Ет – жегенге оңай, мал – баққанға қиын

Қазақстан аграрлы мемлекет болғанымен елдің ішкі нарығын ауыл шаруашылығы өнімімен толықтай қамтып отырған жоқ.

Ет – жегенге оңай, мал – баққанға қиын

Ет дегенде... шекара бар ма?
Дерек бойынша  елімізге 2017 жылы шетелде өндірілген 210 000 тонна ет импортталған. Өкініштісі, бұл сұраныс жыл сайын артып келеді. Осы 2017 жылы сырттан кірген ет өнімі арғы жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға өскен. Шекара асып келген ет өнімдерінің үлесін сиыр, қой және тауық еті құрады. Қазақстанға "тауық сирағын" экспорттауда Америка топ жарып тұр. Нарықтағы АҚШ тауық өнімдерінің үлесі 70 пайызға дейін жеткен. Ал сауда сөрелеріндегі сиыр еті мен оның өнімдерін Беларусь, Ресей, Аустралия, Парагвай, Бразилия, Польша мемлекетінде жасалған тауар құрады. 2017 жылы бұл елдерден 23 000 тонна сиыр еті Қазақстанға жеткізілген. Осы жылы 1 000 тоннаға жуық қой еті қазақтың қазанында қайнаған болса, оның 90 пайызға жуығы Аустралиядан келген импорт екен.

Рас, отандық агроөнеркәсіп кешені қол қуысырып қарап отырған жоқ. Елімізде ішкі нарықты қойып, ет экспорттайтын дәстүр қалыптасты. Қазір барлық облыс бойынша жекелеген шаруашылықтар арысы Араб әмірліктері, Иран, Еуропа, Қытай елдеріне, берісі ТМД нарығына ет және ет өнімдерін жөнелтеді. Алайда, бұл көрсеткіш сырттан келетін импорт пен ішкі нарықтағы сұранысқа шаққанда "теңізге тамған тамшыдай" ғана. Әсіресе, ішкі нарық отандық өнімге зәру. Мысалға, 2018 жылы Қазақстанда 41 мың тонна ет дайындалған. Оның денін аймақтар арасында Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының шаруалары өндірген. Осы екі облыс ішкі нарыққа 24 000 тоннаға дейін дайын ет беріпті. Бұл Алматы мен Шығыс өңірінде аграрлық салаға, оның ішінде етті бағыттағы мал басын көбейту жұмыстарына лайықты көңіл бөлгенін көрсетеді.

Жетісуда өндірілген етті кім жейді?
Өткен жылы Алматы облысында мал басы мен одан алынатын өнім мөлшері  орта есеппен алғанда 3,7 пайызға артты. Жетісуда өндірілген еттің 1 000 тоннасы экспортқа шығарылған. Негізгі тұтынушы іргедегі Қытай нарығы. Жалпы, өзі де ет өндірісі арқылы әлемді игеріп отырған Қытайдың ішкі нарығында Алматы облысында жасалған еттің сұранысқа ие болуы таңғаларлық. Демек, Қазақстанда өндірілген еттің сапасы өте жоғары және табиғи жағдайда өскен мал еті болғандықтан сыртқы нарықтағы бәсі артып тұр. Яғни, Жетісуда өндірілген етке деген сұраныс көбеймесе, азаймайтыны анық.

"Осы мақсатта Алматы облысында жалпы қуаты 91 мың тонналық 5 ет комбинатының құрылысы жүрзігілуде. Атап айтқанда, 8 мың тонналық "Империя Фуд", әрқайсысы 16 мың тонналық "ЛунюаньЖетісу" және "Қайыңды", 21 мың тонналық "Inalca" және 30 мың тонналық қуаттағы "Бауман"-ды атап өтуге болады. Қазір аймақта 92 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы сиыр етін өндіру 7 пайызға артты, 1 000 тонна ет экспортталды", – дейді  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Ет тәтті, еңбегі қатты
Жалпы, Алматы облысының шаруалары ет өндірісін дамытудың пайдасы мол екенін енді ұғынғандай. Қазір аймақттың бірнеше ауданында таза етті бағыттағы мал өсіру жолға қойылған. Шаруалар шығыны аз, өнімі мол мал тұқымын таңдауда. Мұның бірнеше игілігі бар: біріншіден, шет елден асыл тұқымды мал сатып алуға үкімет жеңілдетілген несие береді, екіншіден, асыл тұқымды малдың төлі мен алынған ет өнімі тағы да субсидияланады, үшіншіден, асыл тұқымды мал етінің салмағы жоғары.

"Бүгінде біздің облыста ағылшын елінде өсірілетін "Абердин Ангус" тұқымды сиырдың басы көбейіп келеді. Өйткені, бұл тұқымды өсірудің шығыны аз, пайдасы мол болып отыр. "Абердин Ангус" сиырларының тірі салмағы 500-700 келі тартады. Ал 15-16 ай бағымда болған жас мал 700 келіден 1000 келіге дейін таза ет береді", – дейді Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Саят Сақмолдин.

Мысалға, Текелі қаласындағы "Аян" шаруа қожалығы мал шаруашылығын дамытуды қолға алғалы көп болған жоқ. Шаруашылық кілең асылды тұқымды мал өсіреді. Ал өндірген дайын ет өнімімен Текелі қаласын ғана емес, Талдықорған қаласын да қамтып отыр. Мемлекет шаруаның бұл бағыттағы жұмысын ынталандырып, шығындарды 13,5 млн теңгеге дейін субсидиялап, өтеп береді екен. Панфилов ауданында да асыл тұқымды мал басы көбейіп келеді. Бүгінде өңірде  17 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. "Сыбаға" бағдарламасының арқасында 96 млн теңгеге Ресейдің Астрахань облысынан 217 бас "Қалмақ" тұқымды сиыр әкелінген. Жалпы "ҚазАгроқаржы" компаниясы Панфилов ауданы бойынша ауыл шаруашылығын  қолдауға 258,5 млн теңгеге несие беріпті.

Ал Кеген ауданындағы "Жаңа Ақтасты" ЖШС – "КазМясо" компаниялар тобына кіретін ірі шаруашылық. Қазір шаруашылықтың мал бордақылау алаңдарында 6000 бас асыл тұқымды ірі қара жемге байланған. Компания осы мақсатта 1,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салған. 

"Шаруашылықтың базасына Кеген ауданының Ақтасты ауылындағы репродуктор мен 6000 басқа арналған бордақылау алаңы, Саты ауылындағы 100 бас "Көшім" жылқысы мен 400 меринос қойын өсіріп отырған 600 басқа арналған репродуктор және Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылында бордақылау алаңдары кіреді. Жақында тəулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдейтін кәсіпорын құрылысы аяқталып, іске қосылады", – дейді "Жаңа Ақтасты" серіктестігінің директоры Жарылқасын Адасбаев.

Айтпақшы, мәлімет бойынша Қазақстанда өндірілген мал етінің 43 пайызын ауылдардағы шағын шаруа қожалықтары береді. Тағы бір дерек, Алматы мен Астана қаласындағы мейрамхана, асхана бизнесінің жылдық ет тұтыну көлемі де 43 пайызға тең екен. 

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу