Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында Грузиядан ұтылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4893

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы UEFA-ның жаңа жобасындағы алғашқы ойынын өткізіп, жеңіліске ұшырады.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында Грузиядан ұтылды Фото: vesti.kz

UEFA биыл күзде тың жобаның тұсауын кесті. "Ұлттар лигасы" деп аталатын доп додасы басталды. Мұның бір ерекшелігі, барлық құрамалар деңгейлеріне қарай жіктелген. Қазақстан құрамасы соңғы, "D" лигасына түскен болатын. Осы төртінші деңгейлі лиганың 1-ші тобында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен бір төрттік құраған-ды.

Уақыт белдеуіне байланысты осы жобаның ең алғашқы ойыны Астанада өтті. Сөйтіп, "Ұлттар лигасы" қазақ топырағында бастау алып, тарихқа тіркелді. Өкінішке қарай, UEFA-ның тың жобасының алғашқы голын қазақ футболшыларының бірі соғып, тарихта қала алмады.

Бірінші тайм өте тартысты өтті. Әдеттегідей, "Астана-Арена" стадионындағы ойын басталған бетте біздің футболшылар атойлап алға шапты. Ал қонақтар Сарыарқа төсіндегі сәулетті стадионның жасанды желегіне бейімделіп кеткенше әбігерге түсті. Шамамен 20 минуттай Қазаұ елі құрамасының ойыншылары басымдық танытты. Бір гол соғудың сәті түспеді.

Содан соң басталды. Әуелі грузиндер гол соғып кете жаздады. Қақпаға кіріп бара жатқан допты Бейсебеков пен Шомко екеулеп жүріп, сызық үстінен кері қайтарды. Көп ұзамай Грузия құрамасының қорғаушысы өз қақпасына еніп бара жатқан допы теуіп тойтарды. Бірінші таймның аяғы алма-кезек шабуылмен өтті.

Екінші тайм да тартысты басталған. Екі құрама да қарқындарын үдете түсті. Ал ойын тағдырын Грузияның 19 жастағы жас таланты шешті. Георгий Чакветадзе сол қапталда екі қорғаушымызды алдап кетіп, төрт ойыншымыздың ортасында тұрып, қақпа тоғыздығын дәл көздеді. Гол!

Бұдан кейін біздің футболшылар таразы басын теңестіруді ойлап, шабуылды үдеттті. Алайда допты ойынға бұрыштан қосып, ойыншыларымыздың барлығы дерлік Грузия қақпасының алдын торуылдап тұрғанда, қонақтар жылдам шабуыл ұйымдастырды. Әрі есепті ұлғайта түсті.

Грузия құрамасының қарсы шабуылын тойтармақ болып, алаңның екінші шетіндегі қақпадан ентігіп жеткен Сергей Малый қақпашымыз тойтарған допты өз қақпамызға соғып алды. Доп оның аяғына тиіп, қақпа ішіне еніп кетті. Есеп – 0:2.

Бұдан кейін де біздің футболшылар алға қарай ентелеп, есепті қысқартуға тырысты. Бас бапкеріміз Станимир Стоилов та тың ойыншылар шығарып, айқайға басты. Бірақ гол соғудың сәті түспеді. Грузиндер сауатты түрде қорғана білді. Асып-сасқан жоқ. Жеңісті есепті уыстарынан шығармай, Астанадан үш ұпай олжалап кетті.

Жалпы, Грузия құрамасының ойыншылары техникалық шеберліктері жоғары екендіктерін көрсетті. Бір-біріне пас бергендерінің өзі қандай?! Десек те, ұжымдық ойын өрнектері жетіле түспегендей. Кейбір ойыншылары допты өздерінде көп ұстайтындай. Алдап жүріп алатындары да бар.

Ал біздің құрама сапындағы жігіттердің біразы жанкештіліктерін паш ете білді. Бірақ бірлі-жарым мүмкіндікті ұтымды пайдалана алмай, сан соқтырды. Гол соғуға болатын мүмкіндіктер болған. Алайда ешқайсысын кәдеге жарата алмады.

Осы ойын үшін Қазақстан премьер-лигасындағы доп додасы тоқтатылған. ХХV турдың ойындары кейінге, нақтырақ айтқанда, 26 қыркүйекке шегерілген. Ұлттық құрама сапына шақыртылған футболшылар бір апта бойы алаңсыз жаттығу жиыны өткізген. Әйтсе де, жеңілістің кермек дәмін татты. Енді 11 қыркүйекте Андорра құрамасымен түзде ойнайды.

Қазақстан – Грузия – 0:2

Голдар: Чакветадзе, 69. Малый, 74-автогол.
Ескертулер: Қуат, 45+1 – Наваловский, 6.
Қазақстан: Эрич, Шомко, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат (Тұрысбек, 76), Мұжықов, Исламхан (Зайнутдинов, 81), Муртазаев (Сейдахмет, 87), Жуков, Щеткин.
Грузия: Лория, Наваловский, Кашия, Кверквелия, Какабадзе, Меребашвили, Квеквескири, Канкава, Чакветадзе (Окриашвили, 75), Казаишвили (Хочолава, 84), Квилитая (Гвилия, 65).
Төрешілер: Мелер, Эйсой, Кемюрджюоглу (бәрі де – Түркия)
Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 15 – 10
Тура соққы: 4 – 3
Қиыс кеткені: 6 – 4
Тойтарылғаны: 5 – 3
Бұрыштама соққылар: 5 – 5
Офсайдтар: 2 – 2
Ескерту (сары қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 17 – 12

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу