Қазақстан "салтанат салығын" енгізуді кейінге шегерді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2632

Еліміздің бас экономисі бүгінгі халықпен есептік кездесуінде әзірге бұл мәселеде халықаралық тәжірибені зерделеп жатқандарын жеткізді.

Қазақстан "салтанат салығын" енгізуді кейінге шегерді Фото: krisha.kz

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов байлыққа салынатын салықты әркім, тіпті әр ел әртүрлі түсінетініне назар аудартты. Оның үстіне, оның байламынша, мұндай салық ішінара болса да, елімізде қазірдің өзінде қолданылады.

"Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда қозғалтқышының көлемі үлкен автокөліктерге салынатын салық өте қатты көтерілген болатын. Өйткені шындап келгенде, көліктің көлемі үлкен болған сайын, тиісінше, оның құны да қымбат тұрады. Демек, оған үлкен салық сала отырып, олардың иесі болып табылатын ауқаттылардан да көбірек салық алынады", – деді Тимур Сүлейменов.

Бұл жерде әңгіме 2014 жылы күшіне енген "Қазақстандағы кейбір заңнамалық актілерге салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы туралы болып отыр. Оған сәйкес, қозғалтқышының көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын "темір тұлпарлардан" жиналатын салық күрт көтерілді. Мәселен, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің дерегінше, қазіргі уақытта 2013 жылғы 31 желтоқсанға дейін шығарылған немесе елге әкелген жеңіл көліктердің көлемі 4 мың текше сантиметрден асса, оған салынатын салықтың ең төменгі межесі 265,4 мың теңгені құрайды және өсе береді. Ал егер көлік құралы одан жаңа болса, салық еселеп артады. Айталық, 2014 жылдан бергі, әрі қозғалтқышы 5 литрден асатын жеңіл автокөліктердің қожайындарына 453,8 мың теңгеден жоғары салық төлеуге тура келеді.

Сондықтан бас экономист дамыған елдердегідей "салтанат салығы" (налог на роскошь) деген ұғымды ұлттық заңнамада бекітпей, басқа жолмен жүруді ұсынады.

"Менің ойымша, жер, мүлік, автокөлік секілді салық салу объектілерін салықтық әкімшілендіру әлдеқайда жеңіл. Ендеше байлық салығын мемлекеттік кадастрларда, тізбе-реестрлерде, регистрларда нақты тіркелген және әділет, ішкі істер министрліктері тарапынан реттелетін объектілерге енгізуге болады", – деп дәйектеді Тимур Сүлейменов.

Осының алдында, биылғы 5 наурызда "Президенттік бес әлеуметтік бастамасы" аясында мемлекет басшысы "Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуды" ұсына отырып, оның орнына үкіметке "табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуді" тапсырған болатын. Яғни, кімнің табысы аз болса, мемлекет одан мардымсыз ғана салық алады, ал кімнің табысы ұлан-асыр болып, шалқып жатса, одан әлдеқайда көп салық төлеу талап етілуге тиіс. Бұл озық елдердің тәжірибесі.

Бұл мәселені зерделеу де басқа жолға апаратынға ұқсайды.

"Байлық салығын жалақыдан емес, оған қарағанда әлдеқайда жеңіл әкімшілендірілетін объектілерден алу керек. Біз бұл мәселеге өте мұқият әрі сарабдал келуге тиіспіз. Әзірге тек халықаралық тәжірибені қараудамыз және оларды біздің өмір шынайылығына лайықтауға тырысудамыз. Қалай болғанда, биылғы жылы біз бұл бағытта қандай да бір нақты өзгерістерді жоспарлап отырған жоқпыз", – деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.   

"Салтанат салығын" енгізу мәселесін қоғам және парламентшілер осыдан бес жылдай бұрын да қызу талқылаған болатын. Сол кездегі қаржы министрі болған Болат Жәмішев онлайн-конференция кезінде халыққа қайырылып, дәулетке және салтанатты өмір салтына орай арнаулы салық енгізудің мәні жоқтығын мәлімдеген болатын.

"Халықаралық тәжірибеде бұл қолданылады. Менің алдымда да бұл мәселені көтеруде. Біріншіден, байлық пен салтанатты өмір дегеннің не екені жөнінде айқындалып алуымыз керек. Бізде көлікке салық қозғалтқыштың көлеміне қарай салынады. Бұл ретте литрден жоғарыларынан онсыз да үлкен салық жиналады. Бұл да байлық салығының бір түрі. Өйткені көлемі 4 литрден асатын жеңіл көліктер қымбат сегмент саналады. Алайда осы орайда мен мүгедектерге, соғыс қатысушыларына, басқаларына салықтық жеңілдіктер беруді заңнамадан алып тастауды жақтаймын, ол туралы мен де айтқанмын. Әйтпесе, арбитраж мүмкіндігі пайда болады", – деген еді Болат Жәмішев.

Расында, кейбір адамдардың үлкен салықтан жалтару мақсатында көлігін туған-туысы болып табылатын соғыс ардагерлері, зейнеткерлер және басқа да жеңілдіктерді пайдаланатын азаматтар атына тіркеу деректері жоқ емес,

Әрине, қымбат көлікке жоғары салық салу мәселесі басы ашық нәрсе және ол қазірден қолданылуда. Бірақ бас экономист айтып отырған жылжымайтын мүліктерге, атап айтқанда, алып коттедждерге, виллаларға және басқа да кең сарайларға салынатын салықты арттыру жайында қызу пікірталас жүруде.

Әлгінде айтылған "Қазақстандағы кейбір заңнамалық актілерге салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын 2013 жылы Парламентке өткізгенде, осы мәселе шешімін тапқандай көрінген. Себебі, заң жобасының үкіметтік нұсқасында "ауданы 150 шаршы метрден асатын тұрғын үйге салынатын салықты арттыратын" норма болды. Алайда бұған бірқатар депутаттар қарсы шығып, заңнан алғызып тастады. Олардың айтуынша, көп балалы отбасылар көлемі 150 шаршы метрден асатын "лашық" үйде тұруы да ғажап емес. Қалаулылар мұндай ауданы үлкен, бірақ ахуалы нашарлау үйлер Астананың маңында да толып жатқанын алға тарта келе, "сән-салтанат салығы" үйдің ауданына емес, оның құнына байланыстырылуы қажеттігін нықтады.

Алайда егер үйдің құнына қатысты байланыстырса, басқа мәселелер бой көтереді: мысалға, жылжымайтын мүлікті бағалау бәсекелестік ортаға берілген. Яғни, әртүрлі бағалаушы компания мүлікті клиент "сұранысына" қарау не арзан не қымбат бағалауы ықтимал.

Сарапшылар да Қазақстанда нақты мүлік салығы барлығын, тек "мүлік құнын бағалаудағы нақтырақ саясат" жетіспейтінін айтады. 

Ал кейбір елдердегідей, зергерлік бұйымдар, тұрмыстық техниканың қымбат түрлері бойынша байлық салығын белгілеуді Үкімет қарастырып та отырған жоқ.

Жалпы, мамандар болашақта сән-салтанатқа жататын заттар саласы, оның нышан-рәміздері түбегейлі трансформацияланады деп күтуде. Зергерлік бұйымдар, қазіргі тұтыныстағы қандай да бір гаджеттер, тіпті бензин жұтқыш көліктер байлықтың көрінісі болудан қалуы мүмкін. Оның орнына қазірден-ақ кейбір елдер биткойн сияқты криптовалюталар иегерлеріне көтерме салық салуды қарастыруда екен. Бұдан бөлек, жасанды интеллекті бар заттарға, үйдегі көмекші киборгтарға және басқа да ақпараттық заман жаңалықтарына ие адамдар бай, қоғамның жоғарғы қабаты саналуы мүмкін. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу