Қағаз түріндегі астық қолхаттары келмеске кетпек

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
1890

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылдан бастап мұндай қолхаттарға тыйым салудың тетіктерін қарастыруда.  

Қағаз түріндегі астық қолхаттары келмеске кетпек

2016 жылдың 23 шілдесінен бастап жаңа астық қолхаттары электронды форматта беріле бастады. Сондай-ақ аталмыш құжат астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электронды реестріне тіркеледі. Ақпараттық жүйе minagri.kz веб-порталында орналасқан. Реестр жүйесі іске қосылғаннан бері оған астық нарығының 4,5 мыңнан астам қатысушысы тіркелген. Оның екі мыңға жуығы - шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар. Жүйе берілген астық қолхаттарына күн сайын мониторинг жүргізіп тұрады.

"2016 жылдың шілдесінен бері астық қолхаттарына қатысты 185,5 мың операция орындалды. Яғни, шығару, біріктіру, бөлу және басқа да қызметтер көрсетілді. Бүгінгі таңда аталған жүйе арқылы биылғы өнімнен 1,5 миллион тоннадан астам астық түскенін білуге болады", – деді брифингте ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Ажар Қажыбекова.

2016 жылдың шілде айынан бері жалпы көлемі 30 млн теңге болатын 133 мың электронды астық транзакциясы орындалды. Электронды жүйенің 14 қыркүйектегі мәліметтерге сүйенсек, қазір астық сақтайтын қоймаларда 3,5 млн тонна астық бар.

Елімізде астық қолхаттарымен қойма қызметін ұсынатын 196 астық қабылдау кәсіпорны бар. Бұл ретте электронды жүйеге жалпы сыйымдылығы 13,5 млн тонна болатын 151 элеватор тіркелген.

Ажар Қажыбекованың айтуынша, бұл жүйені іске қосу астық айналымының ашықтығын арттыра түсті. Атап айқанда, жүйе арқылы астық қолхаттарын тіркеу процесі автоматтандырылды. Сонымен қатар астық қабылдайтын кәсіпорындардың сыйымдылығы артқан жағдайда астық қолхаттары автоматты түрде бұғатталатын болды. Тек 2020 жылға дейін айналымға жіберілген қағаз түріндегі астық қолхаттары ғана жарамды. Мұндай қолхаттар жаңа жүйеде есепке алынбаған.

"Заңнамаға сәйкес, әлі күнге дейін қолданылып жүрген қағаз түріндегі астық қолхаттары 2020 жылға дейін, яғни толықтай өтеліп болғанша жарымды. Алайда бұл мерзімді 2018 жылға дейін қысқару қарастырылуда. Арнайы тексеру жүргізіліп астық жетіспеу фактілері тіркелгенін жақсы білесіздер. Электронды астық қолхатын енгізуге осы факторлар әсер етті. Болашақта біз бұл жобаны жетілдіре түсеміз", – деді департамент директоры.

Ажар Қажыбекова abctv.kz-ке берген сұхбатында қазіргі заңнамаға қатысты түзетулер ҚР Агроөнеркәсіп кешені туралы жоспарлы заң жобасымен парламентке жөнелтілетінін айтты. Бүгінде құжат үкіметтің қарауында.

Оның сөзінше, қағаз түріндегі астық қолхатынан жедел түрде бас тарту бұл саладағы олқылықтардың орнын толтырмақ. Мәселен, осы күні елдің ауызында жүрген 7 млн тонна астықтың жетіспеушілігі туралы жағдайлар орын алмас еді.

"Мен бас прокуратураның жұмысына қатысты пікір білдіре алмаймын, әрине. Бірақ қазір осы іске қатысты тергеу жүргізілуде. Жедел шаралардан кейін оның нәтижесі жария етіледі деген ойдамын. Иә, қазір әр түрлі сандар айтылып жүр. Біресе 5 млн тонна дейді, енді бірде 7 млн тонна айтылады. Ал ресми құжаттарда 7 млн тоннаның жетіспейтіндігі көрсетілген. Мұның бәрі астық қолхатын қағаз түрінде берудің салдары екені анық. Электронды астық қолхаттарының нәтижесінде біз астық қабылдау кәсіпорындарының нақты сыйымдылығын бақылап отыруға мүмкіндік алдық. Сондықтан бұл жүйенің берері көп деген ойдамын", – деді Ажар Қажыбекова.

Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Серік Ибраев бұл жерде астық жетіспеушілігі емес, алдымен сол көлемдегі астық шын мәнінде болды ма деген мәселеге назар аудару керектігін айтты.

"Әуелі қағаз түріндегі астық қолхатының салдарынан жетіспей қалған астық жайлы айтайын. Шын мәнінде жағдай қалай еді? Бұл өте күрделі мәселе. Соңғы бес жыл бойы жалғасып келеді. Ал соңғы үш жылда осы проблеманы шешу мықтап қолға алынды. Мемлекеттік қордағы және элекваторлардағы астықтың жетіспеушілігіне байланысты жыл сайын бірқатар қылмыстық іс қозғалуда", – деді ол.

Оның айтуынша, бас прокуратура мәлімдеген 7 млн тонна туралы дерекке сенуге болады. Ал мұндай жағдай астық қабылдау кәсіпорындарының нарықтағы сеніміне селкеу түсіретіні даусыз.

"Сондықтан жағдайды реттеу керек. Меніңше, ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені депутаттармен талқылайтын шығар. 2018 жылы қағаз түріндегі астық қолхаттарына тыйым салынуы да ықтимал", – деді ол.

Бұл ретте Қазақстан фермелер одағы 2018 жылдан бастап қағаз түріндегі астық қолхаттарына тыйым салуды құптайтындардың қатарында.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың шілде айынан бастап астық қабылдау кәсіпорындарының қағаз түріндегі жаңа астық қолхаттарын беруге құқығы жоқ. Алайда, қаржы ұйымдарының өтініші бойынша 2020 жылға дейін бұған дейін берілген қолхаттарды пайдалануға рұқсат етілген болатын.

"Ақпараттық-оқу орталығы" АҚ жүйенің тіркеушісі болып табылады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап minagri.kz  порталында астық қабылдау кәсіпорындарының рейтингі жүргізіледі.

"Бұл рейтинг астық нарығының қатысушыларына қандай кәсіпорындармен жұмыс істеу керектігін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ астық қолхаттарын қабылдау барысында екінші деңгейлі банктердің тәуекелдерін төмендетеді. Екі-үш ай аралығында жүйеде төмендегідей жобалар іске қосылмақ: астық қолхаттарын ерікті түрде сақтандыру, астық қолхаттарын кепілдікке қою арқылы онлайн-несиелеу. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік электронды реестрдің ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып отыр", – деді Ажар Қажыбекова.

Серік Ибраев электронды жүйеде тіркелген астық пен қаржы ұйымдарынан онлайн несие алу фермердің мүмкіндіктерін аттыра түсетінін атап өтті.

"Егер элеваторда талапқа сай келетін астық сақталса, тиісінше оның бағасы да қымбат болмақ. Кәсіпкер мұндай астықты кепілдікке қойып несие де ала алады", – деді ол.

Астық қабылдау кәсіпорындарының рейтингінің пайда болуы жүйеге деген сенімділікті арттырады. Сондай-ақ олар әр клиент үшін "таласатын" болады. Осылайша, кәсіпорындардың қызметіндегі ашықтық арта бермек.

"Осынау рейтинг жүйесі арқылы элеваторлар клиенттерге қарай бет бұрады. Бұл дұрыс қадам", – деп толықтырды Серік Ибраев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіпті цифрландыру департаментінің директоры Бауыржан Айымбетов егіншілікке қатысты арнайы геопортал құру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл фермерлердің шығынын азайтпақ.

"Мәселен, фитосанитария 30%-ға, өнімділік 40%-ға артпақ және жанар-жағармай шығыны азаймақ. Бұл бағытта Қазақ ұлттық аграрлық университетімен, С.Сейфуллин атындағы университетпен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Қазақ ұлттық аграрлық университетімен егіншілік ісіне дронды пайдалану бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал С.Сейфуллин атындағы университетпен егін алқабының жағдайын, дән себуді мониторингілеу бойынша жұмыстар қолға алынуда", – деді ол.

Сондай-ақ өнімнің алқаптан тұтынушыға жеткенге дейінгі процесін қадағалау жоспарлануда.

"Бұл фермерлердің әкімшілік шығындарын 20%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніне онлайн-сауданы енгізу мәселесі қарастырылуда. Осылайша фермер өз өнімін онлайн саудаға шығаруға мүмкіндік алмақ. Енді бір жағынан мейрамханалар, кафелер, супермаркеттер шаруашылықтардың өнімін онлайн түрде сатып ала алады", – деді Бауыржан Айымбетов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қызметтерді ұсыну процесін қарқынды түрде дамытпақ. Бұл ретте алдымен субсидия беруге өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Субсидиялау ережесіне тиісті өзгерістер енетін болады. Сондай-ақ басқа да мемлекеттік қызметтер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігіне 10 мемлекеттік қызмет бекітілген.

"Біздің басты мақсатымыз – фермерлердің жұмысын мейлінше жеңілдету, оларға көрсетілетін қызмет мерзімін қысқарту, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу", – деп толықтырды Бауыржан Айымбетов.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу