Қазақстан Қытайға қанша қарыз?

Биік мінберлерден арадағы достық туралы жалынды ұрандар айтатын Қытай билігі трансшекаралық өзендер мен Шыңжандағы қазақтар мәселесіне келгенде өз ұстанымынан басқа нұсқаны көзге ілер емес. 

Қазақстан Қытайға қанша қарыз?

Қытай компаниялары Қазақстан мұнайының 24%-ын өндіріп отыр. Мұнымен тоқталмай, 55 жоба аясында 27 млрд доллар  инвестиция салмақшы. Бұл жобалар тау-кен өнеркәсібі, энергетика, машина жасау, химия және тамақ өнеркәсібі мен басқа да салаларды қамтиды.  Билік бұл инвестициялардың артында мол табыс тұрғанын қанша айтса да, басқа елдердің тәжірибесі арқаны кеңге салуға болмайтынын көрсетіп отыр. Қытай туралы сөз бола қалса, ресми тұлғалар экономиканы әртараптандыру мен арзан ақша  туралы айтады да, ықтимал қауіптер туралы жақ ашпайды.  Шынтуайтында Қазақстандағы жағдай да, әлемдегі ахуал да жұрттың бекерден-бекер қауіптенбейтінін байқатады.

7 жылда 100 мың жұмысшы келген

Іргедегі қытайлардың миграциясы қазақстандықтардың басты үрейіне айналды. Бұл елде жыл сайын Қазақстан халқының жартысына тең адам дүниеге келеді. Билік бұл қауіпті ұмыттыру үшін Қытайға қарсы наразылықты бәсеңдетуге күш салып келеді. Қазақстанда Қытай жұмысшылары шынымен көп пе?

Бұл ел Қазақстан аумағына жұмысшыларын кіргізуден алдына жан салмай тұр. 2010-2017 жылдар аралығында біздің елге 100 мың қытай жұмысшысы тартылған. (Бұл елдегі шетелдік жұмысшылардың үштен бір бөлігі деген сөз). Аталмыш көрсеткіш бойынша екінші орында тұрған Түркияның өзі шетелдік жұмысшыларды екі есе аз жалдаған.

Кейінгі жылдары қытайлық жұмысшылардың саны да, шетелдік жұмыс күшіндегі үлесі де ұлғайған. 2013 жылдан 2017 жылға дейін Қытай жұмысшыларының саны екі өсе өсіп, шетелдік жұмыс күшіндегі үлесі 27-ден 43%-ға артқан.

Бұл тенденцияны инвестицияның артуымен байланыстырып жатады. Бірақ Қытайдан келген жұмыс күшінің саны мен инвестиция көлемі бір-біріне сай емес. Мысалы, АҚШ, Нидерланд, Швейцария сияқты Қазақстан үшін негізгі инвестор елдер Қытайға қарағанда әлдеқайда аз жұмысшы әкелген.

Шетелдік жұмысшылардың қаптауына инвестиция көлемінен гөрі ақша салынған саланың сипаты көбірек әсер етеді. Мысалы, қытайлық жұмысшылар Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылысы басталғалы қаптаған. Ел аузында жүрген 55 жобаның көбі шетелдік мамандарды қажет ететін (құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және қайта өңдеу) салаларға қатысты болғандықтан, келешекте Қытай жұмысшыларының саны арта түсуі мүмкін.

Инвестиця мен қарызды шатастырмайық

Биліктің түсіндіруінше, Қытайдың инвестициялық жобалары қайта өңдеу өнеркәсібін "тірілтуге" бағытталған. Алайда Қытай өз инвестициясы арқылы экономикамызды әртараптандырады дегенге сенудің қажеті жоқ. Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, негізгі капиталдағы шетелдік инвестицияның үлесі 3,3% ғана.

Қытайдың Қазақстандағы инвестор елдердің төрттігіне шыққаны, тағы да 27 млрд доллар салатыны туралы БАҚ-тағы ақпараттар, шынымен, инвестиция өсіп жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен Қытай инвестициясының жылдағы көлемі тұрақты – орта есеппен 1 млрд доллар шамасында. Бұл барлық тікелей шетелдік инвестицияның 6%-ына ғана тең. Тіпті 2014 жылы 55 инвестициялық жоба туралы бастама айтылғаннан кейін де, Қытай инвестициясының күрт артқанын байқай алмадық. Бұдан Қытай инвестициясы Қазақстан экономикасының әртараптануына айтарлықтай үлес қоспағанын көруге болады.

 

Африканы арандатқан не?

Африкадағы жағдай Қытайдың инвестиция салған елдерде жоғары технологияларды дамытуға мүдделі емес екенін аңғартты. 20 жылғы тығыз инвестициялық әріптестіктен кейін, Қытай мен Африка арасындағы сауда айналымы еш өзгермеген. Африка баяғысынша шикізат (мұнай, темір рудасы мен мақта) өткізіп,  қондырғы, электроника мен тоқыма күйінде дайын өнім алып отыр.

Қарыз қақпаны

Қазақстан халқы Қытай алдындағы мемлекеттік қарыздың көлеміне де алаңдап отыр. Ал ресми тұлғалар Қазақстанның Қытай алдында мемлекеттік қарызы жоқ екенін, жол салу үшін мемлекет кепілдігімен алынған 1,2 млрд доллар берешек қана бар екенін айтады. Алайда мемлекеттік сектордың қарызын кең мағынада қарастырсақ, биліктің бақылауындағы қарыз ресми ақпараттан 3,5 есе көп. Яғни қарыз көлемі 4,3 млрд доллардан астам.  Бұл – Қытай алдындағы жалпы қарыздың 40%-ына тең сома. Билік ресми мәлімдеп жүрген 1,2 млрд доллар қарыздың жайы түсінікті дейік. Ал қалған 3,1 млрд доллар борыш туралы ресми түсініктеме жоқ. Қарыз тағы өсе түспек. Өйткені кедендік инфрақұрылымды дамытуға қосымша 300 млн доллар алу жоспарланған.

Қытаймен әріптестіктің басты қатері қарыз мәселесі екенін аузы дуалы сарапшылар айта бастады. Center for Global Development ұйымының мәліметі бойынша, Азия, Африка және Еуропа елдері Қытайға шамамен 8 триллион доллар қарыз.

Қытай кәсіпкерлері – пара берудің шебері

Қытайдың несиені төмен пайызбен ұзақмерзімге ешбір артық міндеттемесіз беретіні рас. Бұл жағынан ол Батыстан тартымды көрінеді. Бірақ осының өзінде несие алушы ел Қытайдың қарыз қақпанында қалады. Қарызын өтей алмаған елдер кепілге қойған стратегиялық активтерін беруге мәжбүр. Шри Ланка Хамбантоте портын салу үшін Қытайдан қарыз алған болатын. 2015 жылы оны өтей алмай, әлгі портты 99 жыл бойы Қытайдың пайдалануына берді. Ал Тәжікстан үкіметі "Душанбе-2" жылу-электр стансасының құрылысына алған қарызын қайтара алмай, "Жоғарғы Құмарға"  алтын кенін Қытайдың игеруіне өткізді. Пәкістан мен Малайзия, Африканың 17 мемлекеті қазір Қытайдан алған қарыздарын қайтара алмай, қиналып жатыр. Қарыз қақпанына түсірудің басты кілті – келіссөздердің жабық жасалуы және сыбайлас жемқорлық. Пәкістанның жаңадан сайланған  Премьер- министрі Имран Хан "шығыны көп мегажобалардың" басты себебі парақорлық екенін атады. Малайзияда құны 20 млрд доллар болатын теміржол құрылысы тоқтатылған кезде бұрынғы Премьер-министр Наджиб Разак жемқорлық жасағаны үшін қамалған болатын. Қытай кәсіпкерлері көп жағдайда жемқорлық схемаларын өздері ұсынады. Mckinsey зерттеулері бойынша, Африкада жұмыс істеген қытайлық кәсіпкерлердің 87%-ы пара бергендерін мойындаған. Ашықтықтың болмауы Қытай тарапына мейлінше табыс тауып, экономикалық тиімділігі күмәнді, асыра бағаланған жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Джон Хопкинс университетінің қытай-африка зерттеу тобы Кенияның теміржол салу үшін алған қарызын үстіне 4 млрд доллар  қосып қайтаратынын есептеген. Келісім бойынша Кения 20 жыл бойы Қытайға жыл сайын 120 млн долар төлеп отыруға тиіс. Ал 2018 жылы аталмыш нысаннан 57 млн доллар ғана табыс түскен. Яғни жобаға мемлекет тарапынан жыл сайын елеулі субсидия төлеп отыру керек. Егер қарыз уақтылы төленбесе, Момбаса порты Қытайға өтеді.

Қазақстанға қандай қатер бар?

Қазақстан үшін келіссөздер кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың қатері үлкен. Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан Пәкістаннан 7 орын төмен тұр. Ал бұл ел бірлескен жобалардың жабықтығынан айтарлықтай қиындық көріп отыр.

Жеморлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстаннан жоғары тұрған  Малайзия мен Шри Ланка сияқты елдер де Қытайдың қарыз қақпанына түскен.

"Время" басылымының дерегі бойынша,  Huawei  компаниясының Қазақстандағы басшылығы қызметкерлерінен мемлекеттік органдардың,  ұлттық компаниялардың өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болуды (сыйлық сыйлау, бірлескен кешкі астар ұйымдастыру, Қытайға саяхат жасау) талап ететін көрінеді. Қытай кәсіпкерлерінің мұндай"пысықтығы" Қазақстанның мүддесімен сәйкеспейтін жабық келіссөздерге жол ашуы мүмкін. Нұр-Сұлтандағы асыра бағаланған LRT жобасының экономикалық тұрғыда тиімсіз іске асырылуы осының жарқын мысалы. Шілде айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев оның құрылысын сынға алып, тіпті іске қосылған күннің өзінде 2 мың жолаушы 176 мың жолаушыға  шақталған шығынды жуық арада ақтамайтынын атады. Жобаның құнына қатысты да түсініксіз тұстар көп. Аспалы метроның әр шақырымы  67-80 млн доллар болуы күмәнді. Өзбекстанда дәл сондай метроның әр шақырымы 21,2 млн доллар  болған. Яғни қазақстандық жоба 4 есе қымбат деген сөз. Тіпті Дубайдағы аспалы метродан (50 млн доллар )34-60% қымбат шыққан. Әу баста, жобаның құны операциялық шығындарды есептемегенде 1,9 млрд доллар (741 млрд теңге) болады деп бағаланған. Бұл сома Қазақстанның 2015-2019 жылдардағы қайта өңдеу саласын дамытуға бағыттаған ақшасымен (878 млрд теңге) шамалас. Осы жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға (146 млрд теңге) немесе цифрландыруға (141 млрд теңге) бөлген қаражаттан 5 есе көп. Аталмыш бағдарламалар қайта өңдеу саласын дамытып, еңбек өнімділігі мен экспортты арттырса, LRT-ден қандай пайда келетіні түсініксіз.

Бұл жобаның тиімділігіне қатысты мәселе Президент сынынан кейін ғана бой көтерді. Демек күмәнді жобаларды бастапқы кезеңде іріктеудің тетігі жоқ. Қытайдың қаржысымен істес болған "Астана LRT" мен "ҚазАвтожол" басшыларының жемқорлық бойынша қылмыстық іске ілігуі де, Қытаймен байланыстың қандай бағытта дамып жатқанын аңғартады.

Еуразиялық одақ сабақ болмай тұр

Қазақстанның келіссөздерде әлсіздік танытуы Қытаймен әріптестік тереңдеген сайын қиындық туғызуы мүмкін. Еуразия Экомикалық одағына кіру тәжірибесі Қазақстан билігінің ықпалды әріптеспен терезесі тең дәрежеде қатынас жасап, өз мүддесін қорғай алмайтынын көрсетті. Ресейдің 145 млн адамдық нарығына шығатынымыз туарлы оптимистік үміттер ақталмады. Одақ аясында екі арадағы тауар айналымының сипаты өзгеріссіз қалды. Басым бөлікті(70%) Ресейден келген импорт құрайды. Қазақстан тұтынатын тауардың 40%-ын Ресейден импорттайды. Ал барлық экспорттың 9%-ын ғана солтүстік көрші қабылдайды. Қазақстан өнімдерінің Ресей нарығына өтуіне  түрлі сараптамалар мен өңірлік деңгейдегі қосымша талаптар, жариясыз нұсқаулар сияқты тарифтен тыс кедергілер тосқауыл болуда.

Сондай-ақ, келіссөздегі пәрменсіздік кесірінен Ресей өз бизнесіне тиімді, қазақстандық бизнеске зиянды бастамаларды  жиілетіп кетті. Ресей орта және алыс қашықтықтағы азаматтық ұшақтардың ЕАЭО аясындағы тарифтік жеңілдіктерін 2032 жылға дейін созудан тартынып отыр. Бұл шара қазақстандық әуе компанияларының шығынын 500 миллион долларға арттырады. Сөйте тұра Ресей қант өндірушілер одағы Қазақстанға қант импорттау бойынша жеңілдікке қол жеткізді. Бұл отандық кондитерлік бизнестің кірісін азайтады. ЕАЭО-дағы теңсіз әріптестік Қазақстан бизнесімен бірге экономикасына да теріс әсер етіп жатыр. Қытаймен жақындасу да осындай салдар туғызуы мүмкін. Биік мінберлерден арадағы достық туралы жалынды ұрандар айтатын Қытай билігі трансшекаралық өзендер мен Шыңжандағы қазақтар мәселесіне келгенде өз ұстанымдарынан басқа нұсқаны көзге ілмей отыр.

Ел байлығының 55%-ы 162 адамның қолында

Шерулердің көбеюі, президент сайлауында оппозициялық кандидаттың рекордтық мөлшерде дауыс жинауы билік пен халықтың арасы қаншалықты алшақтап кеткенін байқатты.  Мысалы, халық көзбояушылық деп қарайтын орташа еңбекақы (163 мың теңге), инфляция (5,3%) мен жұмыссыздық деңгейі (4,9%), әр отбасының табысы (500 мың теңге)  туралы ресми деректер биліктің нақты жағдайды қисық айнадан көретінін білдіреді.Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы ел сайлаған депутаттардыңхалық үнін жоғарыға жеткізбейтініне дәлел. Шетелдік инвестициядан келетін игіліктердің әділетсіз бөліске түсуі халықты ашындырады. Credit Swiss деректері бойынша,  Қазақстан байлығының 55%-ын($34 млрд)162 адам иемденіп алған. 2013 жылдан бері шынайы еңбекақының кері кетіп бара жатқанын, шетелдік кәсіпорындар қазақстандық жұмысшыларға 10 есе аз төлейтінін ескерсек, шетелдік инвестиция теңдей үлестірілмейтінін көрсетеді. Осының бәрі халықтың көкейінде Қытайдың инвестициялық жобаларында да қазақстандықтардың мүддесі ескерусіз қалады деген күдік туғызады.

Түйін

Қытайдың өз мүддесін қорғаудағы табандылығынан өзіміздің солқылдақтығымыз қауіпті.  Жабықтық пен сыбайлас жемқорлық асыра бағаланған әрі тиімсіз жобаларға жол ашады. Қытаймен әріптестік керек. Бірақ оның астарында қарыз қақпаны, жер мен стратегиялық активтердің саудасы жатпауы тиіс. Оның үстіне өзара сауда мен жүк тасымалы алыс-берістің басты моделі болғаны қажет.

 Азамат Есдәулетов

Аударған Есімжан Нақтыбай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу