Головкин – Канело: Итжығыс...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2877

Дүние жүзіндегі бокс жанкүйерлері сарыла күткен жекпе-жек тең аяқталды. 

Головкин – Канело: Итжығыс...

Лас-Вегас төрінде өткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек тең аяқталды. Жанкүйерлер пікірі мүлде басқаша шығар. Бірақ төрешілер кесімі тура осылай болды. Ресми нәтиже – 118:110 (Альварес), 115:113 (Головкин) және 114:114.

Геннадий жекпе-жекті ширақ бастады. Үнемі алға ентелеп, соққы жұмсаумен болды. Ол түсінікті де, Головкинге бастапқы раундтарда басымдық танытпаса, өзінен жеті жас кіші қарсыласының соңғы раундтарда көсіле шабуы әбден мүмкін.

Ал Мексика боксшысы рингті айнала желіп, Головкинді шаршатып алуға тырысты. Шегіншектеп жүріп, қарсы соққы жұмсаумен болды. Баз-базында Головкин құйындай орап соғып, қарсыласын бұрышқа тығып, төпелеп те көрді. Бірақ...

Альварес те осал емес. Кәсіпқой бокс рингінде көріп жүрген құқайы бұл ғана емес. Сытылып кетеді. Зып беріп, бір қырынан тайқып кетеді. Кейде тіпті қарсы соққысымен Генаны қойып қалады. Осылай жекпе-жектің жартысы өтті.

Бұдан кейін екеуі де бір-бірінің соққысын өткізіп алса, "осы ма, сенің соққың, шыбын шаққан құрлы көрмедім" дегендей ишара танытумен болды. Ол түсінікі ғой, бірін-бірі осылай ызаландыра түспек. Алайда екі боксшы да негізінен қуатты соққы өткізіп алмауды ойлайды.

Жекпе-жектің ортасынан бастап, жасы кіші Альварес қарқынын үдетсе керек еді. Бірақ Головкин де айылын жиған жоқ. Шаршаса да, сездірмеуге тырысады. Тізгін тартпай, алға ентелеумен болды. Десек те, Канелоның қарсы шабуылдары жиілей бастады.

Головкин 11 раунд аяқталғанша, өзінің шаршаңқырап қалғанын сездірген жоқ. Тіпті Канелоны сол баяғысынша тықсыра түсуге тырысты. Бірақ Альварестің арқанға тіреліп тұрып, қоян-қолтық айқастан қашпай, соққы алмасуы жиілей түсті. Сонда Геннадийдің соққылары бастапқы раундтардағыдай болмағаны ма?..

12-раундты Канело өте жоғары қарқында бастап, бастырмалата ұрып, төпелей жөнелді. Бірнеше соққысы діттеген жеріне дәл тиді де. Алайда, Головкин де қайтпады. Ол да зілдей жұдырығын іске қосты. Осылай бірнеше жылдан бері көпшілік сарыла күткен жекпе-жек аяқталды.

Екі боксшы құшақтасып, бір-біріне сый-құрмет көрсетті. Головкин 35 жастан асса да, өзінің "сыры кете бастаса да, сыны кетпейтін" қас шебер екендігін дәлелдеді. Ал 15 жасынан бері кәсіпқой бокс рингінде жүрген Канело өзін жаны сірі, техникалық шеберлігі мол боксшы ретінде көрсете білді.

Бәлкім, сәл кейінірек екеуінің соққыларын санап, оның қаншасы дәл тигенін есептеп, жекпе-жекті статистикалық мәліметтерін түзіп шыққандар өз пікірлерін көлденең тартып, сан-сақа жүгірте жатар. Бірақ бүгінгі жекпе-жекте жеңімпазды анықтау, шынымен де – қиындау.

Бір анығы, Головкин ұтылған жоқ. Мүмкін, айқын басымдық таныта алмаған болар. Әйтсе де, өзінің чемпиондық белбеулерінен айырылмай, бәрін де сақтап қалды. Канело да есесін жіберген жоқ. Ең бастысы, Геннадийдің жойқын соқыларына төтеп берді. 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу