Головкин мен Канело – енді төреші керек емес

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4054

Кәсіпқой бокс жұлдыздары Геннадий Головкин мен Сауль Альварес 5 мамыр күні шаршы алаңда екінші рет кездесетін болды.   

Головкин мен Канело – енді төреші керек емес Фото: ocregister.com

Кәсіпқой бокстан WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, Қазақ елінің күрзі жұдырықты қыраны Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) және Мексика майталманы Сауль Альварес "Канело" (49-1-2, 34 КО) екінші жекпе-жектерін өткізетін болып, келісімшартқа қол қойыпты. Бұл ақпарат ресми түрде 29 қаңтар күні жарияланды.

Өздеріңіз білесіздер, GGG мен Канело бірінше рет былтыр күзде, 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста кездесіп, төрешілер шешімімен тең түскен болатын. Содан бері қарымта жекпе-жек өткізу керектігі жиі айтылып келе жатқан. Енді, міне екі боксшының командасы, менеджерлері ымыраға келгендей. 5 мамыр күні қайтадан жұдырық түйістіретін болыпты. Бірақ, қай жерде, қалада өтетіндігі әзірше белгісіз.

Бір қызығы, бұл жекпе-жек 5 мамыр күні өтеді екен. Ал дәл осы күні Мексика халқы Синко де Майо деп аталатын ұлттық мерекесін атап өтеді. 1862 жылғы 5 мамырда Мексика әскерінің Пуэбла шайқасында жеңіске жеткен құрметіне арналған – мереке. Мұның "шаршы алаңдағы боксшылар айқасын сүйетін мексикалықтар PPV-трансляцияны көбірек сатып алады" деген ішкі есеппен қабылданған шешім болуы да мүмкін.

Сонымен не керек, Головкин мен Канело арасындағы екінші жекпе-жекті өткізетін болып екі жақ келіскелі, бұл "тойдың" боладысы қыза түсті. Мәселен, Сауль Альварес "бұл жолы Геннадий Головкин төрешілерді көлденең тартып, ақтала алмайтын болады, өйткені мен оны нокаутқа түсірмекпін" деп салды.

Головкин де қарап қалмады. "Дұрыс айтасың. Бұл жолы бізге төрешілердің де қажеті болмайды. Бұл жолы ешқандай күдік те болмайды. Рингтен мен чемпион болып түсемін" деп жауап қатты. Осы ретте айта кетейік, Геннадий тағы да бүкіл чемпиондық белбеулерін ортаға тастап отыр. Жеңілсе, бәрінен де айырылады.

Қысқасы, содан бері жарнамалық тұрғыдағы қызықты мәлімдемелер желдей есіп, кәсіпқой бокс мамандарының пікірлері іркес-тіркес жариялана бастады. Толастар емес. Жекпе-жектің "боладысы" қыза түсті. Тіпті Головкин мен Канело арасындағы айқастар мұнымен де шектелмей, "үшінші жекпе-жектің болуы да мүмкін" деушілер де жоқ емес. Осы жолғы келісімшартта қарымта жекпе-жек өткізу қарастырылмаған көрінеді. Әйтсе де, ұтылғаны есе қайтару үшін барын салары анық секілді...

Кім біледі, екінші жекпе-жектерінде де ақша судай "сапырылса", тағы да тең түсе салулары да мүмкін бе? Жо-жоқ, олай болмаса керек-ті. 8 сәуірде 36-ға толатын Головкинге бұдан кейін 28-ге әлі толмаған Сауль Альвареспен жұдырықтаса беру оңайға түспейтін шығар. Сондықтан мамырда Мексиканың майталманын жеңуге тырысады деп ойлаймыз.

Сонымен 5 мамыр күні көреміз. 16 қыркүйектен бері қайсысы көп қыдырды, қайсысы көп тер төкті? Бірінші жекпе-жектен қай боксшы сабақ алып, дұрыс қорытынды шығарды, оған да көз жеткізерміз. Головкиннің қайраты әлі қайтқан жоқ пе екен, соққысы сол күйі тау құлатарлықтай ма? Канелло шыңдала түсіп, есейе түсіп, қатайып алды ме екен? Бәрін де көрерміз.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу