Фермерлер кәсіби кеңеске мұқтаж

5863

Қазақстан фермерлері 100 млн адамды асырап отыр. 

Фермерлер кәсіби кеңеске мұқтаж

Өткен жылы елімізде өсімдік өсіруші фермерлердің мүддесін қорғайтын "Қазақстан егіншілер одағы" атты жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі құрылған. Фермерлер мен сарапшылар бас қосқан конференцияда бірлестік мамандары мен одаққа мүше фермерлер егін шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылады.

Егіншілер одағының жауапты хатшысы Сандуғаш Есболатова өсімдік өсіру саласындағы фермерлерді мазалап жүрген өзекті мәселелерге тоқталды.

"Өсімдік өсіру – ауыл шаруашылығындағы ең жылдам өсіп келе жатқан үлкен сала. Диқандар Қазақстанды ғана емес, бірқатар шет мемлекетті де азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ та олардың жұмысында қиындықтар да баршылық. Олай айту себебім, егіншілер еңбегі әділ бағаланып отырған жоқ. Өйткені арада алыпсатарлар көп. Тағы бір мәселе, фермерлердің басының қосылмауы. Бір-біріне қателіктерін айтып, жетістіктерімен бөлісетін алаң жоқ. Ешкім фермерлердің шаруашылығына талдау жасап, қателіктерін көрсетіп, жұмысын жетілдіру жөнінде кеңес бермейді. Ал Қазақстанның егіншілер бірлестігі жинақтаған білімін фермерлерге жеткізіп отырады", – деді.

Оның айтуынша, бірлестік шаруалар мүддесін билік органдарында қорғайды, сондай-ақ, фермерлерді ақпараттық кеңес беруші қызметке қосып, интернет ресурсына жүктелген арнайы аналитиканы ұсынады және өсімдік өнімдері нарығында болып жатқан жаңалықтардан хабардар етеді.

Қазақстандағы астық және майлы өсімдіктер нарығын зерттеу бюросының директоры Виктор Асланов егіншілер одағының қызметі мен мақсаты жайлы айтып берді.

"Елімізде нәтижелі жұмыс істейтін аграрлық саланың бизнесмендерін қалыптастыру ойымызда бар. Біреулер бізді шаруа, фермер десе, енді бірі "колхозшы" дейді. Мақсатымыз – азаматтар санасына "агробизнесмен" ұғымын енгізу. Яғни, аграрлық салада еңбек етуші адам нәтижелі, адал еңбек етіп, өсірген өнімін әділ бағаға сатуына септігімізді тигізгіміз келеді. Әзірге бірлестікке 350 мың гектар аумаққа орналасқан 22 шаруашылық кіріп отыр. Биыл бір жыл бойы осы саланы зерттедік. Келесі жылдан бастап фермерлерді одаққа белсендірек шақыратын боламыз. Негізі, қызметімізді 4 млн гектар аумақты алып жатқан 250 фермерге ұсынуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, шалғайдағы фермерлердің мұң-мұқтажын, талап-тілегін билікке жылдам жеткізетін арадағы дәнекерші болмақ ниеттеміз", – деді зерттеу бюросының директоры.

Виктор Асланов қазіргі кезде ауыл шаруашылығы саласында жеке кәсіпкерлердің белсенді қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті.

"СҚО-да жеке кәсіпкерлердің 50%-ы, Қостанай облысында 34%-ы, Ақмола облысында 28%-ы өсімдік өсірумен шұғылдануда. Жалпы, Орталық Азия, Ауғанстан және т.б. елдерді санар болсақ, Қазақстан фермерлері 100 млн адамды асырап отыр. Бірқатар ел үшін Қазақстан – азық-түлік экспорттаушы ел. Бұл біздің игілігіміз, әрі жауапкершілігіміз", – деді ол.

Қарағанды облысына тиесілі шаруа қожалығының басшысы Павел Лущак Қазақстанда өсірілген өнімнің артықшылығына тоқталып өтті. 

"Топырақтың аз тыңайтылғаны қазіргі кезде біздің коммерциялық артықшылығымыз. Жеріміз әжептәуір таза. Дегенмен тыңайтқыштармен жұмыс істейміз, алайда оларды неғұрлым көп пайдалансаңыз, соғұрлым топырақтың өзіндік процестері бұзылып, табиғи бактериялары азаяды. Бір ауыз сөзбен мысал келтірейін, Еуропа елдері бізбен салыстырғанда тыңайтқыштарды сегіз есе, ал Қытай сексен есе көп пайдаланады. Сол себепті де Қытай біздің нарыққа қызығушылық танытып отыр. Қытайлық әріптестеріміз қазір 25 млн гектардан 130 млн тонна өнім алады. Бұл Қазақстанмен салыстырғанда 6-8  есе артық. Сол себепті олар біздің өнімді экологиялық тазалығы үшін сатып алады", –  деді агробизнесмен.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу