ЕО Қытайдың "Жаңа жібек жолы" бастамасына қарсы азиялық стратегиясын іске қоспақ

5261

Бейжіңнің "Бір белдеу, бір жол" бастамасына балама болуды көздеген еуропалық жоспар Азия елдерін қарызға батырмауға уәде беріп отыр.

ЕО Қытайдың "Жаңа жібек жолы" бастамасына қарсы азиялық стратегиясын іске қоспақ

Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" инфрақұрылымдық жобасына күмән күшейіп келе жатқан сәтте, Еуропа одағы Азия үшін альтернативтік жоспарын іске қосып жатыр. Брюссельдің мәлімдеуінше, бұл жоба Азия елдерінің мойнына өтей алмайтын қарызбен салмақ түсірмек емес.

Әлем ақпарат құралдарының мәліметінше, қазір Еуропа одағы мемлекеттері "Азия байланыс стратегиясы" деп аталатын келісімге қол қоюға жақын. Еуропалық  жоспардың мақсаты – Азияда қоршаған орта мен еңбек стандарттарын ілгерілете отырып, көліктік, сандық, энергетикалық байланыстарды жақсарту. Осы мәселені талқылау үшін келесі айда Еуропа-Азия саммиті өтеді.

Брюссельдің ескертуінше, бұл схема басқа ойыншыларға қарсы ұйымдастырылып отырған жоқ. Дегенмен "Франс пресстің" хабарлауынша, Еуропа одағының жаңа азиялық стратегиясы Бейжіңнің әлемде теміржолдар, автомагистральдар, порттар, салуға бағытталған "Жаңа Жібек Жолы" бастамасынан шырай кете бастағанда іске қосылып жатыр.

Еуропа одағының сыртқы саясат комиссары Федерика Могеринидің айтуынша, "еуропалық жолға қызығушылық білдірген" азиялық елдермен бірнеше айдан бері осы жоспар жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.

"Біздің бастамамыз жергілікті қауым үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық өсім мен кіріс әкелуді көздейді. Ол өзге ұсыныстардан ерекше ме, мұны айта алмаймын. Дегенмен бұл – біздің ұсынысымыз", – деді Федерика Могерини жақында журналистермен өткен брифингте.

Таяуда Еуропа комиссиясының президенті Жан-Клод Юнкер АҚШ президенті Дональд Трамптың "Ең алдымен Америка" саясатын ғана емес, Қытайдың Африка мен Азия істеріне белсенді қатысуын ескере отырып, Еуропа одағының сыртқы саясатын экономиканы нығайтуға бағыттауға шақырды. Содан кейін Брюссельдің Азиялық стратегиясы ашық жариялана бастады.

Нидерландының Клингендал институтының Еуропа одағы-Азия қатынастары жөніндегі сарапшысы Маайке Окано-Хейджманстің ойынша, бұл стратегияны қолға алу – одақ үшін өте маңызды қадам. Айта кетсек, кейінгі кездері ЕО лидерлері Қытайдың "жұмсақ күшіне" баяу жауап береді деп жиі сынға ұшырап жүр.

"Біз оларды келешекке көз жеткізе алмады деп айыптай алмаймыз. Бұл жоспарды кейбір елдерге қалай балама қыламыз?  Өйткені оған мол қаражат керек. Әйтпесе Қытайдың ақшасына ешкім қарсы тұра алмайды", – дейді Окано-Хейджманс.

Осы айдың басында Қытай президенті Си Цзиньпин мәлімдегендей, оның елінің "Бір белдеу, бір жол" бастамасына қатысып жатқан мемлекеттермен арадағы саудасының көлемі 5 триллион долларға өсіп, тікелей инвестиция 60 миллиард доллардан асқан.

Қарыз және сандық қауіп
Еуропа одағының Азия стратегиясының мән-жайы толық белгісіз. Сонымен қатар, оны қаржыландыру жолдары да әлі қарастырылып жатыр. Бір анығы - бұл жоспар "жоғары экологиялық және әлеуметтік стандарттардың" және "инфрақұрылымдық жобалардағы қаржылық тұрақтылықтың" маңыздылығына ерекше мән бермек. 

Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасы 2013 жылы іске қосылды. Кейінгі кездері Бейжіңнің бұл жоба аясындағы "жомарттығы" кейбір елдерді "қарыз қармағына" түсірді деген пікір айтыла бастады. Сондықтан Брюссель өз жоспарын жүзеге асырарда мұндай сынға ұшырамауға күш салмақ.

Бір мысал: Шри-Ланка Қытайдан алған 1,4 млрд доллар заемын қайтара алмағандықтан, өзінің стратегиялық портын Бейжіңге 99 жылға жалға беруге мәжбүр болды. Ал Малайзия Қытай қолдаған үш жобаны доғаратынын мәлімдеп отыр. Солардың қатарында 120 млрд долларға бағаланған теміржол құрылысы бар. Бейжіңнен ақша алуға бұрын құлшынып тұратын Пәкістан болса, өзінің қарыз өтейтін мүмкіндігіне күмән келтіре отырып,  шетелдік несие мәселесінде бұдан былай ашықтыққа ерекше назар аудармақ. 

Бүгінде киберқауіпсіздік әлем елдері үшін зор маңызға ие болып отыр. Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының Еуропа және Азия бағдарламасының өкілі Филипп Ле Корренің ойынша, Еуропа одағының ашықтық туралы талабы Қытайдың "сандық Жібек жолына" қатысудан әлдеқайда тартымды болуы мүмкін.

"Бұл Қытайдың телекоммуникациялық компанияларына өзге елдерде инфрақұрылым салуға мүмкіндік беріп, өзінің порталдары мен e-commerce платформаларына  және басқа да сандық ресурстарына кіруге рұқсат етеді.

Кейбір мемлекеттер түсініп отыр: барлық жұмыртқаны бір себетке салу жақсылыққа апармайды және де ақпарат пен технологияны бақылауда Қытай империясына тәуелді болу үлкен қауіп", – дейді Ле Корре.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу