Кәсіпкерлер палатасы базардағы саудагерлермен тікелей жұмыс істей бастады

Клара Ларина Клара Ларина
16562

Келесі жылы Оңтүстік Қазақстан облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандары Шымкент базарының саудагерлеріне тегін кеңес бермекші.

Кәсіпкерлер палатасы базардағы саудагерлермен тікелей жұмыс істей бастады

"Келесі жылы "Айна базар" және "Самал" базарында кеңес беру кабинетін ашпақпыз. Заңгерлер, бухгалтерлер, салық заңы бойынша жұмыс істейтін мамандар кәсіпкерлерге кеңес береді. Кабинет аптасына екі рет жұмыс істейді", – дейді ОҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Тимур Нақыпбеков.

Базарда сауда жасайтын кәсіпкерлердің айтуынша, ӨКП-ке баруға олардың уақыты бола бермейді. Бірақ осыған қарамастан, саудагерлер жұмысындағы қиындықтар мен шешімін таппай жатқан мәселелер баршылық. Сондықтан кәсіпкерлердің өңірлік палатасы қол ұшын созып, кәсіпкерлерге тегін кеңес беруге шешім қабылдады.

"Бұл – республиканың басқа өңірлерінде жоқ сынақ жоба. Базар әкімшілігі түсіністік танытып, қажет келісімге қол қойды. Енді кеңес беру кабинетінің жұмыс істейтінін хабарламақ", – дейді Тимур Нақыпбеков.

ОҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры орынбасарының айтуынша, келесі жылдың алғашқы тоқсанында палата мамандары өз күшімен жұмыс істемек. Содан кейін мемлекеттік орган (салық, кеден және т.б) қызметкерлерін тарту жоспарланып отыр.

Базарда кеңес беру орнын ашу – кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету саласындағы жаңа қызмет түрі. Тимур Нақыпбеков келесі жылы енгізілетін жаңалықтар ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) мәселесі жөнінде кеңес беру де бар екенін атап өтті.

"Көптеген кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың бұл шарасын толық түсінбей жүр, ал кейбірі бұл туралы мүлде білмейді. МЖӘ немен айналысады, оның механизмдері қандай, құжат қалай рәсімделеді? Осы және өзге де сұрақтар кәсіпкерлерге қиындық тудырып отыр. Кәсіпкерлерге тек кеңес беріп қана қоймай, сонымен бірге оларға МЖӘ жобасын іске асыруда қолдау көрсететін мамандар дайындадық", – дейді ол.

Портал тілшісімен әңгімелесушінің айтуынша, кәсіпкерлерді қолдау құралын кеңейту – ӨКП жұмысының негізгі міндетінің бірі. Осыған орай кәсіпкерлердің сұранысы мен қажеттілігінен қызмет көрсетудің жаңа түрлері туындап отыр. Егер алғашқы жылы жеті қызмет түрін көрсетсек, келесі жылы оған бизнес-мектеп, "Аға сеньор", "Іскер байланыс" бағдарламасымен кеңес беру қызметі қосылды. Енді кәсіпкерлердің қалауымен МЖӘ-ге қатысты кеңес беру енгізілмек.

Қазіргі уақытта өңірдегі бизнесті сервистік қолдау кәсіпкерлер, әсіресе, істі енді бастаған кәсіпкерлерге қажет негізгі сегіз бағытта жүзеге асып жатыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшысының айтуынша, кәсіпкерлерге бухгалтерия, заң, салық, кедендік басқару саласындағы білікті мамандардың кеңесі өте қажет.

ӨКП баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері ОҚО-ның 910 кәсіпкеріне бухалтерлік, салықтық есеп, сондай-ақ статистикалық есептілікті құруға қатысты қызмет көрсетіліп, 283 кәсіпкер салық және статистика органына ай сайынғы, тоқсандық есептерін тапсырған.

240 кәсіпкерге кедендік рәсімдеу бойынша қызмет көрсетілді. Оның 60%-ы экономикалық келісімшарт жасап, кедендік рәсімдеуден өтті. 115 кәсіпкерге менеджмент жүйесін енгізу жөнінде кеңес пен қолдау көрсетілді.

1123 бизнесменге заңгерлік қызмет көрсетілді. 1499 бизнесменге маркетинг мәселесі жөнінде қызмет көрсетіліп, оның ішінде 392 кәсіпкерге бизнес-жоспар әзірленді. Оның 25%-ы қаржыландырылды.

Сондай-ақ ӨКП мамандары кәсіпкерлерге 60 сайтты әзірлеп, іске қосуға көмектесті. 295 кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға, ұлттық компания мен жер қойнауын пайдаланушыға байланысты қызмет түрін алды, осының нәтижесінде 1,8 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалып, 17 байқау өтінімі, алты байқау өтінімінің сараптамасы дайындалды.

"Аға сеньор" бағдарламасының мүмкіндіктері арқасында өңір кәсіпорны шетелдік 27 сарапшыны шақырып, олардың кәсіби кеңесін алған. "Іскери байланыс" жобасы барысында экономиканың басым секторында жұмыс істеп жүрген ШОБ кәсіпорындарының жоғары және орта тобының 74 кәсіпкер-басшысы білім алды. "Бизнес-мектеп" жобасы бойынша 1132 кәсіпкер білім алып, 79 жоба іске асты.

2016 жылы өңірдің 11 мың кәсіпкеріне 28 300 сервистік қызмет көрсетілді.

"Бізден әртүрлі қолдау сұрайтын бизнесмендер саны жылдан-жылға артып келеді. Себебі, біріншіден, кәсіпкерлер палатасы қызметімен кеңірек танысып отыр. Екіншіден, қызмет көрсету сапасы жақсарды. Қызметкерлерімізге арнап жыл сайын оқу курстарын ұйымдастырамыз. Оны мемлекеттік орган қызметкерлері тікелей жүргізеді", – дейді Тимур Нақыпбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу