Геопортал жалған ақпаратқа жол бермейді

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
9386

Жамбыл облыстың Шу ауданында іске қосылған "Геопортал" өңірдегі жер қатынастары саласында таптырмас көмекші болып тұр.  

Геопортал жалған ақпаратқа жол бермейді

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы" АҚ мамандарымен бірлескен жерді қашықтықтан зонтауға бағытталған "Геопортал" жүйесі осыдан екі жыл бұрын республикада алғаш рет Жамбыл облысында іске асырылған болатын. Бүгінде аталған пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетіп берді.

Шу ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, аталған жүйе елбасының биылғы Жолдауында айтылған "Ақылды технологиялар" – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі" деген сөздеріне дәлме-дәл сәйкес келетін көрінеді.

"2016 жылы "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының өкілдеріне өз тарапымыздан ұсыныс білдіріп, бірлесе жұмыс істеу жөнінде келісімшарт жасастық. Осы мақсатта аудандық бджеттен 3 миллион 700 мың теңге қарастырылды.

"Геопортал" жүйесінің артықшылығы – ғарыштан түсірілген суреттердің нақты көлемін анықтап, оны үлкейтіп, бізге ыңғайлы етіп жасап беруінде. Аудандық жер қатынастары бөлімінде бұл істің басы-қасында жүрген екі бас маман бар. Олар жүйе іске асқанға дейін аудандағы пайдаланусыз жатқан жерлерді анықтау үшін ауыл-ауылды аралап, күн ұзаққа тыным таппайтын. Ал кейбір шаруашылық, қожалық иелері жалған ақпарат та беріп жатты. Яғни, қанша жерден тырысқанымызбен, нақты дерекке қол жеткізу қиынға түсті және оны нақты деп айтуға болмас еді. "Геопортал" жүйесі осы олқылықтың орнын толтырды. 2016 жылға дейін анықталған пайдаланусыз жатқан бос жерлердің көлемі осы жүйеге қосылғаннан кейін 30 пайызға дейін күрт өсті. Ғарыштық бақылау барлық ақпаратты дәлме-дәл көрсетіп берді. Осылайша, 2016 жылдың өзінде біз аудан бойынша пайдаланылмай жатқан 10 мың гектар және өткен жылы 6 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Жақында биылғы жылдың ғарыштық түсірілімдері жасалды. Оның нәтижесінде, биыл 7 мың гектардан аса пайдаланусыз жатқан жер анықталып отыр, – дейді Данияр Өтепов.

Сондай-ақ, маман алдағы уақытта осы жүйе арқылы жерасты суының мөлшерін, оның қай деңгейде орналасқанын және топырақтың да құнарлылығын анықтайтындықтарын айтады.

Аталған жүйенің көмегімен аудандағы арнайы даярлықтан өткен мамандар мыңдаған шақырымды алып жатқан егістіктердің ерекшеліктеріне жұмыс орнында отырып-ақ талдау жасап, ондағы өзгерістерге баға беру мүмкіндігіне ие болмақ.

"Геопортал" өзінің тиімділігін дәлелдегендіктен, ендігі бұл жүйені облыстың өзге аудандары да енгізуді қолға алды. Тамыз айынан бастап барлық ауданның бюджетінен 3 миллион 700 мың теңге осы жұмысқа бөлініп, бүгінде, аудандағы арнайы өкілдер"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы" АҚ ұйымдастырған курстан өткен.

Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасының жер есебі бөлімінің бас маманы Талғат Асылбековтің айтуынша, бұл жүйеге қосыларда аудандар белгілі бір көлемде қаржы төлейді де, келесі кезекте тек көрсетілген қызметке немесе жүйеге қандай да бір қосымша функция енгізілгені үшін ғана ақы төлейтін болады.

Сондай-ақ, жүйені ветеринария, құрылыс сынды басқа да салаларда кеңінен қолдануға болады.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу