Қаржы пирамидалары салымшыларды тығырыққа тірейді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7242

Бас прокуратура ел азаматтарын алаяқтарға алданып қалудан сақтануды сұрады.

Қаржы пирамидалары салымшыларды тығырыққа тірейді

Кейінгі отыз жылда қазақстандықтар "МММ", "Телемаркет", "Тибет", "Хопер-инвест" секілді қаржылық "басқыншылардың" шапқыншылығын  толқын-толқынымен бастан өткерді. Өкінішке қарай әлемдік қаржы дағдарысы қос өкпеден қысқан сайын халықтың қаржы пирамидаларына ақша салып, тез баюға деген ынта-ықыласы арта түсетіндей. Бұл қылмыстық ұйымдар ақыр соңында ешкімге ақшасын қайтармайтынын көпшілік жақсы біледі. Бірақ барлығы "пирамиданың" ұшар басынан, алғашқылар қатарынан табылып, шамалы да болса "жеңіл" пайда тауып қалуға жанталасады.

Қазақстанда қаржылық пирамидалар қызметіне қатаң тыйым салынған. Қылмыстық кодекске 2014 жылы енгізілген түзету бойынша бұл тыйымды бұзғандар, яғни әлгіндей ұйым құрғандар үшін 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Елімізде бұл ұйымдарды жарнамалауға да тосқауыл қойылған. Атап айтқанда "Жарнама туралы" қолданыстағы заңның 13-бабында "қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады" деп жазылған. Бұған бағынбағандар әкімшілік және қылмыстық қудалауға ұшырайды. Осыған қарамастан "табысқа кенелтемін" деп алыстан қол бұлғап шақыратын, шынында халықты шығын батпағына батыратын қара ниетті қаржылық құрылымдар әр жерден бір бас көтеріп отыр. Олар лезде ашылады да, қатысушылар есін жиып, хабар құқық қорғау органдарына жеткенше, күйреп үлгереді. Сөйтіп, алаяқтар ел азаматтарының қалтасын қағып, тақырға отырғызып, онсыз да күрделі кезеңде оларды қан қақсатуда.

Бәрінен сорақысы, "пирамидалар" қарапайым жұрттың жалғыз баспанасын саттырып, уәде еткен көп ақшадан көк тиын да ұстатпай, табанын жалтыратуда. Тиісінше, қоғамның мемлекеттің мойнына артылатын осал қабатындағылардың да қарасы қалыңдай түседі.

Сондықтан бұл іске құзырлы органдардың араласуына тура келуде.

"Құрметті азаматтар! – деп Қазақстан халқына қайырылды бүгін бас прокуратура. – Ғаламтор мен электронды төлем құралдары қарқынды дамуда. Нарықта осы құралдарға ақшаны тиімді инвестициялаймыз деген сияқты көптеген ұсыныстар бар. Алайда оны қалай дұрыс жасау керектігін барлығы бірдей біле бермейді. Оны алаяқтар өз мақсаттарына пайдалануда. Қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде? Біріншіден, олар орасан зор пайдаға кенелтемін деген уәдемен адамдарды жаппай өздеріне тартады. Ал ондай пайданы ешбір банк те, ешбір басқа ұйым да қамтамасыз ете алмайды. Бұл күмән туғызуы керек. Екіншіден, олар шет елде тіркелген. Құрылтайшылары белгісіз. Ақша шет елге шығарылады. Олардың өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндіріп бере алмайды. Оның орнына сіз маңызды серіктес пен жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі буклеттерді көресіз. Үшіншіден, олар сіз жаңа клиенттер әкелсеңіз, қосымша табыс төлейтіндерін уәде етіп үнемі ынталандырып отырады. Осы белгілердің барлығы Қазақстанда жарнамасы мен қызметіне тыйым салынған қаржы пирамидасына нақ кез болғаныңызды көрсетеді (ӘҚБ Кодексі 150-бап және ҚР ҚК 217-бап). Егер сіз алаяқтарға алданып қалған болсаңыз, полицияға немесе экономикалық тергеу қызметіне жүгінуіңіз керек, – деп кеңес береді бас қадағалаушы орган.

Қазіргі кезде отандық БАҚ-та "Questra Holdings Inc." компаниясы туралы мақалалар жарияланып, қызу пікірталас жүруде. Ол туралы Парламент депутаттары да мәлімдеме жасады.

Ал құзырлы органдар не істеуде?

Біріншіден, Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен ішкі істер органы осы жылдың 15 наурызынан "Questra Holdings Inc." қатысты қылмыстық іс бастады.

Екіншіден, Ішкі істер министрлігіне бүкіл ел бойынша тергеу ұйымдастыру үшін тергеу тобын құруға нұсқау берілді.

"Үшіншіден, Ұлттық банкпен, ІІМ-мен және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірігіп, жағдайды бақылауға алып, қаржы пирамидаларының қызметтерін бұлтартпау үшін шаралар қабылдаймыз. Азаматтарды сақ болуға және өз қаражаттарын алаяқтарға сеніп тапсырмауға шақырамыз! Күмән туған жағдайда, ақшаны салмас бұрын құқық қорғау органдарына жүгінген жөн", – деп мәлім етті бас прокуратура.

Қазақстанда ойран салған ірі "пирамидалар" қатарында Көкшетау қаласында 2011 жылдың сәуір айында пайда болған және 20 мың адамды тақырға отырғызған "КазРосИнвестПроект" ЖШС-ын (ел арасында "Миллионерлер клубы" деп аталған) айтуға болады. Ол "жұмыс" жасаған 3 ай ішінде адамдардан 185 миллион теңге жинап үлгерген! Ал сол жылдың маусым айының басында салымшылардан түскен арыз-шағым бойынша тексеріспен келген қаржы полициясы қызметкерлері пирамида сейфінен небары 41 миллион теңгені ғана таба алған. Бұл "пирамиданың" ережесі бойынша кассаға енгізілген әрбір 100 теңге бір айдан соң салымшысына 400 теңге көлемінде "қайтуға" тиіс болған. Бұл жерде бір айлық пайда 300 теңге болған. Ал егер салымшы 12 айдан кейін ғана кері сұраса, "Миллионерлер клубы" онысын "1 677 721 600 теңге" етіп қайтаруға уәде еткен. Бір жылда әр 100 теңгенің 16 777 216 есе көбеюі ақылға сыймайтын нәрсе. Мұндай табысты бірде бір заңды қаржылық ұйым ұсынбайды.

"Questra Holdings Inc."-тің қызметі де ел прокуратурасының назарын аудартты. Қызылорда облысының прокуроры Халидулла Дауешовтың айтуынша, осы өңірде елімізде тіркелмеген және интернет-платформада әрекет ететін әлгі компания кең қанат жая бастаған. Компания өкілдері қызылордалықтарға "инвестордың портфеліне ақша салуды, жаңа адамдар тартуды  ұсынады және болашақта айтарлықтай табысқа кенелтуге уәде етеді". Бұл компания жұмысының сипаты мен әдістері қаржылық пирамидаға тән барлық белгілерден тұратындықтан, облыс прокуратурасының нұсқауымен, өңірлік ішкі істер департаменті Қылмыстық кодекстің 217 бабы (қаржылық пирамида құру және басшылық ету) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Сондай-ақ әлгі компанияны жарнамалаумен айналысатын тұлғаларды Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 150-ші бабы (қаржылық пирамида қызметін жарнамалау) бойынша жауапқа тарту мәселесі шешілуде.

Бір аңғарарлық жайт, өткен ғасырдың соңындағы Мавроди секілді алаяқтардан бір айырмашылығы, қазіргі кезде қаржылық пирамидалар компания ретінде ресми тіркеліп, өздерін салмақты ұйым, өз жобасы бар инвестор ретінде көрсеткісі келеді.   

Бұған дейін мысалы, Атырау қаласында 40 жастағы ер адам 2014 жылы "Playtcoin" ЖШС-ын ашқан және банктік операцияларды жүргізуге рұқсатсыз қала тұрғындарынан ақшалай салымдар қабылдаған. Компания өз "клиенттерінің" барлығына салған сомаларының 30 пайызы мөлшерінде ай сайын бонустар беріп тұруға уәде еткен. Ақшалай қаражаттың барлығы әлгі алдаяқтың жеке шотына, сондай-ақ оның ұялы телефоны нөмірінің шотына аударылған. Қаржылық пирамида қызметінің нәтижесінде 134 адам зардап шеккен, оларға келтірілген зиян 83 миллион теңгеден асып кетіпті. "Аңқаулық ұрлықтан да жаман" деген нақыл бар. Әйтпесе, қай адам ұрыға жайдан жай осынша қаржысын берер еді?! Қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыға Қылмыстық кодекстің "Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктiк қызмет" және "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оның қызметіне басшылық жасау" баптары бойынша айып тағылып, жазаланды.

Прокуратура мамандары мен сарапшылардың айтуынша, қаржылық пирамидалардың қызметіне халықтың қатысу себептерінің бірі қаржылық-кредиттік заңнама саласында білімінің жеткіліксіздігі, ақшаны ұстау мәдениетінің төмен деңгейі, сондай-ақ азаматтардың ақша жинау және инвестициялауға деген ізгі құштарлығы болып табылады.

Демек, мемлекетке азаматтарға өз қаржыларын заңды түрде инвестициялаудың қазіргі қолда барларынан анағұрлым тартымды көздері мен құралдарын ұсына алуы маңызды болып отыр. Бұл үшін қор нарығы дамытылғаны жөн.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу