Калинин көшесінен көшетін болды

Аскар Муминов Аскар Муминов
2617

Алматы әкімдігі мен гүл бизнесінің иелері келісімге келді. 

Калинин көшесінен көшетін болды

Қала билігінің бұдан бұрын гүл бизнесін жою туралы айтқанына қарамастан, Алматы қаласының гүл өсірушілер клубы өздерінің бизнесін сақтап қалу мен жұмыстарын жалғастыру құқықтарын қорғап қалды.  Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қаладағы гүл бизнесінің өкілдері өздерінің бизнесін жаңа орынға көшіру туралы әкімдікпен келісімге  келгендерін айтты.

Қала тұрғындары гүл сатып алатын атақты Калинин көшесінің бойында гүл базары  басқа жерге көшіріледі. Барлығы үшін ең тиімдісі осы болып тұр деп мойындады "Алматы гүл өсірушілер" ЖШС басқармасының төрағасы Вадим Утеулиев.

Гүл нарығындағы 8 дүңгіршектің иесі Вадим Утеулиев басқа жерге көшуге келіскенін айтты. Қазіргі "Гүл базарының" орнында сауда үйі болады. Ол жерде де гүл сататын павильондар болады, яғни сауда үйі салынып біткеннен кейін гүл сататын дүңгіршектер сол жерге көшіріледі. Бұл тек құрылыс жүріп жатқан кезде бизнес тоқтап қалмау үшін жасалған уақытша ұсыныс.

"Кәсіпкерлер мен меншік иелерінің құқығын қорғау одағы" қоғамдық бірлестігінің президенті Василий Резин Калинин көшесінің бойында гүл сататындардың нарығы басқа жерге көшірілсе де, өз мүліктерін толығымен сақтап қалатынын айтты. Олардың негізгі бөлігі Қарасай батыр мен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің арасында  орналасқан аумаққа көшіріледі. Заңгердің айтуынша, қазір гүл бизнесінің өкілдері Алмалы ауданының әкімдігімен Калинин көшесінің бойындағы гүл базарының орнына жаңа сауда орталығы салынып жатқан кезде Қарасай батыр мен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің бойында сауда жасау құқығын бекіту туралы меморандумға қол қою үдерісі жүріп жатыр

Жаңа сауда үйін салуға қатысты барлық құжатты әзірлеп, мақұлдауға кем дегенде бір жыл уақыт керек болады деп атап өтті Василий Резин. Ол "Кәсіпкерлер мен меншік иелерінің құқығын қорғау одағы" қоғамдық бірлестігінің атынан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке әкімдік жанында жерлерін мемлекеттің қажеті үшін алып қойған меншік иелерінің құқығын қорғау бойынша қоғамдық сараптамалық кеңес құру қажеттігі  туралы өтініш білдірген. Заңгердің айтуынша, билік пен бизнес иелерінің  ортақ шешімге келуі бірегей жағдай. Көп жағдайда жерге қажетті барлық құжаттар болған күннің өзінде жер тартып алынады да, меншік иелеріне мардымсыз ақша төлей салады. Мысалы екі тарап келісімге келгенге дейін Калинин көшесінің бойындағы дүңгіршектердің иелеріне небары 40 мың теңге төлемекші болған.

Василий Резин қоғамдық сараптамалық кеңеске сауатты, беделді мамандарды алуды ұсынды.

2017 жылдың басынан бастап "Кәсіпкерлер мен меншік иелерінің құқығын қорғау одағы" қоғамдық бірлестігінің атынан мемлекеттің қажеті үшін мүлігін алып қойған 50-ден астам кәсіпкер шағымданғаны туралы мәлімет келтірілді.

Оның 85%-ы жергілікті атқарушы органның қаулы шығаруымен немесе мемлекет қажеті  үшін алынған мүліктің орнын бірдей өтеуді заңдастырған заң күшіне енген сот актілерін шығарған сот процедураларымен аяқталған.

Әкімдік пен гүл сататын дүңгіршек иелерінің шайқасқанына да көп уақыт өткенін айтып кеткен жөн, алайда тамыз айының ортасында бұл одан сайын ушыққан. Әкімдік қала бойынша 1500-ден астам  гүл сататын дүңгіршек  сүрілетінін айтқан, ал бутик иелері әңгіме бизнестеріне лайықты өтемақы төлемей, мемлекет тарапынан күштеп тартып алу жайында болып отырғанын айтып шағымданды.

Әкімдіктегілер бұған өздерінің ұстанымын айтып, дүңгіршек иелерінің тиісті құжаттары жоқ екенін алға тартып ақталды. Сүрілуге тиіс 1500 нысанның тек 200-де ғана құқық белгілеуші құжаттары бар. 

Сонымен қатар Калинин көшесінің бойындағы гүл базарының орнына салынып жатқан жаңа сауда үйінде гүл сататын дүкендердің бәрі бірдей жұмыс істей алмайтынын, тек ол жерде бутиктері болғандар ғана орналасатынын  айтып кеткен дұрыс шығар. Ал қалғандарының бизнесі құрдымға кеткен.

Қазірдің өзінде он шақты шағын дүкен сүріліп тасталған. Ал олардың иелері нан тауып отырған бизнестерінен айырылғандарын айтуда. Жеке кәсіпкер Галина Бондоренко болса өзінің гүл сататын жері сүріліп тасталғанын, онымен қоймай өзін жерді өздігінен иеленіп алған деп айыптап сотқа бергенін айтты. Ол дағдарыс жағдайында мемлекет шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек деп отырған кезде қаланың гүл сататын дүңгіршектеріне қатысты болып жатқан жағдай еліміздің ШОБ субъектілерінің жағдайы қаншалықты осал екенін көрсетеді деп отыр.

Ал әкімдік өкілдері болса барлығы заң жүзінде жасалып жатқанын айтады. Алматы қаласының кәсіпкерлік басқарамасы басшысы Алмас Мадиев  мәселенің бәрі нысандардың жартысынан көбі заңсыз қойылғандығы мен құқық белгілеуші құжаттың жоқ екендігінде дейді.

Ол жыл басынан бері қалада 1500 тұрақсыз нысан болғанын, оның ішінде шамамен 100 гүл дүкені бар екенін айтты. 1300 нысан кәсіпкерлердің өзімен демонтаждалған, жұмыс қаладағы сауда орындарын дамыту аясында іске асып жатыр. Алмас Мәдиев 1994 жылдан бастап қаланың бас жоспарын қалыпқа келтіру аясында реформа жүргізілгенін айтты. Осыған сәйкес, 2005 жылы қалада дүңгіршектер болмауы керек болатын. Егер жалға алу мерзімін созбайтын болса, онда қаланы көркейту жоспары бойынша нысан бұл жерде тұрмау керек. Сондай-ақ ол мұндай нысандардың 90%-ы табысын жасырып, кассалық чек бермейтінін айтты.

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу