Ішкі нарыққа бейімделген сауатты инвестициялық идея тапшы

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3111

ШОБ-қа арналған инвест алаңдар тек Астана мен Алматыда ғана емес, мұнайлы өңірлерде де ашылуы керек.

Ішкі нарыққа бейімделген сауатты инвестициялық идея тапшы

Алматыда кәсіпкерлер мен Қазақстандағы қор нарығының қатысушылары "ҚазынаКапиталМенеджмент" (ҚКМ) компаниясының ұйымдастыруымен "Қазақстанда шағын және орта бизнес компаниялары үшін сауда алаңдарын жасау мүмкін бе?" деген тақырыпта өткен ашық диалог алаңында бас қосты.

Жиында ҚКМ басқарма төрағасы Асқар Достияров тікелей инвестиция қорларының қатысуымен ШОБ үшін сауда алаңдарын құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.

"Тікелей инвестиция ағымы қаржылық нарықтың дамуына тәуелді. Қаржы нарығында қаржы құралдарының жетіспеуі ШОБ-қа және инвестициялық қорларға сонымен қатар қазақстандық компанияларға  "private equity" жүйесінің жолын жауып, инвестор тартуда қиындық туғызады. Біз осының алдын алу үшін әрекет етуіміз керек", – деді ол.

Ал KASE-нің басқарма төрағасы Алина Алдамбергенова Қазақстанда құнды қағаздармен, деривативтермен жұмыс істейтін 4 қор нарығы  бар екенін атап көрсетіп, тартымды эмитент пен инвестициялық тартымды нарық қалыптастыру үшін қор нарығы мен қаржы құралдарының қатарын көбейту қажет екенін тілге тиек етті.

"Стартаптан бастап IPO-ға дейін дамыту стратегиясын дайындауымыз керек. ШОБ бизнес бастаған кезде венчурлық капиталға басымдық береді. Ал стартап жоба инвестор тартуға көмектестеді. Біз ҚКМ-де қор нарығына шығуға дайын компаниялар бар екенін білеміз", – деді Алина Алдамбергенова.

Басқосу барысында ҚКМ нарықты дамытудың бірнеше нұсқасын ұсынды. Соның ішінде тікелей инвестиция қорларының қор нарығына енуі  туралы ұсынысты кәсіпкерлер мақұлдамады. Олар бұл мәселені жан-жақты талқылап, сараптап алуды жөн көретіндерін жеткізді.

Кәсіпкерлердің пікірінше, Қазақстан қор биржасы негізінде құрылған сауда алаңы биржадан тыс нарық пен мамандандырылған инвестициялық құралдарды пайдалануға әлі дайын емес.

ҚКМ басшысы Асқар Достияров мұның себебін тікелей инвестициялық қорлардың ШОБ-қа қызығушылығының төмен екендігімен түсіндіреді. Ұққанымыз, бізде қор нарығы дұрыс дамымаған. Алайда олардың барлығы дамып келе жатқан компания тауып, оған ақша салып, 5-7 жыл ішінде пайда көруді қалайды. Сатып алушылардың саны шектеулі болғандықтан қазақстандық қор нарығы жобаларды іздеу барысында серіктестіктің қаржылық жағдайына және тартымдылық деңгейіне көңіл бөлуге  мәжбүр болады екен.

"Алдағы уақытта Қазақстанда ШОБ үшін сауда алаңы пайда болуы мүмкін. Жаңа алаң инвесторларға ШОБ жобаларына қатысуға сонымен қатар КАSE үшін қаржылық құралдар мен клиенттер базасын көбейтуге мүмкіндік береді. Қазақстанда тікелей инвестициялық қорларды нарыққа араластырудың кезі келгенін бәрі мойындайды. Қазір бұл идея пісіп, жетіліп тұр", – деді Асқар Достияров.

Өз кезегінде "Асыл" қаржылық тобы директорлар кеңесінің төрағасы Ғабиден Балғынбеков ҚКМ-ның ШОБ үшін сауда алаңын құру туралы ұсынысы инвесторлардың оң жамбасына келетінін атап көрсетті.

"Қазір қаржы тек қорда немесе банктерде ғана емес, жеке адамдарда да бар. Ел ішінде қор биржасы арқылы пайда тапқысы келетіндердің қатары да аз емес. Бізге  ішкі нарықтың мүмкіндігіне бейімделген сауатты инвестициялық идея ғана  жетпейді", – деді  директорлар кеңесінің төрағасы.

Оның ойынша, ел ішінде сауатты инвестициялық жобаға қолы жетпей, қаржысын далаға шашып жүрген кәсіпкерлер көп. Халықтың табыс табуға бағытталған ықыласы түзу, бірақ бағыты айқын емес. Қор нарығына қатысты осыған дейінгі ұсыныстарда да мін болған жоқ, алайда оның ешқайсысы жүзеге аспады. Егер ұсыныстардың барлығы ішкі нарықтың табиғатымен үйлесіп кеткенде біз нарықтың дәл осы сегментін Лондон я болмаса Сингапур мен Шанхайдағы қор биржаларының деңгейіне жеткізген болар едік.

"Қор биржалары туралы ауылдағы ағайынның түсінігі төмен. Сондықтан ҚКМ, қор биржалары өкілдері, брокерлер жиі бас қосып тұратын инвест алаңдар тек Алматы мен Астанада емес, мұнайлы өңірлерде де ашылуы керек, – деп түйді ойын Ғабиден Балғынбеков. 

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу