Қазақстанда миллиардтық жаңа қор құрылмақ

17997

Біраздан дау-жанжалмен аты шыққан "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы негізінде жаңа ұйым құрылатыны жарияланды.

Қазақстанда миллиардтық жаңа қор құрылмақ

Қазақстанда барлық қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары тапқан табысының 1%-ы жеке қорға жинақталатын болды.

Осы мақсатта Үкіметтің "Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қорын құру туралы" қаулысы әзірленіп отыр.

Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың түсіндіруінше, осы құжат "Қазақстан инжиниринг" (Kazakhstan Engineering)" ұлттық компаниясы" АҚ базасында Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қорын құруды қарастырады.

Жаңа ұйым "қолма-қол ақшаның жеке есепшоты" түрінде болып келетіні айтылды. Бұл қорға ақша үш арнадан тасқындай құйылады деп белгіленуде. Біріншіден, Қазақстандағы полигондарды жалға алғаны үшін Ресей, ішінара өзге мемлекеттер төлейтін төлемақы, екіншіден, ұлттық қарулы күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарымызда сұраныс болмаған оқ-дәрілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы шетелге сатудан түсетін қаражат, үшіншіден, қару-жарақ пен әскери техника саласында лицензиясы бар қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары табысының 1%-ы осы қорды толтырады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жерде миллиардтар туралы сөз болып отыр. Олар армия, тәртіп сақшылары, арнайы мақсаттағы отрядтар және басқа да тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпке жауапты құрылымдар үшін отандық заманауи қару-жарақ пен аспаптар құруға жұмсалуы мүмкін.

"Қорды құру ұлттық қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға олардың өз мақсаты бойынша жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін әскери және қосарланған мақсаттағы қажетті заманауи өнімдерді, тауарларды жасауға септеседі", – деп қысқа қайырды министр.

Қордың басқару органы – Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі болмақ. Қаржылардың қай бағыттарға және қандай міндеттерді орындауға жұмсалатынын сол анықтайды. Қандай да бір жобаларды қаржыландыру туралы шешімдерді де Роман Склярдың ведомствосы қабылдайды.

Министрлік жанынан арнайы комиссия құрылып, оған күш құрылымдарының бірінші басшылары кіреді деп көзделуде.

Қордың жұмысшы органы "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" АҚ болып табылады.

Министрдің айтуынша, қорды құру және тиісті Үкімет қаулысы жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қаржылық қаражаттар бөлуді қажет етпейді.

Түсіндірме жазбада айтылғандай, жаңа қор отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді, инновацияларды қаржылық қолдауды және Қазақстанның қорғаныстық-өнеркәсіптік кешені ұйымдарын жаңғыртуды жүзеге асыру арқылы елдің қорғаныстық-өнеркәсіптік әлеуетін дамытудың талап етілетін дәрежесін қамтамасыз етуге тиіс болады.

Нақтылай кетсек, Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қорын құру нәтижесінде "ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді қаржыландыру, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының өндірістік базасын жаңғырту" мақсат етіліп отыр.

Айта кету керек, бір жыл бұрын, 2018 жылғы мамырда "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорынан алып қойылып, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілген болатын. Бұл ретте компанияның 100% акция пакеті немесе 21,4 миллионнан астам акциялары сыйға беру келісімшарты негізінде квазисектордан мемлекеттік меншікке табысталғаны мәлімделді.

Ұлттық компания көбіне әзірлемелерімен емес, дау-жанжалдарымен елді елеңдетіп келді. Мәселен, 2017 жылғы күзде "Қазақстан инжинирингтің" бұрынғы басшысы Қанат Сұлтанбеков ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 2018 жылы бұл жазасы екі миллиард теңге көлеміндегі айыппұлмен ауыстырылды. Бұған оның айыбын мойындап, өкініш білдіруі, органдармен ынтымақтастық жасауы және үш баласының болуы ықпал еткені хабарланды. 

2015 жылы "Қазақстан инжиниринг" миллиардтаған шығын шегіп, мемлекетке еш табыс әкелмеген. Бірақ сонымен бірге ақпарат құралдары компания топ-менеджментіне 2013 жылы 120 миллионға жуық, 2015 жылы 75 миллиондай, ал 2017 жылы жүз миллион теңгеден астам сыйақы төленгенін жазды.

"Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы 2003 жылы құрылған болатын және оның құрамына Қорғаныс министрлігінің әскери зауыттары мен қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары кірді. Демек содан бергі 16 жыл елімізде мемлекеттің тұрақтылығы мен ішкі тәртібін қорғайтын құрылымдар үшін қажетті жаңа технологияларға құрылған төл жабдықтар және көліктерді молынан жасай бастауға жеткілікті кезең еді. Енді бұл міндетті алда құрылуға тиіс жаңа қордың қаншалықты шеше алатынын әзірге белгісіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу