Кәсіпкерлікке де кедергі көп

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4666

Үкімет өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға ден қойды.

Кәсіпкерлікке де кедергі көп

Осы мақсатта қолға алынған жаппай кәсіпкерлікке тарту бағдарламаларынан іскер халықтың үміті зор. Алайда  бұл бағыттағы жұмысқа кедергі келтіретін факторлар аз емес.

Басты проблема – кепілзат

Кәсіпкерлікке тарту бағдарламасы аясында берілетін несиелерді алуда бизнесмендер ең алдымен кепілзаттың жоқтығын алға тартады. "Даму" қорының беретін қарызын алу үшін керек қаражаттан екі есе қымбат мүлікті кепілдікке қою керек. Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған факторлардың тізімін жасаған республикадағы 10 өңірдің 7-і осы кедергіні ең үлкен проблема ретінде көрсеткен. Банктер кепілзатсыз қаржы бермейді.  Бұған қоса екінші деңгейлі қаржы ұйымдары тек Алматы мен Астана секілді мегаполистердегі бизнесмендермен жұмыс істегісі келеді. Банктер өңірдегі кәсіпкерлерге көп жағдайда сенім білдіре қоймайды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы елдегі жалпы бизнеске берілген қарыздың 70% - ы Алматы мен Астананың кәсіпкерлеріне тиесілі болса, 30% - ы 5ана қалған 14 облыстың үлесінде екен. Ал 2016 жылы бұл мәселе тіпті күрделеніп, республика бойынша кәсіпкерлерге берілген қаражаттың тек 23%-ы ғана өңірлердегі кәсіпкерлерге бұйырған. Астана қаражаттың 29 %-ын алса, қалған жартысына жуық қаражат Алматы қаласының кәсіпкерлеріне аударылған.

Айтпақшы, жақында Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов оңтүстік өңірлерге жасаған жұмыс сапары барысында жағымды жаңалық жеткізді. Бұдан былай шаруа қожалықтарының кепілзатсыз-ақ несие алатынын мүмкіндігі болады. Ол үшін жалғыз шарт – кооперативке қосылу.

Кәсіп ашуға қаражат жоқ

Зерттеу қорытындысының нәтижесі көрсеткендей, кепілзат мәселесінен кейінгі тағы бір үлкен кедергі кәсіпкерлердің өз қаражатының болмауы. 5 облыстың әкімдігі осы мәселені елдегі бизнестің "бас ауруы" деп таныды.  

2015 жылдың қорытындысы бойынша, шағын бизнестің материалдық шығындарының көлемі бойынша облыстардың үлесі 56,8% болса, былтыр республика бойынша бизнесмендердің өздері құйған қаржының 57,5 %-ы 14 облысқа тиесілі болған.

Маман тапшы

Кәсіпкерліктің дамуына үшінші кедергі – білікті мамандардың жоқтығы. Бұл проблеманы елдегі 14 облыс ең басты мәселе ретінде атап көрсетті.

2016 жылы шағын бизнестегі жалдамалы қызметкерлердің саны 179,5 мыңға ұлғайып, 1 млн адамнан асты. Соның ішінде 58 %-ы (634,5 мың) өңірлерге тиесілі. Бір жыл бұрын өңірлердегі бұл көрсеткіш 57,3 % болған еді.

Жұмыс істеп тұрған шағын бизнестің саны жағынан да облыстарда алға ілгерілеу бар. 2015 жылы өңірлердегі жұмыс істеп тұрған шағын бизнес субъектілерінің саны 14 мыңға артып, 107,8 мыңға жетті.

Қағазбастылық

Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін тағы бір фактор – қағазбастылық. Осы келеңсіздікті жою мақсатында "Атамекен" кәсіпкерлердің  ұлттық палатасы Үкіметке бірқатар ұсыныс тастап, оның алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Мәселен, 2016 жылы бизнеске кедергі келтіретін әкімшілік кедергілердің 60%-ы алынып тасталған. Бұл туралы Алматы кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер бойынша директордың орынбасары Қайрат Құдайберген айтты.  

Оның айтуынша, палатаның ұсынысымен мемлекеттік актілерге 125 өзгеріс енгізіліп, қазір олар қолданысқа түсті. Сонымен қатар биыл Алматы бөлімшесі мен Алматы қалалық прокуратурасы Бас прокуратураға бизнеске жайлы жағдай жасайтын тағы 30 ұсыныс тастаған.

"Әкімшілік кедергілердің 60%-ы жойылды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Бұл біз үшін маңызды. Дүниежүзілік банк рейтинг жасағанда тек Алматының көрсеткішіне ғана қарайды. Сол үшін мұндағы 187 мың бизнес субьектісіне қолайлы орта қалыптастыру керек", – деді Қайрат Құдайберген.

Өз кезегінде Алматы прокуроры Жандос Өмірәлиев кәсіпкерлердің негізсіз түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылатынына шағым айтатынын тілге тиек етті.

Өнім сату да оңай емес

Еліміздегі кәсіпкерлердің 73% өнімдерін тек өздері тұрақтаған өңірлерге ғана өткізеді. Кәсіпкерлердің 16,1% көршілес өңірлерге өнім жібереді. Олардың 8,1% ғана өнімдерін бүкіл Қазақстанға таратады.

Отандық кәсіпкерлердің шамамен 3% ғана жақын және алыс шет елге, оның ішінде ЕАЭО елдеріне экспорттайды. Бұл туралы таяуда жасалған "Іскерлік ахуал" рейтингінде жарияланды.

Ресей Федерациясымен шекаралас өңірдің, атап айтқанда Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары кәсіпкерлерінің ЕАЭО елдеріне өнім экспорттауы өзге өңірлермен салыстырғанда жоғарырақ. Қостанай облысы кәсіпкерлерінің 2,5% Қазақстан мен ЕАЭО елдеріне экспорттаса, Солтүстік Қазақстан облысында – 2,6%, ал Павлодар облысы кәсіпкерлерінің 3,5% ЕАЭО елдеріне шығады.

Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары кәсіпкерлерінің ЕАЭО елдеріне экспортқа шығу көрсеткіші 1%-дан төмен. Жақын шет елдерге экспорт көрсеткіші Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында жоғары. Ал алыс шетелге өнімдерін жеткізуде Ақтөбе (4,1%) мен Жамбыл (2,3%) облысы белсенді. Үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеп тұр. Бұл облыстағы кәсіпкерлердің 1,4 % - ы алыс шетелге тауар жөнелтеді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу