Елімізде аса қымбат жол пайда болады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5504

Қазақстанға оның әр шақырымы үшін бір миллионға жуық доллар төлеуге тура келеді.

Елімізде аса қымбат жол пайда болады

Мәжілістің бүгінгі отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді" ратификациялады. Бұл халықаралық құжат Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде 1 және 6-дәліздерін қосатын "Ақтөбе – Мақат" автомобиль жолын реконструкциялау жөніндегі жобаға қатысты болып келеді.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қалаулыларға бұл құжаттың мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, аталған Келісімге сәйкес, Азия даму банкі біздің елге жалпы ұзындығы 299 шақырымға жуық екі жолақты автомобиль жолдарының учаскесін реконструкциялауға 240 миллион 300 мың доллар мөлшерінде қарыз береді.

"Ресей федерациясының Орскі жақтағы шекарасы – Ақтөбе – Атырау – Ресейдің Астраханьға қарай шекарасы"  аралығындағы автомобиль жолының "Ақтөбе – Мақат" учаскесін реконструкциялау мемлекетаралық және сауда қатынастарының кеңеюі мен тереңдеуі үшін мүмкіндіктер туғызады. Сондай-ақ Каспий маңындағы өңірлерге Қытай, Ресей нарықтарына және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығуға жол ашады. Өйткені ол "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізіне қосылатын болады", – деді министр Жеңіс Қасымбек.

Отандық бизнесмендерге өз тауарларымен үлкен нарыққа шығуына мүмкіндік жасауға ешкім қарсы бола қоймас. Әйткенмен, дәл осы жол телімін қайта құруға шенеуніктер жұмсағалы отырған қаражаттың көлемі қайран қалдырды.

Депутаттар да адам, таңдана, таңдай қаға отырып, құжатты мақұлдады.

Мәжілістің жалпы отырыс залынан көңілі тола шыққан министр мырзаны журналистер қаумалай кетті. Тілшілер қауымын қызықтыратыны – жолдың неге осынша қымбаттығы еді.

Өйткені Азия даму банкінен алынғалы отырған қарыз – шығындалатын орасан зор қаражаттың барлық сомасы емес: жалпы алғанда, 273 миллион 65 мың доллар қаржы қарастырылып отыр. Соның 240,3 миллион долларын АДБ-дан несиеге алу көзделуде. Оның сыртында республикалық бюджеттен 32 миллион 765 мың доллар қосымша қаржыландыру болады.

Содан смартфонындағы есептеуіш қосымшаны бәрінен бұрын ашып үлгерген журналистер Германия мен басқа да батыс елдеріндегідей автобан емес, небары қос жолақтан ғана тұратын "Ақтөбе – Мақат" жолының әр шақырымын қайта құруға 913 мың доллар (шамамен 300 миллион теңгедей) жұмсалатынын есептеп шықты.

Министрдің айтуынша, осынша сома тек жол төсеуге ғана кетпейді.

"Ол жақта 150-ден астам әртүрлі инженерлік құрылыстар, 11 өтпе, 39 мал айдап өтетін тұстар болады. Бұл жай ғана екі жолақты жол емес, бұл – ені 15 метр болатын жер жолағы. Ол екінші санаттағы жол, яғни енді "жақсартылған" (министр орысша "улучшенный плюс" деп атады) деңгейіне жеткізіледі. Яғни, асфальтты бетон төселеді, тиісінше, білікке түсетін жүктемесі 13 тоннаға жететін жүк көліктеріне жол ашуды қарастырады. Бүгінде аталған телімде бұл көрсеткіш небары 6-8 тоннаны құрайды. Яғни, жолдың беріктік сипаттамалары шамамен екі есеге арттырылады. Біз ол жерде кез келген заманауи ауыр техникаға қызмет көрсете аламыз", – деді инвестициялар және даму министрі.

Ол еліміздегі барлық дерлік жаңа жолдар білікке түсетін 13 тонна жүктемеге негізделіп салына бастағанын мәлімдеді: "Бұл – жаңа стандарттар. Олар еуропалық стандарттарға сәйкес келеді".

Яғни, қазіргі дағдарыс шағына қарамастан, әлгіндей сомалар да "стандартқа" айналып, Қазақстанда жол құрылысы қымбаттайтын сияқты. Айтпақшы, есепке жүйрік сарапшылар әр шақырымға жұмсалатын әлгі қаржыға 35 келіден артық алтын сатып алуға болатынын айтады. Яғни, "Ақтөбе – Мақат" трассасының әр шақырымында осынша қазына "көмілгендей" болады. Нәтижесінде, ол "алтын" жолдар бір қыстан өтпей, терең әжімдерге толып кетпесе, ең қорқыныштысы, ойықтары қаптап шыға келмесе болғаны.   

Салыстыру үшін айта кетелік, еліміздегі жалғыз ақылы жол – "Астана-Щучинск" (Астана-Бурабай) автобанын салуға кейбір мәліметтер бойынша шамамен 62 миллион еуро ғана жұмсалыпты. Оның ұзындығы – 210 шақырымнан астам. "Астана-Щучинск" автомагистралін реконструкциялау 2006 жылы басталып, 2009 жылдың қарашасында аяқталған. Еліміздегі тұңғыш автобанның құрылысына отандық, сондай-ақ Иран мен Италияның компаниялары қатысқан болатын. Соның барысында ескі жол 6 жолақты қозғалысы бар автобанға айналып, деңгейі 1 техникалық санатқа көтерілді. Сондай-ақ жол ортасында "кедергілік темір қоршау" орнату секілді қауіпсіздікті арттыру шаралар қабылданған. Ал "Ақтөбе-Мақат" трассасында оның қарастырылуы екіталай.

Сонымен, мәжіліс құптаған келісімге сәйкес, Азия даму банкі ел үкіметіне беретін заем құрамына автокөлік жолына қызмет көрсету бойынша жабдықтар және техникалар ұсыну және жол қозғалысы қауіпсіздігін бойынша шараларды қамтамасыз ету де кіреді.

АДБ-ның 240,3 миллион доллар қарызы Қазақстанға 18 жыл мерзімге беріледі, бұл мерзімге 5,5 жыл мерзімдікті кезең де кіреді. "Азия даму банкінің сыйақы ставкасы – ЛИБОР + 0,6%, резервтеу үшін комиссия – жылына заемның игерілмеген қалдығына 0,15%" делінген. Проценттер және заем бойынша басқа да төлемдерді Қазақстан әр жартыжылдықта 1 рет – әр жылдың 15 қарашасы мен 15 мамырында төлеп отыруға міндетті болады.

Бүгін мәжіліс тағы бір екіжақты құжатты – Ресеймен авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады. Келісімде әрбір тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асыратын авиациялық іздестіру-құтқару қызметтерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, әрбір тарап өзінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды өздері дербес көтереді.

Егер Қазақстан не Ресейдің іздеу-құтқару қызметі ел аумағында авиациялық оқиға туралы хабар алса, ол енді дереу бұл туралы көрші елдің  іздеу-құтқару қызметін ақпараттандыруға міндетті болады. Егер өз күші жетпей жатса, ол екінші тараптан көмек те сұрата алады. Бұл ретте мемлекет көмек жіберген тараптың (яғни, Ресейдің) іздеу-құтқару күштерін және құралдарын өз аумағына тездетіп өткізуі үшін барлық шараларды қабылдауға міндеттенеді.

Жалпы отырыста депутаттар жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы түзететін заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. "Кейбір заңнамалық актілерге жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын биылғы сәуір айындағы соңғы отырысында ел үкіметі бірауыздан құптаған болатын.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің түсіндіруінше, Қазақстанның жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еркіндігін кеңейту дегеніміз "ЖОО-ларға өз бетінше студенттерді қабылдауға, құрылым тәртібін, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және ғылыми-білім беру қызметі бойынша еншілес ұйымдарды құруына құқық беруді білдіреді".

Яғни, енді қазақстандық кез келген университет министрліктен сұрамай-ақ, өз беттерінше шетелде, көрші елдерде өз филиалдарын аша алады. Бұған дейін осындай артықшылықтар тек ұлттық ЖОО-ларда ғана болған.

Бұдан өзге, Ұлттық біліктілік шеңберіне біріктіріле отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлеу қағидасы енгізіледі. Осының арқасында ЖОО-лар білім беру нәтижелері мен өздерінің құзыреттіліктерінің негізінде білім беру бағдарламаларын дербес әзірлей алатын болады. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарын лицензиялау жүйесі де өзгереді. Егер бұған дейін тек мамандық лицензияланған болса, ендігі заң жобасы қабылданған соң жалпы дайындау бағыты да лицензияланатын болады.  

Бүгінгі таңда жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беруде шамамен 600 мамандық бар, жаңа тәсіл енгізілгеннен кейін даярлаудың 10 бағыты пайда болады.

"Студенттерге де енді екі бағыт бойынша өз оқуының дербес жолын-траекториясын қалыптастыру құқығы беріледі. Бұл бағыттарға нақтырақ тоқталсақ, біріншісі – пәндерді тереңдете меңгеру, ал екіншісі – пәндерді қосымша меңгеру. Қосымша меңгеруде бір мамандықта оқып жүрген студенттер өз білімдерін толықтыру үшін қосымша мамандықты да игеруге мүмкіндік алады. Мәселен, физик-студенттер өз білімдерін заңгерлік мамандық білімдерімен, ал экономистер – құқық немесе маркетинг білімдерімен толықтыра алады. Бұл да халықаралық тәжірибе. Нәтижесінде пәндераралық оқытуды жаппай ендіруге шарттар жасалады", – деді БҒМ басшысы Ерлан Сағадиев.

Қазіргі кезде Қазақстанда бұл тәжірибе педагогикалық мамандықтар үшін қолданылады: мысалы, физика-математика, химия-биология. Енді бұл барлық мамандықтарға және кеңейтілген контексте таратылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу