Қазақстан қарқынды өрлеуге мүмкіндік алып отыр. Елбасы айтқанындай, республикамыз дамыған елдерді қуып жетіп, қатарына қосылуы үшін жалпы ішкі өніміміз (ЖІӨ) жыл сайын кем дегенде 5 пайыздап өсіп отыруға тиіс. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов алдын ала деректер бойынша 2017 жылғы I тоқсанда еліміздің ЖІӨ-сі 3%-ға өскенін мәлімдеді. Салыстыру үшін айталық: былтырғы жылғы бастапқы үш айда Қазақстанның ЖІӨ-сі керісінше, 0,1%-ға төмендеген-тін. Кейін үкімет әупірімдеп жүріп, жыл соңында символикалық 1 пайыздық өсімге зорға қол жеткізген.
Енді еліміз жаңа жылды жігерлі бастап отыр: бірден үш пайыздық өсім тіркелгенін осының алдында үкімет басшысы ел басшылығына хабарлаған. Экономика өсуінің драйверлері, ілгері сүйреушілері ретінде "өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы" аталды.
Сонымен бірге премьердің "әттеген-айы" да бар болып шықты. Оның айтуынша, егер министрлер өздеріне жүктелген барлық көрсеткіш-индикаторларды орындағанда, өсім 3 емес, 3,55 пайыз болатын еді. Яғни, "армандағы" көркем көрсеткішке қол созым жақындайтын. Бірақ ол болмады. Ал көркем көрсеткіш жолында кері тартқандар бәрін әзілге айналдырып, айыптарын жуып-шайды.
Айтқандай, бүгінгі үкімет отырысы барысында алғаш рет министрліктердің басшылары үкімет жетекшісіне "экономика өсімінің мақсатты индикатор-көрсеткіштерінің орындалу барысы" туралы есеп берді. Ол есептер биылғы жылдың 1 тоқсанын қамтыды.
Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрлерінің баяндамаларын тыңдаған соң, Бақытжан Сағынтаев 24 мақсатты көрсеткіштердің 9-ы бойынша артта қалу байқалып отырғанын қынжыла жеткізді.
Мәселен, туризм саласындағы экономикалық даму бойынша индикаторлар орындалмай қалыпты. Оған түсініктеме берген мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдени орындарға жұртшылықтың көп баруына сол мекемелер басшыларының маркетинг пен басқарудағы біліксіздігін емес, табиғаттың өзін "кінәлады" және қазақстандықтарды суықтан қорқады деп салды.
"Бірінші тоқсан қаңтар, ақпан, наурыздан тұрады. Туризм саласында әрине, қызу маусым – жаз бен күз. Біз жыл соңында барлық көрсеткіштерге шығамыз. Екіншіден, Бақытжан Әбдірұлы, театрларға, музейлерге, кітапханаларға, ботаникалық бақтарға және басқаларына жұртшылықтың келуі көлемі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілмеді. Біз индикатор дегендерге қарсы емеспіз. Бірақ қаңтар-наурыз аралығында парктердегі аттракциондарға, зоопарктерге, ботаникалық бақтарға бару өте қиын. Суық қой!" – деп ақталды ол.
"Жазда – ыстық, қыста суық дейсің. Сонда не істейміз?" – деп қысыла күлімсіреді Бақытжан Сағынтаев.
"Біз әрине, қыста да зоопарктерге, ботаникалық бақтарға және басқаларына барғызуға тырысамыз, бірақ бұл өте қиын" – деп бас шайқады мәдениет министрі. Рас, дәл зоологиялық және ботаникалық бақтарға "тіреліп" тұрған әрі жұрт (студенттер, оқушылар, бюджетке күні қарағандар, басқалар) қыста жаппай соларға барсын деген де нұсқау жоқ. Басқа да жабық шатыр астындағы, жылы ғимарат ішіндегі мәдени орындар жеткілікті. Бірақ олар жұртты қызықтыра алмайды. Сондықтан премьер мұндай күлкі күл екенін нықтады.
"Күлеміз, дұрысы – жұмыс жасау керек. Мемлекет басшысы бес пайыздап өсу туралы міндет қойды, орындалуын күтіп отыр. Жұмыс жасаңдар, нәтиже беріңдер! Біз сіздер әдемі цифрларды сызуларыңыз үшін көрсеткішті соның ыңғайына өзгерте алмаймыз. Егер үнемі әдістеменің дұрыс еместігіне, статистикалық есептемелерге, табиғатқа сілтеме жасай беретін болсаңыздар, біз ешқашан қойылған міндетті шешпейміз", – деді үкімет басшысы.
Ол тағы бір жайтқа екпін түсірді:
"Сарапшылардың бағалауынша, мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген салалар мен қызмет түрлері бойынша экономиканың қосымша өсімі 0,55 пайызға жетуі мүмкін еді. Экономика өсімін қамтамасыз етуде резервтер барлығын дәлелдейді. Біз көрсеткіштер бойынша талдау тәжірибесін алғаш рет енгізіп отырмыз. Және ары қарай жалғастырамыз. Ешқандай сылтау айтпаңыздар, бізге нәтиже керек. Мемлекет басшысы орташа мерзімдік перспективада экономиканың 5%-дық өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан, министрлерге әрбір көрсеткіштің орындалуы үшін жеке жауапкершілік жүктелетіндігін қадап айтамын" – деп жүзін суыта түсті Бақытжан Сағынтаев.
Ол салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына мақсатты өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды. Ал олардың үстінен бақылап, осы бағыттың іске асуын қадағалау үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасы қарқынды даму жолына шығу үшін қажетті шарттар түзіліп жатқанын қуана жеткізді. Атап айтқанда, жыл басынан бері біздің негізгі сауда әріптестеріміз Еуроодақ елдерінің тұтынушылық және өндірістік белсенділігі артқан, Қытай мен Ресей экономикалары қалпына келе бастаған.
"Қазақстан экономикасы үшін 2016 жылғы I жартыжылдықта ерекше қатты сезілген шикізат тауарлары бағасының төмендеуі, сауда әріптестері экономикаларының стагнациясы сияқты теріс сыртқы тәуекелдер бүгінде толығымен сейілді. Мұнай бағасы жыл басынан бері барреліне 54,1 АҚШ доллары деңгейінде тұрақтады. Металдар 5,2%-ға ұлғайды. Ресей экономикасы ұзақ уақыт бойы қысқарудан кейін болжамдар бойынша ағымдағы жылы 1,1%-ға, Қытай экономикасы 6,5%-ға өседі. Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасының жаңа сыртқы жағдайларға бейімделу кезеңінің аяқталғанын және қалпына келіп өсу траекториясына енгенін атап өтуге болады" – деп мәлім етті бас экономист Тимур Сүлейменов.
Сонымен бірге қаржы министрі Бақыт Сұлтанов шенеуніктердің қаржылық тәртібі нашарлай түскенін ашық айтты.
Оның мәліметінше, биылғы І тоқсанда мемлекеттік бюджет шығыстары 97%-ға орындалды. Республикалық бюджеттің орындалуы жергілікті бюджеттерден жоғары, яғни 98% болды. Өңірлер бюджеттері 97%-ке атқарылды.
"Республикалық бюджет шығыстары 2 триллион 065 млрд теңгені құрады. Шығыстардың басымдығы – әлеуметтік сала болып табылады. Үлесі 44%-ды құрады. Бюджеттің ірі шығыны дағдарысқа қарсы шаралар ретінде экономиканың нақты секторларын дамытуға бағытталды. Бұл бағытқа 245 миллиард теңге қаражат бөлінді, яғни 2016 жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда 159%-ға өсті", – деді Бақыт Сұлтанов.
Ол 47 миллиард теңгенің игерілмегенін хабарлады:
"Бұл 2016 жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда 2 есеге аз болса да, қомақты сома. Игерілмеудің негізгі себептері нормативтік құқықтық актілерді дер кезінде қабылдамау, конкурстық рәсімдерді уақытылы өткізбеу, жұмыс кестесінен кешігу болып табылады. Жергілікті бюджеттердің шығыстарынан 27 млрд теңге орындалмады. Өңірлердің шоттарындағы қалдықтар 339 млрд теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есе – 135 млрд теңгеге өсті. Өсу барлық өңірлерде орын алды. Бұл жергілікті жерлерде қаражатты тиімсіз басқаруды және жоспарлаудың сапасы төмендегенін көрсетеді", – деді қаржы министрі.
Ол әкімқаралар мен шенеуніктердің бір "қулығын" қынжыла баяндады: жоспарды орындау бойынша көрсеткіштерін көркем ету үшін олар жоспарларын төмен етіп көрсетеді екен. Нәтижесінде белсенділік төмен болады, экономиканың дамуы үлкен қарқын ала алмайды, жоспардан артық түскен қаржы босқа жатып қалады. Екі ортада бюджетті бекіту кезінде қаржы сұраған және қолдауға зәру әлеуметтік нысандар мен бизнес орта зардап шегеді. Өйткені кіріс бойынша жоспар мен болжам неғұрлым аз бекітілсе, оларға да қаражат соғұрлым аз бөлінеді.
"Биылғы жылдың 1 тоқсанының жоспарына қарасақ, барлық өңірлердің кірістерінің жоспары былтырғы жылдағыдан төмен бекітілгенін байқауға болады. Жалпы, жергілікті бюджеттерге 2016 жылғы 1 тоқсанында 437 млрд теңге түссе, ал биылғы жоспар 404 млрд теңге ғана. Ақыр соңында артығымен түскен 136 млрд теңге 1 тоқсанда экономикаға өзінің оң ықпалын тигізе алмай, қазынашылық шотта жұмыс істемей жатып қалды. Сондықтан осы мәселеге жергілікті атқарушы органдар көбірек мән беру қажет деп ойлаймын, – деп күрсінді министр Бақыт Сұлтанов.
Ол сонымен бірге үкімет жетекшісінің де көңіл-күйін түсірді:
"Құрметті, Бақытжан Әбдірұлы! Қаржыландыру жоспарын түзету туралы сіздің тапсырмаңыз сапасыз орындалды, – деп ашығын айтты премьерге қайырылған қаржы министрі. – Мемлекеттік органдардың өтініштері бойынша жылдың аяғынан бірінші жартыжылдыққа жоспарлардың тек қана 1,7 млрд теңгесі ауыстырылды. Жылдық жоспардың 70%-ы, яғни 224 млрд теңгесі әлі күнге екінші жартыжылдықта қалып отыр. Олардың 130 млрд теңгесі инвестициялар және даму, 44 млрд теңгесі білім және ғылым, 46 млрд теңгесі ұлттық экономика министрліктеріне тиесілі".
Бұдан бұрын Бақытжан Сағынтаев қаржыны жылдың басында игеруді жүктеген болатын, әйтпесе, игерудің негізгі бөлігі жылдың екінші жартысына қалады да, жыл аяқталуға таяғанда әкімдер мен министрлер ел қаржысын әрі-бері лақтыруға кіріседі. Кейбір өңірлерде мысалы, орта және шағын бизнесмендерді игерілмеген қаржыны қажеті болмаса да, кредит ретінде рәсімдеуге қыстағанын ақпарат құралдары жазды.
Қаржы министрлігінің аудиторлары жыл басынан бері бюджеттен бет алған 361 млрд теңгенің "тағдыры не болғанын" тексеріпті. Білгендері тағы да төбе шашты тік тұрғызған: 204,6 миллиард теңге сомасында бұзушылықтар анықталыпты. Рас, әшкере болып қалғаннан кейін шенділер оның 74%-ын жедел түрде қалпына келтіріпті.
Аудиторлар жалпы ауқымы 2,9 триллион теңге шығындалған 229 мың мемлекеттік сатып алу рәсімдерін де бақылаумен қамти алған. 250 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталыпты! "Оның ішінде 213 млрд теңгеге түскен қателіктерін мемлекеттік органдар дер кезінде өздері түзетті" деп қорытты сөзін министр Бақыт Сұлтанов.
Дағдарыс қысып, әр теңге санаулы болғанда да миллиардтарды қарпып, арандары ашыла түскендер енді ел экономикасы қарқынды дамуға көшіп, қаржы тасқыны артқанда не істейді?
Қарапайым қазақстандықтарға тек ауыз ашып, көзді жұмып, бас шайқай бақылау қалады.
Бақыт Көмекбайұлы