Қазақстан мен Қырғызстанның бауырластық қарым-қатынасы қалпына қайта келеді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5790

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Қазақстан мен Қырғызстанның бауырластық қарым-қатынасы қалпына қайта келеді

Минскіде қырғыз тарапының өтініші бойынша Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Республикасының президенті Сооранбай Жээнбековпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан президенті Қырғызстан президентін соңғы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

"Екі ел арасындағы бауырлас қарым-қатынасты қалыпқа келтіру қажет. Бұл жерде екі халықтың мүддесі тұр", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті жуық арада екі ел үкіметтерінің жұмыс топтары жол картасы бойынша жұмыс жүргізіп, оған қол қоятынын айтты. Содан соң қырғыз тарапының өтініші бойынша Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы қазіргі мәселелер шешілетін жеткізді.

"Шекараға Қазақстан және Қырғызстан тараптары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ өкілдері бірлесе бақылау орнататын болады. Мұндай тәртіпті Қырғызстан-Қытай шекарасында да белгілеген жөн, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сооранбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтағаны және Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.  

"Біз елдеріміздің өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, бірқатар ұстаным бойынша ортақ пікірге келдік. Қазіргі проблемаларға қарамастан мен жеке жауапкершілігіме ала отырып, шекарамыздағы ахуалды реттеуді сұрадым", – деді Қырғызстан президенті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы туындаған барлық мәселені сындарлы жолмен шешуге ниетті екенін білдірді.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев бірнеше рет жағымсыз мәлімдеме жасағаннан кейін Қазақстан-Қырғызстан шекарасында адамдардың және жүктің өтуі қатаң бақылауға алынған болатын.

Алмазбек Атамбаев өзі басқарып отырған елдің сайлау процесіне Қазақстан ықпал етпек болды деп айыптады. Қазан айының басында мемлекеттік марапат тапсыру салтанаты кезінде көрші елдің басшысы: "Қазақстан үкіметі бізге өзінің үміткерін тықпалап отыр" деп мәлімдеді.

"Олар Бакиевті жақсы көреді. Бакиевтер әлі күнге дейін Қазақстанда той тойлап жүр... Өйткені біз Қазақстан халқына жаман үлгі көрсетіп отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс айтады, Алматының жалпы ішкі өнімі тұтас  Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінен 5 есе көп, ал Қазақстан экономикасы Қырғызстан экономикасынан 20 есе артық. Қазақстанның орташа жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші Қырғызстанға қарағанда 20 есе көп. Бұлай болатын болса неге Қазақстанның зейнетақысы Қырғызстанның зейнетақысынан небары бір жарым есе ғана көп, неге 10 есе емес, ал тарифтері неге 5 есе жоғары? Себебі олар Қазақстанның байлығын ұрлап жатыр. Біз оларға жаман үлгі көрсетіп отырмыз, Атамбаев – әділ биліктің жаман үлгісі. Бабанов пен Сариев (Өмірбек Бабанов және Темір Сариев  Қырғызстан Республикасының президенттігіне үміткерлер.- автор еск.) секілділер тағзым етіп барып жүрген Өтемұратов сияқты олигархтар менде байымас еді. Назарбаев Бабановпен кездескенде жас президент туралы дұрыс айтты. Бірақ жас президент кімге керек? Бізге ме, әлде Қазақстанға ма? Мен Назарбаевың жас президент бізге келсін деген сөзін қолдаймын. Егер біздің көршілер ақылға келмесе, мен басқаша сөйлейтін боламын", – деп Қырғызстан президенті аяқ астынан ашуланды.

Қырғызстан Республикасының басшысы өзінің жиырма минуттық сөзінде "қазақстандық проблемаға"  қайта-қайта тоқталды, осыдан барып оны алдағы сайлаудан гөрі өзі тілге тиек етіп отырған мәселе қатты толғандыратыны көрініп қалды.

Сондай-ақ Қырғызстан басшысы президенттікке үміткер Өмірбек Бабановпен және Темір Сариевпен өзінің президенттік өкілеті  біткенге дейін, яғни 2017 жылдың 1 желтоқсанына дейін "сөйлесем" деп қорқытты.

Ал Қазақстанның сыртқы саяси ведомствасы Қырғызстан президентінің айтқандарына жауап қайтарды.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қырғыз БАҚ-тарында таратылған 2017 жылғы 7 қазандағы Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынаста жол берілмеуі тиіс деп санайды. Қырғызстан президентінің сайлауалды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәндегі және жалған пікірі екі ел  арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлы байланысына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз. Қазақстан тарапы қырғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынасын дамыту жолына берік болып қала береді", – делінген мәлімдеме мәтінінде.

Бұл жарты ай ішіндегі Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы екінші қарсылық нотасы.

20 қыркүйек күні Қазақтан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қырғыз елінің президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановты қабылдаған болатын. Сондай-ақ дәл осы күні Қазақстанның Қырғызстандағы уақытша сенімді өкілі Кәрібжанов 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуге қатысты СІМ-ге шақырылып, оған Қазақстандық тарапқа қатысты қарсылық нотасы тапсырылған еді. Бірақ та ҚР СІМ президенттің басқа елдің өкілдерімен үнемі кездесетінін мәлімдеді. Мысалы  Нұрсұлтан Назарбаев 14 тамыз күні  президенттікке үміткер Сооронбай Жээнбековпен де кездескен болатын.  

Осыдан кейін Қазақстан-Қырғызстан шекарасында адамдардың және жүктің өтуі қатаң бақылауға алынған болатын. 10 қазаннан бастап Қазақстан жағы бақылау-өткізу бекетіндегі бақылауды күшейтті. Осыдан соң бақылау-өткізу бекетінде жүздеген жүк машинасы тұрып қалды, оның ішінде тез бұзылатын өнім тиелген жүк көліктері де болды. Қырғызстан тарапы кәсіпкерлерінің шеккен шығындары туралы мәлімдеме жасады. Қырғызстан Қазақстанға және Қазақстан аумағы арқылы Ресейге бірқатар тауар тасымалдауды жолға қойған, оның ішінде жеміс-көкөніс, сүт және мата өнімдері бар. 

18 қазан күні Астанаға Қырғызстан Республикасының премьер-министрі Сапар Исаков бастаған 30 адамнан тұратын ресми делегация келді.

Ол  Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен келіссөз жүргізді.

"Мен, Қырғызстан премьер-министрі ретінде сындарлы жұмыс жүргізуге ниеттімін", – деп атап кетті Сапар Исаков.

Кездесу барысында ЕАЭО және ДСҰ нормалары мен ережелеріне сай шекаралық, көлік, фитосанитарлық, ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіруге қатысты мәселелер қаралды. 

"Біріншіден, біз екіжақты экономикалық қарым-қатынастың проблемалық тұстарын қарастырдық. Бұл біздің елдердің шекара, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық қадағалау саласындағы өзара әрекет етуіне қатысты мәселелер", – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар бұл жерде Қазақстанның кеден органы қырғызстандық импорттаушылардың  Қытайдан алып келе жатқан тауарларды Қазақстан аумағы арқылы Ресейге алып өтуде жалған декларациялау фактілерін анықтағаны сөз етілді.

"Осыдан біз тікелей шығынға ұшыраудамыз", – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Бұған дейін ҚР қаржы министрлігі және оның бақылауындағы мемлекеттік кіріс комитеті шекарадан өтетін тауарлардың тасымалына бақылауды күшейту керек екенін айтқан болатын. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов журналистерге Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларының жаңа периметрлерін сапалы жарақтандыру және ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында сыртқы бақылауды нығайту үшін Қазақстан көршілерге 41,2 млн доллар мөлшерінде көмек көрсету туралы келісімді ратификациялағанын айтты. Сонымен қатар Бішкекке Мәскеуде көмек көрсеткен.

ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев 1 қазаннан бастап "Астана-1" жаңа ақпараттық платформасының "Транзит" қосалқы жүйесі іске қосылғанын сөз етті. Ол кедендік декларацияларды электронды түрде ұсынуға және тиімді кедендік бақылауды іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар автоматты түрде тәуекелдерді басқару жүйесі кедендік шаралар бойынша шешім қабылдауда және әкімшілендіруде адами фактордың болмайтынын көрсетеді. Сөйтіп жемқорлықты азайтады.

Ардақ Теңгебаев бүгінгі күні жаңа ақпараттық жүйе 13599 транзиттік декларацияны рәсімдегенін тілге тиек етті. Көп жағдайда тәуекелдерді басқару жүйесі Қырғызстанның транзиттік декларациясы бойынша іске қосылған.

"Қытай Халық Республикасынан Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға тауарларды транзиттеу көлеміне сараптама жасау – мұндай тасымалдың көлемі күрт өскенін көрсетеді. 2015 жылы 130 мың тонна тауар, 2016 жылы 216 мың тауар орналастырылған. 2017 жылдың тоғыз айы ішінде тауар көлемі 160 мың тонна болған. Сонымен бірге Қырғызстанға кететін қытай тауарларының транзиті артқаннан кейін Қазақстанға келетін қытай тауарларының импорты қысқарған", – деді ол.

Мұнымен қатар кедендік құнның төмендегені байқалады. Қазақстан мен Қырғызстанда кедендік тазарту барысында қолданылатын тауарлардың кедендік құн индексін салыстыру– Қырғызстан Республикасының кеден органдары қолданатын кедендік құн Қазақстанның қолданатынынан көп төмен екенін көрсетті.

Кей жағдайларда ауытқу Қазақстанның кедендік құнынан екі немесе бірнеше есе болып жатады. Мемлекеттік кіріс комитеті мұның барлығы Қазақстанда тауарлардың кедендік құнын қатаң әкімшіліктендіру, сондай-ақ Қырғызстан Республикасының кедендік органы тарапынан келетін тауарлардың кедендік құнын және декларацияның дұрыстығын бақылаудың олқылығы салдарынан болып отыр деп атап кетті.

Сондай-ақ Қытайдан Қырғызстанға өткізілетін тауарларға мониторинг жүргізу барысында тек төмендетілген кедендік құн фактісі ғана емес, сондай-ақ  тауарлық-көліктік жүкқұжатта нақты салмағы мен тауардың атауын көрсетпей, тауарлардың атауын айырбастап, контрабандалық жолмен тауар әкелу фактілері белгілі болды.

Қырғызстаннан тауарды дұрыс әкелмеу салдарынан тек осы күндердің өзінде бюджетке 5 млрд теңге түспей қалған.

"Біз декларациядағы мәліметтерді алып қарадық. Онда тауар ағынының жартысы көрсетілмеген. Біздің есептеуіміз бойынша, декларация жасалмаған тауарлардың құны шамамен 49 млрд доллар болған. Яғни бұдан Қазақстан бюджетіне ҚҚС түспейді деген сөз. Сонда біз 5 млрд теңгеден астам шығынға батып отырмыз. Осыған байланысты тап қазіргі уақытта мемлекеттік кіріс органы Қырғызстан Республикасынан келетін тауарларды бақылауда", – деді Ардақ Теңгебаев.

Қырғызстан шекарасындағы көлеңкелі тауар айналымынан ЕАЭО елдері шамамен 300 млн доллар шығынға батуда.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бақылауды күшейткен кезде көлік тасымалы саласында заң бұзушылықтың бар екені анықталғанын айтты.

"Бастапқы жеті күнде 2721 көлік тексеріліп, 193 заң бұзышылық анықталды. Бұл заң бұзушылықтың 60%-дан астамы Қырғызстан көліктеріне тиесілі. Яғни әрбір алтыншы немесе жетінші қырғыз көлігі Қазақстан аумағы арқылы заң бұзып өтеді", – деді Жеңіс Қасымбек. 

Оның айтуынша, тасымалдаушыларда көбінесе тауарлық-көліктік жүкқұжат болмайды, машиналар үлкен жылдамдықпен жүреді, сондай-ақ бірқатар басқа да заң бұзушылық бар.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қырғызстандық тарап қойылған мәселелермен келісті.

"Премьер-министр Сапар Исаков Қырғызстанның өз міндетін орындауына байланысты проблемаларды шешуге сындарлы тәсілді қолдануға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде экономикалық мүдделерді сақтауға кепіл берді", – деді Қазақстан үкіметінің басшысы.

Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Қырғызстанның премьер-министрлерінің бірінші орынбасаларының төрағалық етуімен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы бес күн ішінде бірлескен жол картасын әзірлеуге тиіс. Жол картасы қабылданғаннан кейін тараптар қол жеткізілген уағдаластықты толық қамтамасыз етеді.

Қырғызстан үшін нақты табыс әкелетіндерге тоқталсақ, онда тараптар жеке жүгін алып өтетін жеке тұлғалар, үнемі жолаушылар тасымалдайтын автокөлік құралдары, бос жеңіл көлік пен жүк көліктері үшін екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтудің басымдыққа ие тәртібін қамтамасыз етуге келісті.

Осылайша, жүк тасымалына қатысты қатаң бақылау сақталатын болады. Алайда тиісті жол картасы әлі қабылданған жоқ. 

27 қараша күні Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековтың  ең алғашқы жарлығымен Алмазбек Атамбаевты "Қырғыз Республикасының Баатыры" жоғары дәрежелі белгісімен марапаттап, "Ақ Шұмқар" ерекше белгісін табыс етті. Осылайша Қырғызстанның жаңа басшысы бұрын берген уәдесін орындады.

24 қараша күні президенттік жұмысына кіріскен Сооранбай Жээнбеков алғашқы жарлықты экс-басшы Алмазбек Атамбаевты Қырғыз Республикасының батыры атағын беруге шығаруға уәде еткен еді. Ұлықтау барысында Сооранбай Жээнбеков бұрынғы президентке деген ыстық ықыласын білдіріп, Қырғыз Республикасының Батыры атағын беруді ұсынған болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу