"Қайрат" пен "Спортинг" – Чемпиондар лигасының финалында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2086

Алматыда футзалдан Чемпиондар лигасының жартылай финалдық ойындары өтті.

"Қайрат" пен "Спортинг" – Чемпиондар лигасының финалында Фото: uefa.com

Футзалдан Чемпиондар лигасының шешуші ойындары Алатау бөктеріндегі "Алматы Арена" спорт кешенінде өтіп жатыр. Жалпы, UEFA-ның осы додасының финалдық матчтары Алматыда үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 2011 және 2017 жылдары футзалдан Еуропаның ең үздік төрт командасы қазақ жерінде додаға түскен болатын.

Чемпиондар лигасының биылғы финалдық ойындары өте қызықты басталды. Әдеттегідей, әуелі жартылай финалдық ойындар өтті. Сайдың тасындай іріктелген төрт клуб жеребе тарту арқылы екі жұпқа бөлінген болатын: "Интер" (Испания) – "Спортинг" (Португалия) және "Барселона" (Испания) – "Қайрат" (Қазақстан).

Әуелі алаңға "Интер" мен "Спортинг" шықты. Тартысты өткен матчта 5:3 есебімен Португалия клубы жеңіске жетті. Сөйтіп, олар финалға шықты. Айтпақшы, бұл команданың сапында сегіз жыл "Қайраттың" намысын қорғаған, әрі Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамамыздың белді ойыншысына айналған Лео да ойнады.

Бұдан кейін "Алматы Арена" алаңына "Барселона" мен "Қайрат" шығып, көрермендерді қызыққа бөледі. Бірінші таймда есеп ашылмағанымен, матчтың екінші бөлігінде жеті гол соғылды. Әсіресе соңғы екі жарым минут шектен тыс шиеленісті өтіп, екі команда бір-бірінің қақпасына бес доп салды. Жалпы есеп – 5:2. "Қайрат" – финалда.

"Қайрат" екінші таймның басында қонақтарының қорғаныстағы қателігін пайдаланып, есеп ашты. Көп ұзамай тағы бір доп салып, есепті еселей түсті. Матч аяқталуға айналғанда, қонақтардың бір ойыншысы алаңнан қуылды. Басқа амалы қалмаған "Барселона" соңғы минуттарда қақпашысын бесінші ойыншыға алмастарып, тайлы-таяғымен шабуылға көшті.

Міне, осыдан кейін доп додасы өзгеріп сала берді. "Қайрат" тәуекелге бел буып, алға қарай лап қойған қонақтарының қақпасына үш гол соқты. "Барселона" артық ойыншымен шабуылдауға көшіп, екі доп салды. Осылай, Испанияның екінші клубы да финалға шыға алмады. "Қайрат" болса, өз жерімізде бірінші рет бас бәйгені сарапқа салу құқығына ие болды.

Айтпақшы, осы матчта футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының рекорды жаңартылды.  "Барселона" – "Қайрат" матчына 12 090 көрермен келіпті. 2015 жылғы "Спортинг" пен "Барселона" арасындағы Лиссабонда өткен жартылай финалдық матчпен салыстарғанда, 14 адам артық болған. Жаңа рекорд! Финалға бұдан да көп көрермен жиналса, таң қалмаймыз.

UEFA Чемпиондар лигасы. Жартылай финал

"Спортинг" – "Интер" – 5:3

"Қайрат" – "Барселона" – 5:2

Голдар: Тайеби, 21:21 (1:0). Тайнан, 27:00 (2:0). Джон Леннон, 37:37 (3:0). Лосано, 38:27 (3:1). Эдсон, 39:04 (4:1). Диего, 39:16 (4:2). Дуглас, 39:52 (5:2).

Алаңнан қуылды: Хоселито, 36:06 ("Барселона")

Финалдық ойындар. 28 сәуір, жексенбі

3-орын үшін: "Интер" – "Барселона" – 17:30

Финал: "Қайрат" – "Спортинг" – 20:00

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу