге мәжбүрлі түрде біріктірілмек.  

Осыған орай бұл саланы ақпараттық бағдарламалармен қамтамасыз етуші бірқатар ІТ компаниялар шөміштен қағылғандарына наразы болып, жоғары жаққа шағымдануда.

"Мемлекеттік органдар, атап айтқанда, жергілікті денсалық сақтау басқармалары барлық мемлекеттік медициналық мекемелерде барынша лайықтысы ретінде жалғыз ғана жекеменшік медициналық ақпараттық жүйе – "Дамумедтің" ендірілуі үшін белсенді лобби жүргізуде. Клиникалар басшыларына басқа компаниялардың бағдарламаларынан, соның ішінде тіпті бұрын орнатылған және жұмыс жасап тұрған бағдарламалардан бас тартуға табанды түрде ұсыным берілуде", – дейді олар шағым хатында.

"Осы бір жүйені енгізу үшін бізді нарықтан тізеге салып, ығыстыруда. Өткен жылдың соңында облыстың барлық емханалары, орталық аудандық ауруханалар түгелімен, сондай-ақ 2 стационар біздің жүйеде жұмыс жасады. Барлығы риза-тын, дәрігерлер мен мейірбикелер осы жүйеде жазба жүргізуге 100% үйретілді. Жеке әдістеме пысықталды. Ішкі құжатайналымның қағазсыз күйге көшуіне қол жеткізілді. Алайда дәрігерлердің айтуынша, барлығына биылғы жылы әлгі компаниядан басқа ешкіммен де келісімшарт жасаспауға табанды түрде ұсыным беріліпті. Ал басқамен келісімге отырып үлгергендерге "тараптардың өзара келісімі" бойынша ол шартты жоюға кеңес берілген. Себебі, жүйеге және оқытуға қатысты талап-претензия болған жоқ қой", – дейді Алматы облысындағы "InfoCart" ЖШС директоры Сергей Яндульский.

Оның айтуынша, "InfoCart"-қа "өзара келісім" бойынша медұйымдармен жасасқан шарттарының күшін тоқтатуға мойынсұнуға тура келіпті. Әрине, емхана-клиникалар басшылары сондай ұсыным барлығын құжат жүзінде дәлелдемеген. Өз кезегінде компания да олардың басын сотқа сүйреп жатпапты. "Өйткені бұл ол басшының жеке бастамасы емес, жоғарыдан әлдекім түсірген шешім екенін білеміз. Дәл осындай қысымды біздің облыстағы барлық медициналық ақпараттық жүйелер бастан өткеруде", – дейді Сергей Яндульский.

Алматылық "Учет и управление" компаниясының басшысы Виталий Ермоленконың айтқаны да осы арнада тоғысады.

"2017 жылдың соңында бізде жиырма шақты клиентіміз болды. Олар баға мен сапаның ара-салмағын таразылай келе, біздің жүйені таңдады және іске қосылуға әзірленіп жатқан. Бірақ денсаулық сақтау басқармасының әрекеттері салдарынан, оның "Дамуды" орнату туралы ұсынымдары нәтижесінде біз бұл клиенттерден айырылып қалдық. Бұлар сыртында бірнеше клиникамен арамыздағы қолданыстағы контрактілер де күшін жойды. Оларда барлық жұмыстар жүргізілген, персонал да оқытылып еді. Олардың басшыларының айтуынша, денсаулық сақтау басқармасы оларға әртүрлі сылтау-себептер тауып, біздің жүйеден бас тартуға және оның орнына ортақ жүйе ретінде "Дамуды" орнатуға ұсыным беріпті", – дейді Виталий Ермоленко. 

Бизнесмендер оқиға ары қарай да осылай өрби берсе, өз клиенттерінің барлығын жоғалтып, банкроттыққа ұшыраудан қорқатындарын айтады.

"Нарықта қуатты лоббиге ие болған жалғыз ойыншы пайда болды, сол үшін баламалы жеткізушілерді алып тастап жатқанға ұқсайды. Салдарынан қазір біздің кешегі клиенттеріміздің белсенді түрде бізбен келісімшарттарын бұзуы үрдісі жүруде. Біз табыстардың жетіспеушілігін өткір сезінудеміз, бұл қызметкерлердің жалақысын дер кезінде төлеуге де кері ықпал етуде. 12 стационардан бүгінде тек екеуі ғана қалды. Олар біздің медициналық ақпараттық жүйеміз толық қанағаттандыратынын айтады", – дейді "Dzhandosov Soft" ЖШС директоры Талғат Жандосов

Бұрын өзара бәсекелес болған олар енді қорғану және күресу үшін бас біріктіруде екен.

"Электронды денсаулық сақтау саласында жұмыс жасайтын ІТ-компаниялардың қауымдастыққа бірігу туралы қазіргі шешімі мәжбүрліктен туындауда. Әйтпесе, медициналық ақпараттық жүйелер нарығында нарық қатысушыларымен талқылаусыз-ақ ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар қабылданып, бұйрықтар шығарылуда. Бұл салада жариялылық жоқ. Біз цифрлы технологиялардың ендірілу схемасының айқын болуына қол жеткізуді мақсат тұтып отырмыз. Сонда ол саламатты бәсекелестіктің дамуына септесетін болады", – деген сенімде "Жетісу автоматтандыру орталығы" ЖШС бас директоры Мұрат Бөкенов.    

"Электронды медицина" компаниясының басшысы Дмитрий Нам да бірігудегі басты мақсат "медициналық саладағы барлық ай-ти компаниялардың жұмысы үшін тең жағдайлар туғызу" болатынын нықтады.

Олар жаңа-жаңа дамып келе жатқан электронды денсаулық сақтау нарығының келешегі де, қаржысы да мол екенін атап өтеді. Бүгінде Қазақстанда осы бағытта шамамен 40 компания нәпақасын айырып отыр. Олар егер адал бәсекелестік болса, еліміздегі барлық медұйымдар қағазсыз жүйеге көшкеннен кейін бұл сала игеретін орасан зор қаржы барлығына жетеріне сенімді.  

Сондықтан мед-ай-ти қауымдастығы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа ашық хат жолдады. Онда олар министрден бүкіл ел үшін тек жалғыз жүйені таңдаудың қаншалықты заңды екенін тексеруді сұрайды.

"Неге денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау басқармалары онсыз да мемлекетке 18 миллион долларға түскен біртұтас тұғырнама-платформаны ендіру орнына, жалғыз жекеменшік жүйе базасында бірыңғай өңірлік ақпараттық жүйелерді құруда?", – делінген ол хатта. 

Хат иелерінің дерегінше, "барынша лайықты деп танылған жүйені жеткізуші компания – "Даму ақпараттық технологиялар орталығы" ЖШС-ының басшылығы мен командасы жақында ғана денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс жасаған адамдар" көрінеді.   

Дегенмен, ІТ-компаниялар өкілдері "денсаулық сақтау министрлігі қалыптасқан жағдайдың шешімін табуға белсенді араласады" деп үміттенеді. Виталий Ермоленко сонымен бірге, үкіметке және прокуратураға жүгініп жатқандарын айтады.

Әзірге бұл үндеуге денсаулық сақтау министрлігі үн қата қойған жоқ.

Белгілі болғанындай, қазіргі уақытта Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, БҚО және басқа да өңірлерде осы жүйе негізінде денсаулық сақтау паспорттары ендіріліп жатқан көрінеді. Ақпараттық жүйенің сырқаттарға біраз игілігі барлығы хабарланды: олар үшін DamuMed мобильді қосымшасы әзірленуде екен. Смартфонға жүктелетін бұл өнімде "Қабылдауға жазылу", "Дәрігерді үйге шақыру", "Ауру қағазы", "Рецепттерді ұзарту", "Лабораториялық зерттеулер нәтижелері" сияқты бөлімдер болмақ.

DamuMed компаниясы сайтында оның 13 өңірге, 661 медұйымға қызмет көрсететіні айтылған.

Айтпақшы, осы аптада, 29 маусым күні Астанадағы "Қазмедиа орталығында" денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықпен есептік кездесу өткізеді. Ведомство халық пен кәсіпкерлерді алаңдатқан барлық сұрақтарға сонда жауап берілетінін хабарлайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу