Қаржы министрінің орынбасары Үкімет резервінен бөлінген қаражат қалай игерілетінін баяндады

4105

 5,9 трлн теңге қалай игеріледі? 

Қаржы министрінің орынбасары Үкімет резервінен бөлінген қаражат қалай игерілетінін баяндады
Коронавируспен күреске жұмылдырылған Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызмекерлеріне бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы төленетін болды. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов онлайн-брифингте осындай мәлімет айтты.

"19,5 млн теңге коронавирусқа шалдыққан және індет жұқтырды деген күдікпен жатқызылған адамдарды емдегені үшін медициналық мекемелерге бөлінді. 14,1 млрд теңге  карантиндік типтегі 3 медициналық модуль салуға жұмсалады. 30,8 млрд теңге азаматтардың жекелеген санатына азық-түлік үлестіру үшін берілді. 8 млрд теңге  медициналық жұмысшылар мен  ішкі істер органдарының өкілдеріне, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлеріне 1 айлық лауазымдық еңбекақы көлемінде сыйақы  төлеу үшін бөлінді", – деді вице-министр.  

Ол сондай-ақ, бюджеттен бөлінген 30,8млрд теңгенің 2 млн қазақстандыққа қалай жететінін түсіндірді.

"Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті салықтық түсімдер мен жергілікті деңгейдегі қолдауды қоспағанда 5,9 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 2,5 трлн теңге бюджеттен тыс көздерден, 3,5 трлн теңге республикалық бюджет есебінен үш бағытқа жұмсалады. Бірінші бағыт. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен төтенше жағдайға 1,2 трлн теңге қарастырылған. "Жұмыспен қамтудың жол картасына" 300 млрд теңге бағытталады. Инфрақұрылым жобалары жүзеге асып, 250 мың жұмыс орны құрылады. "Бизнестің жол картасын" іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Кәсіпкерлерді субисидия мен несиелік кепілдік арқылы қолдау көзделіп отыр. Осының арқасында 16 мың жұмыс орны ашылып, 250 млрд теңгенің салығы түседі деген есеп бар. Азаматтардың жекелеген санатына 5 567 теңгенің азық-түлігі мен тұрмыстық жиынтығын тарату үшін 30,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл шара 2 миллионнан астам адамды қамтиды", – деді ол. 

Қаржы министрінің бірінші орынбасары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын импорттауда қосымша құн салығының мөлшерлемесін 12-ден 8 пайызға түсірілгенін де мәлімдеді. Мұндай мөлшерлеме 1 қазанға дейін күшінде болады. 
 
"Бұл норма тек әлеуемттік маңызы бар тауарларға қатысты. 28  наурыз бен 1 қазан аралығында аталмыш тауарлар қосымша құн салығының 8 пайыздық мөлшерлемесімен импортталатын болады. Электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіндегі өзгертулері 2  сәуірден бастап енгізіледі. 28 наурыздан бастап импортталған тауарлардың шот-фактурасын 15 күннің ішінде осы тәртіп бойынша рәсімдеуге мүмкіндік бар. Тауарларды есепке тіркеу үшін салық төлеушілер жеке есеп жүргізуі керек болады. Өйткені басқа тауарлар үшін қосымша құн салығының импорттық мөлшерлемесі 12 пайыз күйінде қалады. Салық төлеушілер бұған дейін есепке алынып кеткен сомаларды 8 пайызбен есептеуге құқылы. Ол үшін тауарлардың жалпы құнын 8 және 12 пайыз мөлшерлеме айырмашылығының шегінде арзандату керек. Егер салық төлеуші бағаны түсірмесе, сату бағасы мен өзіндік құнын арасындағы айырмашылық артады да, коропоративтік табыс салығы алынады", – деді вице-министр. 

Мұнай зауыттарын акцизден босату бензин бағасына қалай әсер етеді? Берік Шолпанқұлов бұл сқраққа да жауап берді.

"Мұнай өңдеу зауыттары сатылған бензин мен дизельдің акцизінен жыл аяғына дейін босатылды. Заңнамаға сәйкес, өндіруші мұнай өнімдерін Қазақстан аумағында сатып немесе экспорттағанына қарамастан, акциздің салық төлеушісі болып табылады. Мұнай өңдеуші шаруашылықтар мұнай мен алынған өнімнің иесі болмаса да, акцизден босатылады. Желтоқсан-маусым аралығында көктемгі егіс науқаны үшін бензин өндірудің акциздік мөлшерлемесі тоннасына – 24 мың теңге, дизель өндірудің мөлшерлемесі тоннасына  9 540 теңге болады. Осылайша экпортталып жатқан өнім акциз сомасының көлемінде арзандауға тиіс", – деді министрлік өкілі. 

Валюта бағамының құбылуы ел билігін әлеуметтік төлемдердің индексін қайта қарауға мәжбүр еткен көрінеді. Жыл басында зейнетақы мөлшерін 5 пайызға көтерген Үкімет теңгенің құлдырағанын ескеріп, тағы 5 пайыз индекстеу шарасын қолға алды. Вице-министрі Берік Шолпанқұлов осы мақсатқа бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін атады. 

"Макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты қабылданған шараларға 315,6 млрд теңге бағытталады. Осы қаражат есебінен 1 сәуірден бастап әлеуметтік төлемдерді индекстеу және валюта бағамының шығындарын жабу іске асатын болады", – деді ол.  

Берік Шолпанқұлов қажет болған жағдайда ел экономикасына сырттан қарыз тартуға толық мүмкіндік бар деп санайды. 

"Бүгінде мемлекеттік қарыздың деңгейі жалпы ішкі өнімнің 23,6 пайызына тең.  Бүгінгі таңда қауіпсіздік шегі ЖІӨ-нің 50 пайызы ретінде белгіленген. Яғни, мемлекеттік қарыздың мөлшері қауіпсіз деңгейде. Бұл бізге сырттан қарыз алып, оны эконмикаға бағыттауға мүмкіндік береді. Ондай мүмкіндік бар", – деді ол. 

Кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген вице-министр бюджет тапшылығының орнын толтыру үшін сырттан алынатын қарыздың болжалды мөлшерін атады.

"Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 2,4 трлн теңге  қарызға алу қажет. Оның 3 млрд долларын  сыртқы нарықтан алуды жоспарлап отырмыз. Мұнайдың бағасы түскенін ескерсек,  биыл Ұлттық қорға  1 трлн теңге түседі деген есеп бар", – деді ол.

Брифинг барысында Берік Шолпанқұлов шағын және орта бизнес нысандарын арендалық төлемдерден босату шараларына да тоқталды.

"Шағын және орта бизнес нысандары 3 ай мерзімге аренда төлеуден  босатылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 20 наурыздан бастап республикалық және коммуналдық меншіктер бойынша арендалық төлем аудару тоқтатылды. 26 наурыздан 20 маусымға дейін мемлекеттік мүліктер бойынша  7 701 арендалық келісімшарт тоқтатылды", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу