Қайырымды кәсіпкердің бетін көне заң қайтармасын

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1927

Енді кәсіпкерлерге, әсіресе, ірі бизнеске әлеуметтік жауапкершілігін танытып, елге демеу болуына қолайлы жағдайлар туғызылады.

Қайырымды кәсіпкердің бетін көне заң қайтармасын

Мұндай мүмкіндік екі жыл бұрын қабылданған "Қайырымдылық туралы" заңы аясында емес, жер қойнауын пайдалану заңнамасы аясында жасалғалы отыр.

Қазір мәжілісте жобасы талқыланып жатқан "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" жаңа кодексі 2018 жылдың 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.

Осы құжатта депутаттардың назарын аудартқан бір жаңалық бар екен. Атап айтқанда, бұдан былай бизнес ортаға "ғимараттарды, нысандарды, құрылысжайларды" мемлекеттік немесе коммуналдық меншікке өтеусіз, яғни тегін беретін болса, "уақытша өтеулі жер пайдалану не жалдау құқығын сатып алмауға" рұқсат етілмек.

Бұл жаңа норманың қажеттігін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек былай түсіндіреді.

"Қолданыстағы заң бойынша осы жер учаскесінде орналасқан құрылыстарды, ғимараттарды, нысандарды шаруашылық жүргізуге, оперативті не сенімді басқаруға беру кезінде ең алдымен "уақытша өтеулі жер пайдалану не жалдау құқығын" сатып алу талап етіледі. Аталған құқықты сатып алу сол объектілерге қатысты мәмілелерді жүзеге асыруға үлкен кедергі болып табылады. Бұл меншік иелерінің өз мүліктерін өз дегендерінше пайдалану құқығын да шектейді. Мысал ретінде айтсам, "Қазахмыс" корпорациясы Жезқазған қаласындағы "Спорт сарайын" мемлекетке қайтарымсыз беру кезінде уәкілетті органдар одан жер учаскесін жалдау құқығын алдын ала сатып алуды талап еткен", – дейді министр.

Ал Жезқазған қаласы әкімдігінің түсіндіруінше, бұл "Ұлытау" спорт сарайында күрес, бокс, дзюдо, баскетбол, волейбол, каратэ, шейпинг және басқа да спорт түрлері бойынша үйірмелер, жаттығу залдары бар көрінеді. Бұл кешен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған жаттығу базасы болып саналады. Таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін спорт сарайы 8 бен 16 жас аралығындағы – балаларға, ал кешке ересектерге әртүрлі секцияларда тегін жаттығуға берілетін көрінеді.

2013 жылы әлеуметтік активін қайта құрылымдау бағдарламасын жүргізген "Қазақмыс" корпорациясы өзінің өндірісіне тікелей қатысы жоқ бірқатар мүліктерін, соның ішінде әлеуметтік нысандарын мемлекетке ерікті және тегін тапсырмақ болған.

Бұл активтерді ел үкіметі ірі бизнестен демеушілік және қайырымдылық көмек ретінде қаланың коммуналдық меншігіне қабылдауы тиіс еді. Атап айтқанда, Қарағанды облысының әкімдігі мен "Қазақмыс" арасында қол қойылған меморандумға сәйкес, "Ұлытау" спорт сарайы мен "Металлург" стадионы Жезқазған қаласының меншігіне көшуге, сондай-ақ бұл объектілерді ұстап тұрумен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі айналысуға тиіс болған. Бұл үшін қажетті қаражаттарды облыстық туризм және спорт басқармасы 2013 жылы бөліп те қойған.

Алайда қолданыстағы заңнама оған тыйым салатын көрінеді. Себебі, кәсіпорын алдымен миллиондар шығындап, сол ірі ғимараттар астындағы жерді мемлекеттен сатып алуға міндетті екен.

Сондықтан мұндай кереғарлықтар болашақта туындамауы және бизнестің қайырымдылыққа ұмтылысы бюрократиялық жартасқа соғылып, кері қайтпауы үшін салалық заңнамаға өзгерту енгізіліп отыр.

Салалық жаңа кодекс арқылы тағы бір өзгеріс өмірге жолдама алмақ. Оған сәйкес, енді "өнеркәсіптік жерасты сулары" деген ұғым пайда болады. Бұл тұрғыда заңнамада "өнеркәсіптік жерасты сулары  – құрамындағы  пайдалы қазбаларды алу үшін пайдаланатын, жер асты сулары (сирек эелементтер, галогендер және басқалары)" деген анықтама беріліп отыр.

"Кейбір жағдайларда жерасты сулары олардың құрамындағы пайдалы қазбаларды алу үшін де пайдаланылады. Бұл жағдайда, осы қызмет түрі бұдан былай жай "су пайдалануға" жатпайды. Соған байланысты аталған суларға жеке анықтама беру қажет", – дейді министр. Яғни, су құрамындағы халықтың байлығы тегіннен тегін "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" кетпейді, одан да мемлекетке салық түседі.

Жаңа кодекс арқылы елімізге дамыған елдердің стандарттары ендірілетін болады. Өйткені биыл ел президентінің бес институционалды реформасын іске асыру бойынша жүз қадам шеңберінде CRIRSCO пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі есептілік стандарттарының халықаралық жүйесін ендіру басталды.

Сондай-ақ кодекс бойынша Қазақстанда барлық пайдалы қазбалар үшін озық әлемдік практиканы пайдалана отырып, келісімшарттар жасасудың жеңілдетілген әдісі енгізілмек.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазіргі уақытта КСРО кезінде барланған кен орындарының көп бөлігі игерілу үстінде. Соңғы жылдары минералды-шикізат қорының орнын толтыру қарқыны өндіру қарқынынан қалып қойған. Бұл ретте Қазақстанда геологиялық барлауға инвестиция жетіспейтіні белгілі болып отыр: орташа есеппен 1 шаршы метрге 7 долларды ғана құрайды. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-та – 87, Аустралияда – 167, Канадада 203 долларға жетеді. Жерінің көлемі бізге ұқсас Канадада геологиялық барлауға Қазақстандағыға қарағанда 30 есе көбірек салынады. Министрліктің бағалауынша, бұл жағдай елімізде жаңа кен орындарының ашылуын тежеп тұр.

Құқықтық реттеу саланың инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететінін атап өткен жөн. Бұған "Тау-кен компаниялары бойынша зерттеулердің" Фрейзер институты түзген "Survey of mining companies 2016" рейтингі дәлел: Қазақстан бұл рейтингте инвестициялық тартымдылық индексі бойынша тек 73 орында орналасқан, ал көш басында Аустралия, Чили, Канада және басқа елдер тұр.

Қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге берілген лицензиялардың саны Аустралия, Канада және Чили сияқты тау-кен саласы дамыған елдерде ондаған мыңдап есептеледі. Мысалы, бір ғана Аустралияның өзінде ресми деректер бойынша 23,5 мыңнан астам жер қойнауын пайдалануға лицензия берілген. Салыстыру үшін Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында қатты пайдалы қазбалар саласында жер қойнауын пайдалануға жасасқан келісімшарттар саны шамамен 600 құрайды, ал елдің геологиялық әлеуеті бұл санды бірнеше есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік банктің және Данди книверситетінің (Ұлыбритания) сарапшылары жүргізген тәуелсіз талдауы қорытындысында "Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласындағы ағымдағы заңнамасы бытыраңқы, көптеген түсініксіз тұстарға толы, жиі өзгерістерге ұшырайды, инвесторлардың түсінуі үшін күрделі, тиімсіз және шамадан тыс реттелген және ең бастысы – біздің ел экономикасының ағымдағы қалыбына сәйкес келмейді" деп танылған.

Яғни, бұл сала "командалық және жоспарлы экономикаға негізделген кеңестік тәжірибенің мұрасынан" әлі күнге арыла алмапты. Себебі, заң әзірлеушілер мен шығарушылар назары, "ең алдымен, кеңес дәуірінде барланған көмірсутек және қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге шоғырланған".

"Басқаша айтқанда, ағымдағы реттеу жер қойнауы мен оның ресурстарын пайдалану бойынша ағымдағы құқықтық қатынастардың, сондай-ақ іс жүзінде қалыптасқан, бірақ осы күнге дейін реттелмей қалып қойған барлық ерекшеліктері мен алуан түрлілігін толық шамада ескермейді. Мұндай қатынастарға, мысалы, пайдалы қазбаларды ынталы түрдегі тәсілмен өндіру, жер қойнауын азаматтық және өнеркәсіптік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды (жер үстіндегі) салу кезінде пайдалану жатады", – деп түсіндіреді инвестициялар және даму министрі.

Ал жаңа кодексті қабылдау арқылы Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласын қайта құратын, оны сапалы жаңа деңгейге шығаратын болады. Оны реттеуге кешенді және жүйелі сипат береді, мұнымен ұзақ мерзімді өсу үшін жағдайлар жасалады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу