Инвесторлар қайта орала бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4330

Үш жылға созылған дағдарыстан кейін 2016 жылы шетелдік тікелей инвестиция 40%-ға артты.

Инвесторлар қайта орала бастады

2016 жылы шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 20,6 млрд долларға жетсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 14,8 млрд  долларды ғана құрады. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы шетелдік тікелей инвестиция 38% - ға құлдырады.   

Жалпы былтырғы инвестицияның көбеюі, сарапшылардың бағалауынша, қазақстандық кәсіпорындарға шетелдік компаниялардың қатысуына мүмкіндіктің кеңейтілуі мен қайта инвестициялау жобаларының көбеюі түрткі болған.

Өз кезегінде Ұлттық банк шетелдік инвестицияның көбеюін шетелдік компаниялардың кірістерін қайта қаржыландыру елге кіретін инвестицияға қарқын бергенін айтады.

"ШТИ" ағыны құрауыштарының бірі бейрезиденттердің кірістерін қайта қаржыландыруы болды, оның көлемі 2016 жылы 4,9 миллиард АҚШ долларынан асты. Бірлескен қазақстандық кәсіпорындар кірістерінің өсуімен қатар шетелдік инвесторлар кәсіпорындардың өндірістік қызметін қаржыландыру үшін елде қалдыратын өз пайдаларының үлесін ұлғайтты", – деп атап өтті Қазақстан ұлттық банкінің өкілдері.

Соның ішінде шетелдіктердің тәбетін ашқан салалар негізінен тау-кен өнеркәсібі, геологиялық барлау және іздестіру қызметі және өңдеуші өнеркәсіп болды.

Ал мемлекеттерге келер болсақ, ең ірі инвесторлар Нидерланд елінен келіп отыр. Олардың Қазақстан экономикасына салған қаржысы бір жылда 33%-ға артқан, яғни 2 млрд долларға көбейген. Ал Швейцарияның салған қаржысы бір жылда 724 млн долларға ұлғайса, АҚШ инвесторлары былтырғыдан 652 млн доллар артық қаражат әкелген.

Соңғы бірер жылда Қытайдың Қазақстан экономикасына салған қаржысы қарқынды көбейіп келеді. Инвестиция көлемі жағынан көшбасшы елдердің санатына қосылмағанымен, жыл сайынғы өсім көлемі өзгелерден айтарлықтай артық. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы Қытайдың инвестициясы 7 есеге ұлғайғаны таяуда айтылды. Соның ішінде Қытай Қазақстанның шикізат секторынан бөлек ауыл шаруашылығына да көптеп қаржы құя бастаған.

Мұнай мен тау-кен саласы жаппай шикізаттық дағдарыс кезінде инвесторлардың назарынан тыс қалатыны белгілі. 2013-2015 жылғы Қазақстандағы инвестициялық дағдарыс соның айқын көрсеткіші. Осы уақыт аралығында шикізат бағасының құлдырауы Қазақстанның басты капиталына деген қызығушылықты азайтты. Инвесторлар нарықтан шыға бастаған.

Алайда, шикізаттық дағдарыстан туындаған инвестициялық дағдарыс тек шикізат секторымен шектелмеді. Елдің кез-келген саласына қаржы салушылар азайған. Өйткені, теңгенің тұрақсыздығы инвесторлардың ертеңгі күнге сеніммен қарай алуына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, барлық сала шетелдік қаржының қолдауынсыз қалды. Осы кезде өз әлеуетін жоғалтпаған жалғыз сала болса, ол ауыл шаруашылығы еді.

Бұл саланың әлеуеті 2016 жылдың соңына қарай нақты байқала бастады. Алдыңғы жылдың экономикалық өсімі туралы берген есебінде Ұлттық экономика министрлігі ел экономикасын алға сүйреп шыққан салалар қатыранда құрылыс, өңдеу өнеркәсібімен қатар ауыл шаруашылығында да жемісті жұмыс істелгенін айтты. Статистикаға сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша, елдің экономикалық өсімі 1% айналасында болса, ауыл шаруашылығы саласының жылдық өсімі бұл көрсеткіштен 4-5 есе артық болды.

Өзге салалармен салыстырғанда ауыл шаруашылығына мемлекет қолдауының молдығы да сырттан қаржы тартуға кедергі келтіре алмады. Маусымдық шегінулер болғанымен, жалпы көрсеткіште шетелдіктердің Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының болашағына сенім білдіретіні байқалады. Бұл тұрғыда Қытайдың белсенділігі жоғары. 2016 жылдың соңында Қытайдың мемлекеттік инспекциясы біздің елдің ет өнімдеріне қарсы салып келген тыйымын алып тастады. Қазіргі таңда бидайдың сапасына кепілдік беру жағы да қарастырылуда. Мұның бәрі Қазақстанда өндірілетін осы өнім түрлерінің Қытай нарығына кіре бастағанымызды байқатады. Бұл тұрғыда Қытай ауыл шаруашылық компаниялары да елдің ішкі нарығына етене араласып, өңірлерде ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу зауыттарын салуға мүдде екендіктерін білдіреді.

Жалпы, мұнай бағасының қалыпқа келуі мен шикізаттық дағдарыстың аяқталуы шетелдік компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеу құмарлықтарын қайта оята бастады. Әрине, бұл ең алдымен мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінен алғаш байқала бастамақ.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу