"Энфилдтегі" ертегі – "Барселона" етпетінен түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2041

UEFA Чемпиондары лигасының жартылай финалында "Ливерпуль" жауапсыз төрт гол соғып, финалға шықты.

"Энфилдтегі" ертегі – "Барселона" етпетінен түсті

Чемпиондар лигасының жартылай финалында "Ливерпуль" мен "Барселона" арасында қарымта матч өтіп, ағылшын клубы өздеріне қажетті ірі есеппен жеңіске жетті. Осыдан алты күн бұрын "Камп Ноу" стадионында 0:3 есебімен ұтылып қалғанымен, бүгін түнде "Энфилдте" 4:0 есебімен есесін еселеп қайтарды.

Бір қызығы, бұл ойында жасыл алаңға ағылшын клубының екі бірдей белді ойыншысы шыға алмады. Мысырлық Мохамед Салах пен бразилиялық Роберто Фирмино жарақатанып қалып, бұл ойында көрермендер санын көбейтті. Әйтсе де "Битлздің" жерлестері сапынан "Барселонаның" топсасы берік қақпасына гол соғатын жігіттер табылды.

Жалпы "Ливерпуль" аянған жоқ. Матч басталған бетте алға қарай лап қойды. Бірінші таймның басында тамырында Кения қаны соққан, Бельгия құрамасының шабуылшысы Дивок Ориги есеп ашты. "Энфилд" стадионына жиналған 55 мыңнан астам жанкүйер дүр сілкінді. Әрі Юрген Клопптың шәкірттерін қамшылай түсті.

"Барселона" ойыншылары допты ары-бері қақпақылдап, қақпасыз ойын өрнегін көрсетуден аспады. Бірінші таймның басында 3-4 ойыншысы бірдей "Ливерпульдің" қақпашысымен бетпе-бет шықса да, барлығы бірдей аңтарылып, жалғыз қақпашыға гол соға алмады. Алты күннің ішінде бар білгендерінен жаңылып қалғандай.

Ал "Ливерпуль" екінші таймда құйындай орап соқты. Алаңға ойынның екінші жартысында ғана шыққан, голланд футболшысы Джорджинио Вейналдум айналасы бір жарым минуттың ішінде екі доп салды. Әуелі Александер-Арнолдтың оң қанаттан берген пасын екпінімен келіп теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.

Іле-шала Шакиридің сол қанаттан әуелете асырған добын бәрінен биік секіріп, тіпті ауада бірер сәт қалықтап тұра қалды да, басымен қақпаға дөп түсірді.

Ал төртінші гол... Чемпиондар лигасында ойнайтын, деңгейі жоғары команда жіберетін доп емес. Доп ойынға бұрыштан қосылғанда "Барселона" ойыншылары "ұйықтап" тұрды.

Иә, қонақтар жайбарақат тұрғанда, кім қай жерде тұруы керек екенін өзара шешіп алмақ болғанда, Александер-Арнолд тез қимылдап, допты Оригиге ысыра қойды. Қақпа алдында жападан жалғыз қалған шабуылшы мүлт кеткен жоқ. Гол! Есеп – 4:0. "Энфилд" теңселіп кетті. Юрген Клопп қуанғанынан аспанға секірді.

Сөйтіп "Ливерпуль" ерлік жасап, финалға шықты. Ал "Барселона" үшінші жыл қатарынан жанкүйерлерін жерге қаратып, жігерлерін құм қылды. 2017 жылы ПСЖ клубынан 0:4 есебімен ұтылып, қарымта матчта 6:1 есебімен жеңіп, бүкіл әлемді таң қалдырған. Бірақ ширек финалда "Ювентусқа" жол берген (0:0 және 0:3).

Былтыр "Рома" клубын өз алаңында 4:1 есебімен үстем түсіп, түзде 0:3 есебімен ойсырай ұтылған. Жалпы есеп 4:4 болса да, қарсыласы түзде соққан добының арқасында жартылай финалға шыққан. Ал биылғысы – мынау. "Ливерпуль" жігіттерінен 0:4 есебімен күйрей ұтылып отыр.

Чемпиондар лигасы. Жартылай финал. Қарымта матч

"Ливерпуль" – "Барселона" – 4:0 (бірінші ойын – 0:3)

Голдар: Ориги, 7. Вейналдум, 54. Вейналдум, 56. Ориги, 79.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу