Инвесторларға жеңілдікпен жер беріледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2360

Жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобалар аукцион арқылы іріктеледі. 

Инвесторларға жеңілдікпен жер беріледі

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, еліміздің "жасыл экономикасын" дамытуға күн, жел сияқты табиғи ресурстардан өндірілетін қуат арқылы үлес қосатын инвесторлардың жобаларына мемлекет қолдау көрсетеді.

"Өткен жылы біз заңнаманы өзгерттік. Енді жаңартылатын энергия көздерін өндіретін жобаларды іріктейміз. Біз жобаларды іріктеудің аукциондық жүйесін әзірледік. Биылдан бастап 1 ГВт болатын бірнеше аукцион өткізуді жоспарлап отырмыз. Жеңімпаздармен 15 жылға келісімшарт жасалады, олар  жаңартылатын энергия көздерін арнайы компанияларға сата алады. Іс барысында ұлттық валютаның бағамы мен инфляцияның өзгеруіне қарай тарифтер жыл сайын индексацияланады", – деді Қанат Бозымбаев

Естеріңізге сала кетейік, энергетика министрінің 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 466 бұйрығымен биылдан бастап елімізде жаңартылатын энергия көздері негізінде жұмыс істейтін түрлендіруші нысандардың құрылысы бойынша жобаларды іріктеуге қатысты аукциондық сауда өткізілетін болды.

Министрдің мәлімдеуінше, электр желілерінде жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беріледі.

"Аукцион арнайы электронды порталда ұйымдастырылады. Үш сағаттың ішінде кез келген компания өз тарифін ұсына алады. Ең аз тариф бергендер жеңімпаз атанып, олармен келісімшарт рәсімделеді. Осы салаға қаржы құйған инвесторларға жер телімін беруде жеңілдік жасалады", – деді Қанат Бозымбаев.

Біле жүріңіздер, бүгінде елімізде жаңартылатын энергия көздерін өндіретін 58 нысан бар. Олардың жалпы қуаттылығы 343 МВт-ты құрайды. 2020 жылға дейін Қазақстандағы жаңартылатын энергия көзінің көлемін 3%-ға, ал 2050 жылға дейін  50%-ға жеткізу жоспарланған.

"Жыл басында еліміздегі жаңартылатын энергия көзі небары 1,1%-ды құрады. Ал бірнеше жыл бұрын мүлде ештеңе болған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда бізде ілгерілеу бар", – деді  энергетика министрі.

Айта кетейік, Қазақстан 2012 жылы "РИО+20" саммитінен соң "Жасыл экономикаға" біржолата бет бұрды. Мақсатқа жету үшін "Жасыл экономиканы дамыту" тұжырымдамасы қабылданды. Ол 3 кезең бойынша жүзеге асырылатын болды.

2013-2020 жылдар аралығына арналған алғашқы кезеңде қорларды пайдалануды оңтайландыру мен "жасыл инфрақұрылым" құру мәселесіне басымдық берілді. 2020-2030 жылдарды қамтитын екінші кезеңде табиғи қорларды тиімді пайдалану көзделді. Ал 2030-2050 жылдарға арналған үшінші кезеңге жаңартылған энергия көзін мейлінше мол тұтыну міндеті жүктелді.

Жалпы, біздің ел жаңартылған энергияға көшуді жеті бағыт бойынша жүзеге асырмақшы. Атап көрсететін болсақ: бірінші бағыт - су ресурстарын тиімді пайдалану. Екінші бағыт - өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту. Үшінші бағыт - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру. Төртінші бағыт - электр энергетикасын дамыту. Бесінші бағыт - қалдықтарды басқару жүйесін қалыптастыру. Алтыншы бағыт - ауаның ластануын азайту және жетінші бағыт - экожүйені сақтап қалу.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу