Инвесторлар теңге бағамының болжалғанын қалайды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2035

Шетелдік кәсіпкерлер ҚР ұлттық валютасының бағамы бірнеше жылдан соң қандай болатынын білгісі келеді.

Инвесторлар теңге бағамының болжалғанын қалайды

Қазақстанға шетел кәсіпкерлерінің келуін соңғы жылдардағы ұлттық валюта бағамының құбылмалылығы тежеп тұр деп есептейді "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" АҚ (ҚИДИ) басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов.

"Бағамды болжау мүмкіндігі – міне, осы маңызды. Егер инвестор осыны біліп: жақсы, қазір бағам бір долларға 320 теңге, бірақ ол жылына 5-6% жылдамдықпен құнсызданады, яғни 3 жылдан соң шартты түрде 400 теңгеге жетеді десе, ал Ұлттық банк: иә, осы жылға дейін мен 400-ден асыруға жол бермеймін деп сөз берсе, сонда ғана инвестор өз бизнес-жоспарын алдын-ала болжап, жобаны іске асыру қолынан келе ме, жоқ па, нақты айта алады. Бірақ бізде болжамдау жоқ болғандықтан, ешкім өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. "Мен өз табысымды болжай алмаймын деп ат-тонын ала қашады", – деді ол журналистермен болған кездесуде.

Дегенмен ол ТМД-ға келіп, Ресей мен Қазақстанды зерттейтін компаниялар көп екенін айтады.

"Егер осы аймаққа келуді ұйғарса, негізінен бізде салуды жөн көреді. Неге? Себебі бізде кепілдік беру, әкімшілік рәсімдері жеңілірек. Біз "Міне, салық жинаушылар, міне шекарашылар" деп шағымданып жатамыз, бірақ шындығына келгенде, кейбір мемлекеттерде бұл жағдай әлдеқайда күрделірек. Өз бизнесмендерімізбен де, шетелдіктермен де әңгімелесу барысында осыны ұғындық. Олар "Қазақстан бұл бағытта ілгерірек (дамыған – автордың ескерт.). Біз қалағандай емес әрине, бірақ өзге көршілермен салыстырғанда ыңғайлы", – деді Айдын Құлсейітов.

Сонымен қоса, ҚИДИ басшысы теңгенің бағамы өзге валюталармен ара-қатынаста шамамен екі есеге әлсірегеннен кейін оған қазақстандық өнеркәсіп бейімделіп қалды деп есептейді.

"Қазіргі кезде жағдай одан әрі ушығуы үшін не болуы керек екенін ойдан шығарудың өзі қиын. Бірақ жағдайды жақсарту мүмкіндігі бар және ол өте қарапайым әрі айқын", – деді ол.

Ондай шара ретінде Айдын Құлсейітов Ұлттық банк баға мен инфляцияны реттеуші рөлін ойнап қана қоймай, сонымен қатар экономиканың өсіміне жауап беруге тиіс деген мемлекет басшысының ұсынысын алға тартады.

"Ақша мөлшерін қысқарту және инфляциямен күрес әлемнің әр түрлі елдерінің ұлттық банктерінің басты қызметі болып табылмайды. Норвегия, Аустралия, Канада секілді мұнай және тау-кен өндіруші елдердің ұлттық банктері үш бағытта жұмыс істейді. Бұл – инфляция, экономикалық өсім және жұмыссыздықпен күрес. Осы үш компонентті ретке келтірмей, біз экономиканы жандандырып, үшінші жаңғыртуға жете алмаймыз", – деп есептейді ол.

Оның пайымдауынша, ақша шығаруға қарсы тұлғалардың барлық дәлелі эмоциямен шектеледі.

 "Сіздер экономиканы құртқыңыз келе ме? Гиперинфляцияны қалайсыз ба? Венесуэла болғыңыз келе ме? 1920 жылдардағы Германия болғыңыз келе ме?". Бұл эмоциялар. Шындығына келгенде ақша мөлшері мен инфляция арасында байланыс жоқ – 0,04, яғни ол жоқ деген сөз. Нөл! Ал Ресейде ол тіпті нашар", – деді ол.

"Біз ақша мөлшерінің артуы мен экономиканың даму арасындағы әсерді зерттедік: өзара байланыстылық 96%-ды құрады, яғни экономикаға көбірек ақша құйылған сайын, Қазақстан экономикасы да соншалықты тез дамиды. Осылайша 2003-2015 жылдар аралығында, 13 жылда, өзара байланыстылық 96−98%-ды құрады. Ал ақша мөлшері мен инфляция арасындағы байланыс бар болғаны 4% ғана. Ал Аустралия мен Ресейде бұл көрсеткіш мүлде теріс. Мысалға, Ресейде –75%-ды құрайды, яғни, экономика ақша көбірек түскен сайын, инфляция азырақ болады. Осылайша Қазақстан мен Ресейдегі инфляция монетарлық сипатқа ие емес", – деп тарқатып айтты ҚИДИ басшысы.

Сонымен қоса егер ақша бей-берекет жұмсалса: пәтер алуға, сауда және тұтынушылық несиелеуге беріле берсе Қазақстанды гиперинфляция күтіп тұр дегенмен келісті ол. Оны шешудің жолы біреу ғана – экономиканың іске асатын секторын несиелеу керек, яғни ақшаны құрылыс саласына, тауар өндірісіне және бірінші кезекте халық тұтынатын тауарлар өндірісіне бөлу керек. Алайда банктер дәл осы секторға қалайша несие беру керектігін ол түсіндірмеді.

"Осы секторларға ақшаны көп берген сайын, ол соншалықты көп тауар шығарады және осылайша осы тауардың бағасы арзандай түседі. Дәл осылайша 2017-2019 жылдары қарқынды дамуға мүмкіндік ашылады", – деді Айдын Құлсейітов.

"Ақша мөлшерінің инфляция мен экономикалық өсімге байланыстылығынан бөлек, М3 ақша агрегатының елдің ЖІӨ-ге қатысты көрсеткіші деген бар, бізде ол бар-жоғы 40%-ды құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш 50%-дан асады, олар үшін бұл тым төмен, себебі Ресейде тауарлық өндіріс көп. Бұл көрсеткіш Аустрияда 100%-дан асады, Түркия мен АҚШ-та – 80%, Канадада – 90%. Ал Әзербайжан, Кот-д'Ивуар және Ауғанстан сияқты елдерде ақша мөлшерінің ЖІӨ-ге қатысты көрсеткіші 35-40% құрайды", – деп сөзін жалғады ол.

Бұл ретте Айдын мырза қиын-қыстау замандарда Қазақстан қолданған шикізат рентасы қазір таусылып келе жатқанын айтты.

"Біз өзіміздің алғашқы мүмкіндігімізді пайдаландық. Бірақ қазір шикізаттық экономика әсері азайып келеді. Жақында есеп жүргізіп, мынаны аңғардық: 2005 жылдан бастап шикізат рентасы Қазақстан экономикасын ілгері жылжытып, дамытуын тоқтатқан. 1998 жылдан бастап 2005 жылға дейін ол экономикаға серпін беріп, дамытты, бірақ кейінірек бәсеңдей бастады. Егер тағы бірнеше жыл мұнайдың бағасы барреліне 50−60 доллар шегінде сақталса, бұл біз үшін үлкен табыс болар еді: мұндай баға барлығының, алыпсатарлардың да көңілінен шығар еді. Егер жылына 70 млн тонна мұнай өндіріп, осы бағамен сатсақ, деңгейімізден түспейміз. Бірақ экономика өссін десек, жақын жылдары қалай болғанда да ақша-несиелік саясатымызды өзгертуге тура келеді", – деді Айдын Құлсейітов.

Жанболат Мамышев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу