Геологияны "цифрландыру" қажет

2572

Жер қойнауын пайдаланушылар жаңа заң жобасын талқылады.

Геологияны "цифрландыру" қажет

"Майнекс-Орталық Азия-2017" VIII тау-кен өнеркәсібі форумы аясында Астанада ҚР жер қойнауы  және жер қойнауын пайдалану туралы кодексті талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оған салалық мекеме, жер қойнауын пайдаланушы-компания өкілдері, мәжіліс депутаттары және халықаралық сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстел "Теңгерімді мемлекеттік реттеу және технологиялық біліктілік – жер қойнауын табысты қолданудың негізі" атты тақырыпты темірқазық тұтты.

Талқылауды ашқан инвестиция және даму министрлігінің вице-министрі Тимур Тоқтабаев кодекс жобасы бойынша жұмыс толыққанды жүріп жатқанын, қоғамдық тыңдалым және аймақ әкімдіктерінде есептік кездесулер жүргізілгенін, сонымен бірге кодексті ЭЫДҰ сарапшылары, шетелдік инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылар да қарап шыққанын айтты. Сонымен қатар барлық ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, бүгінгі күні кодексті қабылдауға қатысты нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгертулер мен түзетулердің көлемі кодекстің өзінен 2 есе асып кеткенін жеткізді.

Барлығы нақты және түсінікті болу керек

ҚР Парламент мәжілісінің экология және табиғатты пайдалану комитетінің хатшысы Галина Баймаханова кодекстегі ресми мәлімделген принциптерді нақты мазмұнмен толықтыруды ұсынды.

"Жер қойнауын пайдаланушылардың адалдылығы болжанады (8-бап– автор еск.) деген нені білдіреді? Одан әрі қарай "Жер қойнауы – топырақ қабатынан төмен орналасқан, ал топырақ қабаты жоқ кезде – жер бетінен және теңіздердің, көлдердің, өзендердің және басқа да су айдындарының түбінен төмен орналасқан, геологиялық зерттеулер мен пайдалануға болатын тереңдікке дейін созылып жатқан жер қыртысының бөлігі" деп көрсетіледі. Сонда топырақ қабаты қайда кетті? Кодекс жобасын әзірлеушілерге кодекс жобасының түсінікті базасын қарастыратын терминологиялық сөздік  жасау  да ұсынылып отыр", – деді мәжіліс депутаты.

Содан кейін Галина Баймаханова бірнеше қоғамдық тыңдаулардан кейін кодекске қатысты жаңа сұрақтар туындағанын, оларды іс барысында ескертіп отыру қажет екенін айтты.  

Бұдан кейін ол жер қойнауын геологиялық картаға түсіру мәселесіне тоқталды.

"Бүгінгі күні геологиялық мәліметтер базасының сапасы бойынша Қазақстан 122 заң құзыреті ішінде 114-ші орында. Ал бұл көлемді картаға түсіруге көшудің қажет екенін көрсетеді. Қазіргі қолда бар геоақпараттық жүйелер бұл міндетке есептелмеген, сондықтан қосымша бағдарламалық ресурстарды әзірлеуді талап етеді.  Бізге жерді қашықтықтан бақылау материалдарын қолдану бағдарламасы қажет.  Мұндай міндетті геология өзі шеше алмасы анық. Геологияны "Цифрлы Қазақстан" ұлттық бағдарламасына енгізу қажет. Бұл қадам келешегі бар участкілерді және геологиялық барлауға жататын нысандарды анықтауға мүмкіндік береді сонымен қатар жер қойнауын пайдаланудағы көп тәуекелді азайтып, оның инвестициялық тартымдылығын арттырады", – деді Галина Баймаханова.

Артық қыламын деп тыртық қылмайық

Deutsche Gesellschaft fur Internationale Zusammenarbeit (GIZ) федералды кәсіпорнының "Дамытуға арналған минералдық ресурстар" бағдарламасының басшысы Давид Оберхубер жер қойнауын пайдаланудың көптеген шарттары – экологиялық стандарттар, тендерлік рәсімдер және тағы да басқа мәселелер ҚР қазіргі қолданыстағы заңнамасында көрсетілгенін баяндады. Бірақ заң келіссөз жүргізу арқылы қазыналық тәртіп, әлеуметтік міндет мәселелері бойынша келісімге қол жеткізуді талап етеді. Сонымен бірге келісімшарттың біршама ережелері заңнама ережелерінен басым болуы мүмкін.

"Көптеген дамыған елдерге тән тәжірибе инвесторларға арналған барлық талаптар заңда бекітілген, ал инвесторға тек лицензия беріледі. Заңнама инвестициялық жоба үшін шарт белгілеп, тараптарды нақты бекітілген құқықтармен және міндеттермен жүктеуі керек", – деп есептейді GIZ басшысы.

Сонымен бірге ол тек ұлттық үкімет пен іскери орта арасында ғана емес, сондай-ақ жергілікті деңгейде мүдделі тараптар арасында да коммуникацияны дамыту маңызды екенін айтты.

Оның айтып отырғаны дұрыс. Әрине Қазақстанда орталық биліктің шешіміне жергілікті белсенділер немесе аймақтық билік тосқауыл бола алмайды. Алайда халықаралық тәжірибеде мұндай жағдайлар бір емес, бірнеше рет болған кездер кездескен.

Мысалы, кореялық POSCO металлургиялық компаниясы Үндістанда  құны 10 млрд доллар болатын меткомбинат салғысы келді. 2005 жылы бұл Үндістан экономикасына тікелей құйылған шетелдік инвестиция болатын еді. Алайда бастапқыда жер алу қиындық туғызды. Ал 2015 жылы POSCO компаниясына темір кенін өндіруге тегін лицензия беруге уәде берген Одиша штатының әкімшілігі оны жалпы негізде өтетін аукцион арқылы алуды ұсынды. Ақыр соңында жобадан бас тартуға тура келді.

Үндістандық Tata Steel тобы да Чхаттисгарх штатында салмақ болған меткомбинат құрылысынан бас тартты. Осының бәріне Үндістандағы жер алудағы қиындық себеп болды. Салынатын комбинаттар он ауылдың орнына салынуы керек еді. Ал жергілікті заңнама бойынша бұл жерді бірінші мемлекет сатып алуы керек, содан кейін ғана Tata Steel компаниясына беруге тиіс. Бірақ  2005 жылдан бері мұны іске асыру мүмкін болмай отыр.

Сондай-ақ 2016 жылдың ақпан айында Tata Steel компаниясы жақын маңда орналасқан  темір кен орнына да лицензия ала алмай қалды. Оған  жергілікті халықтың қарсылығы себеп болып, компания жұмысты бастай алмай, лицензиялық келісімді бұзды.

GIZ басшысы құқықтық реформа процестің тек бір бөлігі ғана болуы керектігін, ал үкімет меншік-оператордан реттеуші рөліне көшуі тиіс екенін айтты.

Заң жобасының жұмыс жоспарына сәйкес, кодекс жобасы премьер-министрдің кеңсесіне шілде айында  келіп түсуі керек, ал парламент қарауына 2017 жылдың қыркүйегінде ұсынылмақ.

Қазір Кодексте ұсынылып отырған тұжырымдамалық тәсілдерді  үйлестіру және сәйкестендіру мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге түзету енгізу қарастырылып жатыр.

Олег И. Гусев, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу