Қазақстанда бизнесті жүз теңге қарыз да жайратады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3608

Парламенттің бүгінгі жалпы отырысында кәсіпкерлер тексерушілерден қандай құқай көріп отырғаны ашық айтылды. 

Қазақстанда бизнесті жүз теңге қарыз да жайратады

Палата жиынында қалаулылар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда құптады. Бірақ ол бойынша біраз сұрақтар туды. Атап айтқанда, спикер Нұрлан Нығматулин 100 теңге қарызы үшін құзырлы органдар бизнесін тартып алған павлодарлық бизнесменнің шағым хатын өзі оқып берді.

Түсіндіре кетсек, қолданыстағы әкімшілік кодекске енгізілгелі отырған және біраз қылмыс үшін жазаны ізгілендіруге бағытталатын заңнамалық түзетулерде "маңызы шамалы құқықбұзушылықтар" үшін жазаны жеңілдету қарастырылмайды екен.

Осы орайда депутаттар келтірілген шығыны шамалы болған жағдайда жауапты тұлғаны қудалаудан босату туралы бапты заңнамаға қайтаруды ұсынды. Мұндай бап аталған кодексте 2015 жылға дейін болған көрінеді. Дәйектеме ретінде парламентшілер кәсіпкерлердің кейде қасақана емес, салғырттығымен заңнаманы бұзушылыққа жол беретініне, бірақ егер одан елеулі зиян келмесе, сол үшін қатаң түрде әкімшілік жазалаудың қажеті жоқтығына назар аудартты.  

Әділет министрі Марат Бекетаев депутаттардың байламымен келісетінін мәлімдеді. Бұл ретте ведомство тіпті бизнес үшін қажетті бұл тетікті өз бетінше құжатқа енгізуге талпынып та көріпті. Алайда заң жобасын үкімет мүшелері арасында келісімнен өткізу рәсімі барысында министрлер үкіметтегі ең жас әріптесінің бұл қадамын құптамай қойған көрінеді. Осы үшін әділет министрі әріптестерінің кәсіпкерлерді жазалау тетігін өз қолдарында сақтап қалуды қолай көргеніне депутаттарға шағымданды. 

"Мұндай мәселе шынында бар. Парламентке енгізбес бұрын, біз осы жаңа заң жобасында оның шешімін тауып, "маңызы шамалылықтың" өлшем-критерийлерін әзірлеуге тырысқанбыз. Өкінішке қарай, біз мемлекеттік органдармен келісімге келе алмадық. Өйткені әрбір меморган бірқатар бұзушылықтарды "шамалы" емес, "елеулі" деп санады, сөйтіп, нақты анықтама бере алмадық. Соған қарамастан, мен депутаттың ұстанымын қолдаймын. Сонымен қатар осы критерийлерді анықтауды тағы да ұсынғым келеді", – деді Марат Бекетаев.

Яғни, министр үкімет арқылы өткізе алмаған бабын заң жобасына парламенттегі өзін қолдайтын депутаттар арқылы өткізіп көрмек. Егер парламенттің қос палатасы құптаса, заң ары қарай мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, яғни, әділет министріне өзіне бөгет болған "үкіметтік сүзгіні" осылай айналып өтуге мүмкіндік бар.

Оның үстіне мәжіліс төрағасының өзі шығыны аз бұзушылықтар бойынша жазаны ізгілендіруді құптайтынын білдірді.   

"Марат Бақытжанұлы, сіз өз баяндамаңызда осы заң жобасы арқылы әкімшілік жазалау ізгілендірілетінін әңгімеледіңіз. Мен мәжіліске Павлодардан, жеке кәсіпкер Тұрсынхановтан келіп түскен хатын оқып бергім келеді. Ол былай деп жазады: "Қазір парламентте әкімшілік кодекске түзетулерді талқылаулар жүріп жатқанын білгендіктен, Павлодардағы мемлекеттік кірістер басқармасына қатысты туындаған мәселем бойынша сіздерге жүгініп отырмын. Бұл жүгінуімнің мәнісі мынада: 2016 жылы мен 280-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылдым – лицензияны тоқтату және кері қайтарып алумен бірге, 318 150 мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Дәл осынша ауыр жаза маған есептеуде қате жібергенім үшін тағайындалды: мен 2 мың 112 теңге орнына 2 мың 12 теңге лицензиялық алым төледім. Яғни 100 теңгеге аз төлеппін", – деп бизнесменнің арыз-мұңын жеткізген мәжіліс басшысы әділет министріне бұрылды:

"Қараңыз, не масқара болып жатқанын. Сіз екі-үш меморган "маңызы шамалылықтың" анықтамасын таба алмағанын айтасыз. Ал мынадай өмір жағдайларынан бізде аяқ алып жүре алмайсыз. Азамат еш арам ойсыз, алымын төлеген. Бұл жерде оған қанша төлеу керектігі бойынша есептемені кім бергенінің әлі басын ашып алу керек: көшедегі бөгде біреулер емес, сол мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері берген болар?! Кәсіпкер оны адал төлеген, бірақ келесі тексерушілер 100 теңгеге аз төлегенін көреді де, 318 мың айыппұл салып, лизенциясын тартып алады. Осыдан кейін біз елімізде бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасап жатырмыз дейміз", – деп кейіді Нұрлан Нығматулин.      

Сөзін түйіндеген спикер талқыланып отырған бап әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне қайтарылуға тиістігін нықтады.  

Сонымен бірге, кейбір шағын бұзушылықтар үшін айыппұлдар көлемін азайту туралы басқа бір бап депутаттардың басқа бір тобының қарсылығын туғызды. Атап айтқанда, әділет министрлігі мен ішкі істер министрлігі заң жобасында "сауда саласындағы ұсақ бұзушылықтар" – тұтынушыларды алдау және тауарларды құжатсыз сату үшін айыппұл көлемін орташа есеппен 30 пайызға кемітуді ұсынады.

Депутаттардың тұжырымдауынша, сауда саласындағы кәсіпкерлер арасында, базарда, дүкенде, ірі сауда орындарында "таразыдан жеу, тауардың сапасы бойынша жалған мәлімет беру, қайтарым ақшаны кемітіп беру секілді тұтынушыны алдауға бағытталған заң бұзушылықтар кең таралған", ал олар бойынша енді жазаны жеңілдету көзделеді. Көптеген қалаулылар бұған наразы. Өйткені мәселен, супермаркеттерге барғанда, тауар үшін сөреде бір баға жазылып, ал кассада басқа баға есептелетіні депутаттарды да әбден ығыр етіпті. Сондай-ақ қазақстандықтар тұтынушыны алдау көріністері бойынша дәріханалар мен тұрмыстық техника сататын орындарға көп шағымданады екен.

Сөзге араласқан мәжіліс төрағасы бұл кесір құбылыс жойылмай тұрғанда, олар үшін жазаны жеңілдетуге бармас бұрын мықтап ойласу қажеттігіне назар аудартты. 

"Мәселе өте өзекті. Күнделікті өмірде біздің азаматтар осындайға жиі тап болады. Осы қатарға мерзімі өтіп кеткен қандай да бір өнімнің уақытын қайта соғып, жасанды түрде ұлғайтуды, қапталған өнімнің көрсетілген салмағына сәйкес келмеуін де қосар едім. Бұл – өте кең таралған құбылысқа қатысты норма, ал сіздер оны әкімшілік кодекстен алып тастамақсыздар. Егер біз бұл күресте жеңіске жетсек, қоғамда ондай проблема қалмаса, бәрі түсінікті болар еді. Ал әзірге министрліктердің бұл қадамда нені басшылыққа алғанын түсіну қиын", – деді ішкі істер министрлігі өкілдеріне қайырылған Нұрлан Нығматулин.

Ол бұл ағаттыққа өзге меморгандар да жауапты екенін атап көрсетті: "Заңды әзірлеген әділет министрлігі айыппұлды төмендете отырып, нені діттеген? Ұлттық экономика министрлігі де қайда қарап отыр, тұтынушылар құқығын қорғауға сол жауап береді емес пе. Ендеше мұндай ұстанымға қалай келісім беруге болады?", – деп бас шайқаған спикер екінші оқылымға дейін заң жобасын осы тұрғыдан да қайта пысықтауды, бұл өзгерістің қаншалықты орындылығын бағамдауды тапсырды.

"Мұндай теріс қылықтар үшін жауапкершілікті керісінше, күшейту қажет. Керек жерінде, күшейтуден тартынбауға тиіспіз. Ізгілендіру деген жақсы нәрсе, бірақ азаматтарымыз есебінен жап-жақсы болып көрінгендеріңіз дұрыс емес", – деп мәжіліс төрағасы үкімет мүшелеріне ескерту жасады.   

Ішкі Істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов депутаттардың "өте салмақты мәселе көтеріп отырғанын" мойындады.

"Біз осы бұзушылықтар үшін жаза түрін бұрынғы қалыпта сақтау мәселесін заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында жұмыс тобында қарауға дайынбыз. Шынында, бізде тұтынушыны алдау бұзушылықтарын әшкерелеу үлесі тым төмен. Биылғы жыл басынан бері еліміз бойынша небары он факті ғана анықталды. Себебі, бұл әкімшілік өндірістер бойынша тұтынушының өзінен өтініш келіп түскеннен кейін ғана іс қозғай аламыз. Алайда тәжірибе көрсеткендей, алданған тұтынушы не тиісті органдарға шағыммен жүгінбейді, немесе тым кеш, әкімшілік іс қозғау мерзімі өтіп кеткеннен кейін жүгінеді. Бізге бұл бағыттағы жұмысты әрине, жандандыру қажет болады. Біз осы жұмыспен айналысамы!", – деп сөз берді Берік Бисенқұлов.

Бір қызығы, заң жобасында айыппұл бойынша 50 пайыздық "жеңілдік" ұлттық банкке де беріледі екен.

"Менің сұрағым ұлттық банк өкіліне. Қолданыстағы әкімшілік кодекс жеке тұлғаларға 7 күн ішінде төлесе, құқық бұзушылық жасағаны үшін белгіленген айыппұл сомасының 50 пайызын ғана төлеуге мүмкіндік береді. Енді осы құқық мына заң жобасымен заңды тұлғаларға да берілгелі отыр. Менің ойымша, бұл дұрыс", – депутат Магеррам Магеррамов ұлттық банктің қандай әкімшілік істер жүргізетінін таңдана сұрады.

"Біздің ұлттық банк жаза қолданатын әкімшілік құқық бұзушылықтар банктік, сақтандыру және басқа да қаржылық ұйымдармен байланысты. Осы орайда бәрі салалық заңнамамен белгіленген. Мысал үшін айтсақ, барлық банктер, сақтандыру ұйымдары, қаржылық ұйымдар пруденциалдық нормативтерді сақтауға міндетті. Міне, сол талапты бұзса, біз айыппұл саламыз. Сондай-ақ, айталық, тәуекелдерді басқаруды және ішкі бақылауды қалыптастыру тәртібін сақтамағаны үшін әкімшілік айыппұл салу да қарастырылған. Қаржылық ұйымдар бухгалтерлік есептілікті дұрыс жүргізбегені үшін де айыппұлмен жазалаймыз. Бір жайтты ескеруіміз керек: қаржылық ұйымдар бүкіл халқымыздың және бизнесмендердің барлық қаржыларын өздерінде сақтайды, қорландырады. Сондықтан ұлттық банк оларға тексеріспен бару, қашықтықтан қадағалау, қаржылық есептілігін талдау секілді бақылаудың көп формасын қолданады", – деді ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін төмендетуге, ескерту шараларының қолданыс аясын кеңейтіп, жазалардың түрін пайдалы арнаға бұруға бағытталған. Жалпы алғанда әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі ізгілендіруге негізделген.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу