Еуропадан 10 құрама чемпион болудан үмітті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3388

Футболдан ХХІ әлем чемпионатында плей-офф сатысына шыққан 16 үздік құрама анықталып, 1/8-финалында кездесетін командалар жұбы түзілді.

Еуропадан 10 құрама чемпион болудан үмітті

ХХІ әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталып, бүкіләлемдік біріншілікте додаға түскен құрама командалардың тең жартысы үйлеріне қайтты. Ал 16 ұжым 1/8-финалында бақ сынау құқығына ие болды. Бір қызығы, еліне ерте қайтқан командалардың арасында әлемнің төрт дүркін чемпионы Германия құрамасы да бар. Мақтаулы "Неміс мәшинесі" бұл жолы сенім үдесінен шыға алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты.

Биылғы әлем чемпионатының енді бір әттеген-айы, плей-офф сатысына Африканың бірде-бір командасының шыға алмауы болды. "Қарақұрлықтан" барған бес елдің (Нигерия, Мысыр, Марокко, Сенегал, Тунис) ұлттық құрамалары топтық кезеңнен аса алмады. Ешқайсысы да 1/8-финалына шыға алмады. Осы ретте, плей-офф сатысына әр құрлықтан шыққан командаларды тізіп шыққанымыз артық болмас:

Еуропа (Әлем чемпионатына барған 14 құраманың 10-ы 1/8-финалына шықты) – Франция, Хорватия, Бельгия, Англия, Испания, Португалия, Швеция, Швейцария, Дания және Ресей;

Оңтүстік Америка (5/4) – Бразилия, Уругвай, Аргентина, Колумбия;

Азия (5/1) – Жапония;

Солтүстік және Орталық Америка (3/1) – Мексика;

Африка – (5/0).

Осы 16 құраманың "қайсысы чемпион болады" деп сәуегейлік жасамай-ақ қояйық. Оны жарты айдан кейін көре жатармыз. Әйтсе де, Уругвай, Хорватия және Бельгия құрамаларының қарқындары адам қызығарлықтай екендігін айта кету – ләзім. Бұл үшеуі топтық кезеңдегі ойындарының бәрін де жеңіске жетті. Англия, Франция, Швеция, Мексика және Колумбия құрамаларының да ойын өрнектері көпшілік көңілінен шықты. Испания мен Португалия енді көсіле сілтейтін шығар, өз мүмкіндіктерін әлі толық паш еткен жоқ. Бразилия да енді екпін ала бастағандай. Ал Аргентина құрамасы плей-офф сатысына әупіріммен шықты...

Бірақ бұл – топтық кезең ғана. Кейде, алғашқы ойындарын аса жоғары қарқында өткізе алмағандар, бірте-бірте екпін алып, шешуші кезеңде қамшыны басады. Жеңілатлеттер тілімен айтсақ, биыл да "стайерлер" (яғни алысқа шабатындар) орындарынан ауыр (әзер) қозғалды. Ал "спринтерлер" (қысқа қашықтық шеберлері) бірден жарқырап көзге түсті. "Стайерлер", яғни жүлдеден үміттілер спорттық баптарының шыңына плей-офф сатысында шығулары бек мүмкін. Ал оған дейін "спринтерлердің" өкпелері өшіп қалуы да ықтимал.

Қалай десек те, қызықтың бәрі – алда. Енді әр ойынның маңызы зор, жауапкершілік жүгі арта түседі. Себебі, ұтылған команда үйіне қайтады. Тек жеңіске жеткендері ширек финалға, олдан кейін жартылай финалға, ең соңында финалға шығады. Алайда жартыла финалда ұтылғандар үшінші орынды сарапқа салу құқығына ие болады.

Енді ХХІ әлем чемпионатының 1/8-финалында кездесетін командалар жұбы мен плей-офф сатысының сұлбасына көз жүгіртіңіздер:

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу