Ет бойынша "донорлар" мен "дотациялық" өңірлер белгілі болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3156

Ұлттық валютаның құнсыздануынан гөрі, еттің қымбаттағаны елдің қабырғасына көбірек батып отыр.

Ет бойынша "донорлар" мен "дотациялық" өңірлер белгілі болды

Сарапшылардың айтуынша, "жесең тіске, жемесең түске кіретін" өнім үшін қазақстандықтарға барған сайын көп шығын шығаруларына тура келуде. Өйткені ет – басқа азық-түлік өнімдеріне қарағанда жылдамырақ қарқынмен қымбаттауда. Оның бағаларының жылдық шамадағы өсімі 8-10%-ға дейін жетті. Салыстыру үшін айталық, өзге тамақ өнімдерінің құны орташа есеппен тек 5,5%-ға көтерілген.

Еnergyprom агенттігі мамандарының есептеуінше, сиыр еті бәрінен көп баға өсімін көрсетіп отыр: жыл басынан бері бірден 9,9%-ға қымбат бола түсті. Қазір оның сүйек-саяғын қоса алғандағы әр келісінің еліміз бойынша орташа бағасы 1481 теңгені құрайды.

Одан "Шопан ата" түлегі де қалысар емес: қой етінің бағасы 9%-ға өсті. Ол үшін елімізде орташа есеппен әр келісіне 1390,1 теңге сұралады.

Қазақ елінің нарығында "талпақ танау" да бұл болды. Әнеу жылдары әр келісі небары бес жүз теңге ғана тұрып, арзанқол саналған шошқа еті көрші Ресей нарығынан орын тапқалы бері бағасы шарықтай жөнелді: қазір тағы 8,8%-ға артып, келісі 1254,3 теңгеге жетті.

Дегенмен, ең бағалысы қазақ елінде, әрине, жылқы еті екені даусыз. Қынжылтатыны сол, оның онсыз да жоғары құны еш тоқтаусыз өсіп барады. Биыл тағы 8%-ға қымбаттады. Сөйтіп, ет-сүйегі аралас келісінің еліміз бойынша орташа құны 1619,9 теңгеден асты. 

Содан бұқара халық амалсыз, өз назарын тауыққа аударуда. Бұл жануарлар, ғалымдардың сендіруінше, кезіндегі динозаврлардың тұқымы көрінеді. ДНК-сы ұқсас екен. Болса болар. Бірақ олардың қазіргі "ұрпағында" мардымды ет те қалмаған. Дегенмен, сарапшылар былтырдан бері бағасы өзгеріссіз қалғандықтан, оған сұраныстың артып жатқанын мәлімдейді. Нақтырақ айтсақ, тауық етінің бағасы бар-жоғы 0,4%-ға өзгеріп, өсті. Бүгінде орташа республикалық баға бір келісі үшін 745 теңгеге дейін барады. Өңірлерде негізінен, бұдан әлдеқайда арзан.

Осы орайда медицина мамандары тілімен айтқанда, ет саласындағы қымбатшылықты "динамикада байқауға" мүмкіндік бар. "Зеңгі баба" түлегінің еті 2014 жылы – 1182 теңге, 2015 жылы – 1178, 2016 жылы – 1176, 2017 жылы – 1348, ал биылғы үш ай нәтижесінде 1481 теңге тұрды.

"Шопан ата" түлегі етінің бағасы 2014 жылы 1173, 2015 жылы – 1166, 2016 жылы – 1172, 2017 жылы – 1275, ал биыл 1390,1 теңге болды.

"Қамбар ата" түлегінің еті 2014 жылы 1372, 2015 жылы – 1391, 2016 жылы – 1415, 2017 жылы 1500 болса, ал осы жыл басынан бері 1619,9 теңгеге жетті. 

Тауық етінің құны 2014 жылғы 544 теңгеден 2018 жылы 745 теңгеге дейін көтеріліпті. 

Бұл ретте халқымызда қазіргі ең танымал сиыр және қой еті әсіресе, астаналық етқұмар қауымның қалтасын көбірек қағуда. Бас қалада орташа алғанда бұлардың бағасы тиісінше 1720 және 1666 теңгеге дейін қымбаттады. 

Ең қымбат жылқы еті Қарағанды қаласында, онда орташа есеппен әр келісіне 1841 теңге сұрайды.

"Талпақ танау" етіне ең жоғарғы баға Жезқазған қаласында сұралады: әр келісі үшін – 1463 теңге.

Тауық бағасы Атырауда "рекорд" соғып тұр: осы құс етінің әр келісі қалада 890 теңгеге дейін пұлданатын көрінеді.

Алайда ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қымбатшылық қайнары – тапшылық және шетелге экспорт емес. Елімізде ет өндірісі артып келеді. Биылғы екі ай қорытындысында Қазақстанда 41 мың тонна ет әзірленген. Сөйтіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен бірден 12,8%-ға ұлғайды.

Етті Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары көп өндіруде. Жалпы 41 мың тоннаның жартысынан көбін, 24 мың тоннасын осы үш өңір өндірді.

Олардан кейінгі орындарда 3,6 мың тонна ет өндірісі көлемімен Оңтүстік Қазақстан облысы, 3,2 мың тоннамен – Ақтөбе, 2,5 мың тоннасымен – Қостанай, 2,1 мың тоннасымен – Қарағанды, 1,6 мың тоннамен Павлодар облыстары жайғасты. Бұлардың біразы еліміздің "ет доноры" болып табылады.

Екі ортада әрқайсысы 1,2 мың тонна көрсеткішімен Жамбыл облысы және Алматы қаласы орналасқан.

Қалған өңірлердің, соның ішінде Астананың ет өндірісі көрсеткіштері 1 мың тоннаға да жетпейді. Яғни, тұтынатыны өндіретінінен асып түседі. Бұлар ет жөнінен "дотациялық" аймаққа айналып отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу