Какау кетті Кувейтке – Кака келді "Қайратқа"

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2226

Қазақ футзалын ерен жетістіктерге жеткізген Бразилия маманы Какау енді "Қайрат" футзал клубын жаттықтырмайды.

Какау кетті Кувейтке – Кака келді "Қайратқа" Фото: afckairat.kz

Рикардо Камара Собрал немесе қысқаша ғана "Какау" футзалдан биылғы ел чемпионаты аяқталысымен "Қайраттан" кетті. Алматы командасымен ресми түрде қоштасты. Клуб басшылары, атап айтқанда, аталмыш ұжымның президенті Қайрат Оразбеков оның иығына шапан жауып, қазақы дәстүрмен шығарып салды.

"Қайрат" биыл УЕФА кубогының "Төртеу финалы" додасына шыға алмай қалған. Сол сәтсіздіктен соң Какау осындай шешім қабылдапты. "Қайрат" шағын футбол клубы басқа білікті бапкермен қазіргіден де жоғары жетістіктерге жете алуы да мүмкін ғой деп ойлайтындай. Команданың бағын байламауды жөн көріпті.

Бірақ оның бәрін уақыт көрсетеді. "Қайрат" бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізе ала ма, жоқ әлде, Какаудың кезіндегі ойын өрнегіне зәру болып қала ма? Оған тек алдағы күндер төреші. Негізі, Какаудың қазақ футзалына сіңірген еңбегі – ұшан-теңіз. Оны айтуымыз да, мойындауымыз да керек.

Мысалы, Какау "Қайрат" футзал клубын 2013-2018 жылдар аралығында жаттықтырып, екі рет UEFA кубогын жеңіп алды (2013, 2015 жж). Ал 2014 жылы әлем суперкубогының жеңімпазы атанды. Халықаралық деңгейдегі Еременко кубогында төрт рет топ жарды (2014, 2016, 2017, 2018 жж).

Ол "Қайрат" футзал клубымен алты рет Қазақстан чемпионы атанды (2013-2018 жж). Бес рет ел кубогын жеңіп алды. Ең бастысы, "Қайратты" бүкіл Еуропа клубтары қаймығатын деңгейге көтерді. Қазақ елінің атын шығарып, шағын футболдан абыройымызды асқақтатты.

Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып, бас командамыздың да ойынын түлетті. 2016 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанып, бүкіл әлемді қайран қалдырды. Биылғы Еуропа чемпионатында 4-орынға ие болды. 2016 жылғы әлем чемпионатында 1/8-финалына дейін жетті. Сөз жоқ, жас мемелкетіміз үшін керемет жетістіктер!

Сонымен, осындай білікті, сыралғы, жалынды маман кетті. Баспасөз беттеріндегі соңғы деректерге сенсек, енді Кувейт құрамасын жаттықтыратын болыпты. Осы елдегі футбол федерациясымен екі жылға келісімшартқа отырған. Енді Кувейттің футзалын қарыштатып дамытып, жоғары жетістіктерге жеткізіп жатса, таң қалмаймыз.

Өкініштісі, Какау кеткен соң, "Қайрат" футзал клубынан бірнеше ойыншы кететін болып отыр. Мәселен, команданың ең үздік ойыншыларының бірі, Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғайтын Дуглас Каталонияның "Барселонасына" ауысатын болды. Бұл жай ғана ойыншы емес, Еуропа футзалының жарық жұлдызына айналған нағыз қас шебер еді.

Сондай-ақ Дуглас секілді Қазақстан құрамасының намысын қорғаған оның отандасы, яғни Бразилия футзалшысы Лео да Алматы клубынан кететін болыпты. Ал Тайнан ойланып жүргендей. Оның да "Қайраттың" сапында қалуы екіталай сияқты.

Футзалдан Қазақстан чемпионаты аяқталысымен Бразилия майталмандары Алешандре мен Эдуардоның да "Қайратпен" қош айтысқандары мәлім болған. Сонда қазірдің өзінде 4-5 футзалшының басқа клубтарға ауысатыны белгілі болып отыр. Жаңа маусымға дейін олардың қатары көбейе түсуі де мүмкін.

Ал "Қайратты" алдағы маусымнан бастап, Какаудың отандасы, Бразилия маманы Кака (толық аты-жөні – Пауло Рикардо Фигейро Силва) жаттықтыратын болады. Ол биыл Ресейдің "Газпром-Югра" клубын баптаған. Осы командамен екі рет Ресей кубогында топ жарып (2012 және 2016 жылдары), 2014/2015 жылдар маусымында РФ чемпионы атанған. Ал 2015/2016 жылдар маусымында УЕФА кубогын жеңіп алған. 

Өздеріңіз байқап отырғандай, Кака да осал маман емес. Бір қызығы, ол 2012 жылы Әзербайжан азаматтығын алып, футзалдан осы елдің ұлттық құрамасы сапында ойнаған. 1977 жылы 4 наурызда Бразилияның Сержипи штатындағы Аракажу қаласында дүниеге келген. Енді "Қайратты" өрге сүйреуге тырысады. Оңай емес, Какаудан кем түспеу керек. Әйтпесе, жанкүйерлер қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, көпшілік қошаметіне ие болған Рикардо Камара Собралды сағынып, іздейтін болады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу