Ірі ұлттық компания кәсіпорындарының ликвидациясы басталды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6455

Қазақстанда тағы бір ұлттық компанияның миллиардтаған шығынға батқаны анықталды.

Ірі ұлттық компания кәсіпорындарының ликвидациясы басталды

Ол ұлттық компания "арнайы және азаматтық өнімді, сондай-ақ қосарланған мақсатты өнімді шығаруға мамандандарылған ірі машина жасау кәсіпорындарында бірыңғай қаржы, өндірістік және технологиялық саясатты қамтамасыз етуге арналған холдингтік құрылым" болып табылады.

"Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясының атағы ара-кідік жанжалдарға байланысты да естіліп тұрады. Мәселен, 2017 жылдың соңында оның басшысының бұрынғы орынбасары 1 миллиард теңгеден астам пара алғаны әшкере болды. Сотта Қанат Сұлтанбеков өз айыбын мойындап, ақшаның бір бөлігін – 10 миллион теңгені және 300 мың долларды қайтарды. Белгілі болғанындай, 2015 жылдың наурызында "Қазақстан инжиниринг" басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындала салысымен, арам жолмен ауқаттануға кіріседі. Сол жылдың қарашасында ол Астанаға "Оралагрожөндеумаш" АҚ президенті Гимран Бисеновты шақырады. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау аясында ұлттық компания мен осы компания арасында 16 автоқұю стансасын жеткізу үшін 573,4 миллион теңгеге және  тіркеме-цистернасы бар 100 автомайқұю көлігін сатып алу үшін 2,4 миллиард теңге сомаға екі келісімшарт бекітіледі. Бұл ретте Сұлтанбеков пен Бисенов әу бастан келісімшарттағы бағаны асыра көрсетуге уәделеседі.

Тергеушілер Қанат Сұлтанбековтың басқа да пара алу схемаларын ашты. Оларда да бірнеше миллиардтық келісімшарттар туралы айтылады. Мәселен, құныққан орынбасар мырзаның қалтасына арнайы киім және басқасын тігетін "Казлегпром-Алматы" компаниясынан 3,6 миллиард теңгеге 47 аталымдағы керек-жарақты алу кезінде жалпы саны – 240 миллион теңге 200 мың доллар, "Гауһар" тігін фабрикасымен" костюм, куртка, ұйқы қаптарын сатып алу кезінде 93,6 миллион теңге пара, "Astana Ютария LTD" өндірістік-инвестициялық компания" басшылығынан – 160 миллион теңге және 170 мың доллар, "Универсал Реклама" жарнама агенттігінен – 13 миллион теңге және 100 мың доллар, мемқорғаныс тапсырыста қамқор болу үшін 35 миллион теңге және 200 мың доллар пара құйылғаны хабарланды.

Алайда тергеу барысында ҰҚК сотталғандардың мүліктерін таба алмаған. Деректер жоқ болғандықтан сот мүлікті тәркілеу жазасын қолданбады. 2017 жылдың 25 қарашасында судья "Қазақстан инжиниринг" басшысы орынбасарын 10 жылға соттағаны мәлім етілді. Алайда 2018 жылдың басында-ақ апелляциялық сот оның айыбын жұмсарта қойды: түрмені 2 миллиард теңге айыппұлмен алмастырды.

Ал тергеу барысында ұсталған Израиль азаматы Гиль Смолински бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айырылса, артынша ол сот арқылы 500 миллиондай теңге айыппұлмен құтылды.

Kazakhstan Engineering-тің 2020-2029 жылдарға арналған жаңа Даму стратегиясы жобасында айтылғандай, 2018 жылы ұлттық компанияның шығыны 2 млрд 565 миллион теңгені құраған.

Сырттан 30 миллиард 203 миллион теңге қарыз алғаны анықталды. Оның тек 12,4 миллиард теңгесі ғана ұзақ мерзімді несие болып отыр. Жалпы алғанда, төлеуге тиіс міндеттемелері 64 миллиард 948 миллион теңге болды.

Құжатта ұлттық компания қызметкерлерінің қазіргі саны 4 мың 511 адам екені айтылады. 14 жобаны ғана жүзеге асыруда екен.

"Қазақстан инжинирингтің" екі кәсіпорны дәрменсіз жағдайға жетіп, жойылған, бұлар – "Камаз-Семей" ЖШС (Қазақстанның үлесі 49%) және "Батыр инжиниринг" (100%).

Тағы біраз кәсіпорны "ликвидация" сатысында тұр. Олардың қатарында "Талес Қазақстан инжиниринг" бірлескен кәсіпорны (50%), "Қаз-СТ Инжиниринг Бастау" ЖШС (49%), "Спецмаш Астана" ЖШС (35%), "Индра Қазақстан инжиниринг" ЖШС (49%), "Қорғау инжиниринг" бірлескен кәсіпорны (100%) және басқалары.

Бірақ Үкімет ұлттық компанияға ары қарай да үміт артуға ынтық болып отыр. Оның шығындарына да "оптимизммен" қарайды.

"Өнеркәсіп саласындағы ірі халықаралық компаниялардың тәжірибесін талдасақ, "Қазақстан инжиниринг" ҰК" АҚ-ның алдында тұрған сын-тегеуріндер бірегей емес және ондай мәселелерді өзге озық өнеркәсіп холдингтері бұрын сәтті шеше алған деген қорытынды жасауға болады. "Қазақстан инжиринг" сияқты, тиімсіз маркетинг, сапасыз инвестициялар және нарықтағы үлесін жоғалтуы салдарынан General Motors компаниясының да несиегерлер алдында көп миллиардтық қарыздары болды. Алайда АҚШ және Канада үкіметтері ұсынған жәрдемақылардың арқасында GM тарихтағы ең ірі акцияларды көпшілікке ашық орналастыруды сәтті жүргізген компанияға дейін трансформациялана алды", – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.  

Жалпы, көптеген елдер, соның ішінде көрші Ресей қорғаныс саласынан қырып табыс тауып отыр. Алпауыт державалар, соның ішінде солтүстік көршіміз әлемнің әр түкпіріндегі соғысты өз қаруларын жарнамалайтын алаңға айналдырды. РФ Қорғаныс министрлігі Сирияда ресейлік 600-дей қару түрі сынақтан өтіп, жаһанға паш етілгенін мәлімдеді.

Қорғанысқа жұмсалатын жаһандық шығындар орташа жылдық қарқынмен 3%-ға артып, 2024 жылы 2 триллион долларына дейін өседі деп болжануда. 2018 жылы нарық көлемі 1,8 триллион долларға жетті.

Бірақ егер басты қорғаныстық өнім өндіруші компаниясы шығынға батып жатса, бұл триллиондар тасқынынан Қазақстанға келіп-кетіп жатқан табыс шамалы сияқты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу