Германия Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, қолдау көрсетуге әзір. Бұл ретте немістер білікті мамандар даярлап, саладағы жаңа технологияларды енгізуге көмектеспек ниетте. Бұл туралы "Германия және Қазақстан: тұрақты ауыл шаруашылығын құруды көздейтін серіктестер" атты конференцияда мәлім болды.
Германия Бундетагының депутаты Михаэль Штюбгенның айтуынша, екі ел арасында мамандар даярлау бойынша жақсы байланыс орнатылған. Бүгінде Қазақстанда Германияның аграрлық орталығы жұмыс істейді. Орталық ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлап отыр.
"Ауыл шаруашылығы өте күрделі сала болғандықтан, оған білікті мамандар қажет. Онсыз бұл салада табысқа жету қиындау. Ал технологиялық процестердің бәрі дамып кетті. Сондықтан мамандар соның барлығына үлгеруі керек. Бүгінде Қазақстандағы орталықты Германия үкіметі қаржыландырып отыр. Бірақ біз келер жылдан бастап қаржыландыруды тоқтатамыз. Ал оған дейін орталық өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетуі керек", – дейді Михаэль Штюбген.
Kazakh Invest ұлттық компаниясының өкілі Марат Бірімжановтың айтуынша, Қазақстанға жыл сайын шамамен 20 млрд теңгеден астам шетелден тікелей инвестиция тартылады. Соның 4,2 млрд теңгесі Германияға тиесілі.
Атап өтерлігі, Германия Қазақстанның шикізаттық емес секторына қомақты қаржы құйып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, машина жасау секілді салаларға қолдау көрсетуде. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Осы орайда, Марат Бірімжанов германиялық инвесторларды ауыл шаруашылығы саласына қаржы құюға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстан жерінің 80 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы масқатына пайдалануға болады. Сондай-ақ ел халқының 20 пайызы осы салада тер төгіп жүр. Қазақстанның жалпы ішкі өнім көлеміндегі ауыл шаруашылығы саласының үлесі 7 пайызды құрап отыр.
"Қазақстанға инвестиция салудың бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, біздің елде электр энергиясы арзан. Екіншіден, Қазақстан географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан. Үшіншіден, елдің транзиттік әлеуеті жоғары. Төртіншіден, соңғы жылдары бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалуда. Бесіншіден, "Астана" халықаралық қаржы орталығы іске қосылды. Шетелдік компаниялар қаржы орталығына тіркеліп, ел аумағындағы қызметін алаңсыз жүргізе алады", – деді конференцияға қатысқан Марат Бірімжанов.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты айтарлықтай ұлғайып отыр.
"Біздің өнім бәсекеге қабілетті болуы керек. Бүгінде дәл осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау бойынша Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропалық одақ елдерінің ветеринарлық қызметтерімен келіссөздер жүргізілді. Соның нәтижесінде сегіз айдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемі 30 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ Қытайға өнім экспорттау мәселесі де оң шешілуде", – деді вице-министр Берік Бейсенғалиев.
Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстанда 180 мыңнан астам неміс ұлтының өкілі тұрады. Елімізде 300-ден астам компания мен кәсіпорынды неміс ұлтының өкілдері басқарып отыр. Әсіресе, олар ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді.
Конференцияда айтылғандай, Германия Қазақстандағы ет-сүт өнімдерінің экспортына, ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеуге қолдау көрсетпек. Сонымен қатар қос тарап агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен кәсіпорындар ашуға мүдделі. Бұл жұмыстардың бәрі жақын уақытта қолға алынбақ.
Фархат Әміренов