Осыдан 10 жыл бұрын дүниежүзінің жақсылары мен жайсаңдары Қазақстанның бас қаласын мақсатты түрде бетке алды. Әлемнің "ақылды бастары" мен атағынан ат үркетін саясаткерлері, сарапшылары мен қаржыгерлері елорда да жаһандық экономика мен қаржы жүйесін оңалту мәселесін талқы таразысына салуды көздеді. Бұл үшін оларға 2008 жылдың 27 маусымында І Астана экономикалық форумының халықаралық сұхбат алаңы ұсынылды.
Содан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан Еуразия кеңістігіндегі ауқымды форумның тарихы тереңде жатыр. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде бастама көтерді. Кейін 2007 жылы осыған дейінгі ұсынысын жүзеге асыру үшін еуразиялық қоғамдастықтың экономикалық интеграциясына ықпал ете алатын еуразиялық ғылым клубын құру қажеттігін алға тартты. Нәтижесінде 2008 жылдың 27 маусымында экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі мен экономикалық ғылыми-зерттеу институты президенттің пәрменін ақиқатқа айналдырды.
Еуразиялық экономикалық ғылым клубы құрыла салысымен, дүниежүзінің назарын жаһандық экономиканың негізгі сын-қатерлеріне аударды. Сөйтіп әлемнің төрт тарабына сауын айтып, І Астана экономикалық форумына кірісіп кетті.
"Жаһандану жағдайында экономикалық дамудың заманауи аспектілері" деген тақырып күн тәртібіне қойылған 2008 жылғы алғашқы форум көптің көңілінен шықты. 2009 жылы ұйымдастырылған жиын "Жаһанды тәуекелдер жүйесінде Еуразияның экономикалық қауіпсіздігі" деген мәселенің жүгін арқалады. 2010 жылғы басқосуда "Дағдарыстан кейінгі кезеңде тұрақты өсуді қамтамасыз ету", ал 2011 жылғы форумда "Жаңа онжылдық: сын-қатерлер мен келешектер" деген тақырып ой елегінен өткізілді. 2012 жылы "Жаһанды экономикалық трансформация: сын-қатерлер мен даму келешектері" деген сұрақ сарапталса, 2013 жылы "G-Global форматында теңгерімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету" мәселесіне екпін түсірілді.
2014 жылы "G-Global форматында өзгерістер дәуірінде тәуекелдермен басқару", 2015 жылы "Инфрақұрылым – тұрақты даму драйвері", 2016 жылы "Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандырылған инновациялар және білімдер экономикасы" деген тақырыптар талқыланды. Ал 2017 жылы "Жаңа энергия – жаңа экономика" мәселесіне мән берілді.
Өткен форумдарда ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы 2012 жылғы ұсыныстар БҰҰ бас ассамблеясының пленарлық сессиясында таныстырылып, БҰҰ бас хатшысы Пан Гу Мунның, БҰҰ бас ассамблеясының 66-сессиясының президенті Ан-Насердің оң бағасын алды. 2013 жылы форум аясында БҰҰ бас ассамблеясының қолдауымен І дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция өтті. Қорытындысында Астана декларациясы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған әлемдік дағдарысқа қарсы жоспардың жобасы бекітілді. Ал 2014 жылғы басқосудан соң БҰҰ-ға мүше елдерге арналған дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданды.
Биыл ХІ Астана экономикалық форумының қатысушылары 17-19 мамыр аралығында бас біріктіреді. Форум жаңа форматта, яғни Global Challenges Summit түрінде өтеді. Бұл туралы primeminister.kz сайты: "Барлық шаралар үш блокқа бөлінеді: іскерлік бағдарлама, стратегиялық сессия және зерттеу. Алғашқы екі кезеңде спикерлер сөз сөйлесе, үшінші блокта машиналар іске қосылады. Үлкен мәтіндік деректерді семантикалық талдау бүкіл әлемдегі адамдардың сын-қатерлер туралы қандай көңіл-күймен айтатынын, олар құтыла алмаушылық алдында қорқыныш сезіне ме, әлде оң сценарийлерді дамыту мүмкіндігін көре ме, соны анықтауға мүмкіндік береді. Дерек көздері БАҚ, академиялық басылымдар және әлеуметтік желілер болады. Формасы мен ақпарат беру тәсілі өзгереді. Бұған дейін дәстүрлі панельдік сессиялар өткізілсе, ендігі мұнда TED talks, инновациялық презентациялар, воркшоптар мен нарықтың болашақта дамуын болжай алатын және оған әсер ете алатын сарапшы-визионерлердің баяндамалары өткізіледі. АЭФ-те алғаш рет жастарға арналған арнайы бағдарлама ұсынады. Астананың жетекші жоғары оқу орындарының базасында ең үздік экономистер дәріс оқып, кездесу ұйымдастырады. Біздің болашақ ғалымдар, өнертапқыштар, бағдарламашылар жаңа идеялармен шабыттанып, жетекші ойшылдармен кездесуге мүмкіндік алады", – деп жазды.
Форумның ресми сайты 10 жылдық тарихы бар еуразияның басты экономикалық конгресіне биылға дейін әлемнің 150 елінен шамамен 50 мың делегат қатысқанын мәлімдеді. Сайтқа сүйенсек, қатысушылардың қатарында Нобель сыйлығының 20 лауреаты болған. Астана экономикалық форумдарының нәтижесінде 20 млрд АҚШ долларын құрайтын сомаға 300-ден астам келісім жасалған. Бұған қоса еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының астаналық клубы құрылған.
ХІ Астана экономикалық форумында бірыңғай экономика әлемі, жаһандық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі, жаңа адамзат әлемі, қалалар әлемі, цифрландыру әлемі, болашақ ақшасы әлемі, жаһандық қауіпсіздік әлемі және сингулярлық әлем деген 11 жаһандық тақырып талқыланады.
Алдын ала таратылған ақпарат бойынша, халықаралық жиынға Cagan McAfee Capital Partners көпбейінді компаниясының тең құрылтайшысы Лаирд Коган, физик, футуролог, "Мүмкін емес заттар физикасы", "Болашақ физикасы" және "Ақыл болашағы" атты үш бестселлердің авторы Митио Каку, Ports, Customs & Free Zone Corporation төрағасы, DP World компаниясының төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайем, британ қаржыгері, Goldman Sachs компаниясының бұрынғы төрағасы, БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай) қысқартылған атауының авторы Джим О’Нил, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің басқарушы директоры Цзинь Лицюнь, Ли Куан Ю атындағы Сингапур мемлекеттік басқару мектебінің жетекші ғылыми қызметкері Параг Ханна, жазушы, геронтолог, SENS қорының төрағасы және ғылым жөніндегі директоры Обри ди Грей, McKinsey & Company директоры Джонатан Воцель, Малайзия үкіметінің министрі, PEMANDU бас директоры Идрис Йала қатысады.
Абылай Бейбарыс