Еліміздегі 14 банк тексеріліп жатыр

13544

Үкімет ірі банктерді қолдауға ең кемі 1 млрд доллар жұмсамақ. 

Еліміздегі 14 банк тексеріліп жатыр

Ұлттық банк тексеруі аяқталған соң, банктер мемлекеттен ақша сұрай алады.

Қазақстанның қаржы секторына қатысты мәліметті шетелдік Reuters агенттігі хабарлады. Оның дерегінше, Ұлттық банк қолға алған "активтердің сапасын бағалау" (AQR немесе asset quality review) барысында жетекші 4 банктің қосымша капиталға мұқтаж екені анықталуда.  Сондықтан Үкімет оларға 1 млрд доллардан артық көмек қаржы ұсынуға ниетті.

"Соңғы 3 жыл ішінде мұнайға бай осы орталықазиялық елдің билігі 13 млрд доллар шығын шығарды, алайда бәрібір банк жүйесін сауықтыра алмады. Қазақстандық банктер жылжымайтын мүлік бағасының құлдырауы және теңгенің девальвациялануы кесірінен туындаған жаман кредиттердің көптігінен зардап шегуде", – деп жазады Reuters.

Оның ақпаратынша, бұл Үкіметтің банктерге қосымша қарыз беруін талап етуі мүмкін. Reuters агенттігі сарапшыларға жүгіне отырып, банктерге осынша көп қаржы құйылса, бұл ұлттық валютаға қысым көрсетуі ықтимал екенін айтады. Демек теңгенің құнсыздану үрдісі үдеуі ғажап емес.

2019 жылғы тамыз айында басталған AQR тексерулері еліміздегі аса ірі 14 банкте жүріп жатыр. Олардың арасында Халық банк, Сбербанктің қазақстандық филиалы, Kaspi, Forte, БанкЦентрКредит, АТФ, Еуразиялық банк, Jýsan Bank, Bank RBK, Альфа-Банк, Altyn Bank, Нұрбанк, Хоум Кредит және ВТБ бар.

Ел тарихында кең ауқымда алғаш іске асырылып жатқан науқанның дұрыстығын және тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк халықаралық кеңесшіні – Oliver Wyman консалтинг компаниясын жалдады. Тексерулер желтоқсан айының соңына қарай аяқталуға тиіс.

"Осы процеске тартылған үш банкир алдын ала мәліметтер бойынша кем дегенде 4 банкке қосымша капитал қажет болатынын мәлім етті. Ол қаражат үмітсіз кредиттерді есептен шығару үшін керек. Олар сондай-ақ билік 4 банкке қаржылық қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады. Бірақ бұл көмектің шарттары әзірге келісілген жоқ. Нақты қандай банктерге жәрдем жасалатыны белгісіз", – дейді Reuters.

Өз кезегінде Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев AQR қорытындыларынан үзінді желтоқсан айының соңында жария етілетінін растады. Тексерістер кесте бойынша жалғасуда.

"Ары қарай ең маңызды жұмыс бөлігі басталады. Біз AQR ұсынымдарын қаңтар-ақпан айларында орындауға кірісеміз. Нақтылай кетсек, ақпан айында активінің сапасын бағалаудан өткен әрбір банкпен бірге жеке даму жоспарының ақырғы нұсқасына қол қоямыз. Ол құжаттарда банкті сауықтыру үшін алдағы 2-3 жылда атқарылатын шаралар қамтылады. AQR-дің өзі қаржы институттарымен арамыздағы қарым-қатынастарды жақсартуға септігін тигізді. Жағдай өзгеруде", – деді Ерболат Досаев.

Ол қазір нарықтың 87%-ын иеленіп отырған 14 банкте қандай проблема бар және ары қарай не істеу керектігіне қатысты нақты көзқарас қалыптасқанын айтты.

Ұлттық банк төрағасы нақты цифрларды AQR аяқталғасын жария ететінін жеткізді.

Осының алдында қаржылық реттеушінің басшысы келесі жылы қаржы секторына көмек бағдарламасын іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Ол бағдарлама бүкіл банк жүйесіне таралмақ.

Кейбір деректер бойынша комбанктерге көмектің жаңа пакеті 1 триллион теңге немесе 2,6 млрд долларды құрауы мүмкін. Бірақ оның құны одан да жоғары болады деген болжамдар бар.

Moody’s халықаралық рейтинг агенттігінің байламынша, Қазақстанның банк жүйесі 400-ден 600 млрд теңгеге дейін резерв тапшылығын тартуда. 

Ал қазақстандық бизнес қауымдастығы мен экономистер банктерге мемлекеттің қаржы құя беретініне наразы және бірінші кезекте, кәсіпкерлерге көңіл бөлу қажеттігіне назар аудартады. Әйтпесе, банктер мемлекеттен көмек алғанымен, кәсіпкерге несиені арзандатып жатқан жоқ. Оның үстіне алдағы үш жылдық бюджетте отандық бизнесті қолдауға және субсидиялауға қаражат азайтылған.

Eximar форсайт-агенттігінің директоры Айман Тұрысхан Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені тым жоғары деңгейде – 9,25% мөлшерінде ұстап отырғанына қынжылыс білдіреді.

"Өйткені соның кесірінен, банктер бизнеске кредитті 16% және одан жоғары мөлшерлемемен береді. Микробизнес үшін несие 24-36%-ға дейін жетеді. Ал заң бойынша 56%-ға дейін көтеруге рұқсат. Бұл енді масқара. Сіз кәсіпкер болсаңыз және кредит алғыңыз келсе, 16%-дан арзанынан төмен алмайсыз. Себебі мемлекет арзан несиені тікелей кәсіпкерге емес, банктерге береді. Мысалы, агросекторда ауыл шаруашылығын қолдауға жыл сайын бөлінетін 160 млрд теңге қаражаттың 47%-ы толығымен банктің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге кетеді. Ол миллиардтарды небәрі үш банк – Halyk Bank, ForteBank және Банк ЦентрКредит алады", – дейді Айман Тұрысхан.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу