Қазақстанда онколог мамандар жетіспейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3690

Әсіресе, Қостанай, Павлодар, Алматы облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында кадр тапшылығы байқалып отыр.

Қазақстанда онколог мамандар жетіспейді Фото: sputniknews.kz

Халықаралық статистика деректеріне сәйкес, Қазақстан қатерлі ісікке шалдығу және өлім көрсеткіштері шамалы жоғары елдердің қатарына жатады. Мәжілістегі "Үкімет сағатына" қатысқан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндағандай, соңғы 20 жылдың ішінде елімізде қатерлі ісікке шалдығу 8 пайызға өскен.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қатерлі ісік диагнозымен 181 мың пациент диспансерлік байқауда тұр. 2018 жылы 35 753 адам алғаш рет есепке алынған. Оның 44,3 пайызын ерлер, ал 55,7 пайызын  әйелдер құрайды. Обырдан қайтыс болғандардың арасында ерлердің үлесі 53,8 пайызды алып отыр.

Алғаш ауырғандардың 60 пайызға жуығы 18 жастан 63 жасқа дейінгі  еңбекке қабілетті адамдар екен.

Ел тұрғындары арасында онкологиялық аурулардың мына түрлері көп кездеседі: сүт безінің обыры (12,6 пайыз), өкпе обыры (9,9 пайыз), асқазан обыры  (9,9 пайыз), жатыр мойны обыры және жуан ішек обыры (4,7 пайыз). Осылардың ішінде өкпе обырымен (16,5 пайыз),  асқазан обырымен (11,5 пайыз), сүт безі обырымен (8,4 пайыз) ауыратындар жарық дүниемен жиі қоштасатындар қатарына жатады.

"Бүгінде еліміздің онкологиялық қызмет саласында шешімін таппаған өзекті мәселелер бар. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда қатерлі ісіктерді ерте даигностикалау көрсеткіші төмен. Бұл көрсеткіш біздің елде 26,2 пайызға тең болса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде 46 пайызбен 70 пайыздың аралығында қалыптасып отыр. Екінші проблема – онкологиялық скринингтермен қамту көрсеткіші төмен. Үшіншіден, диагностикалаудың жоғары технологиялық әдістерінің және инновациялық емдеудің, оның ішінде  сәулелік терапияға қолжетімділік төмен. Төртінші проблема – онкологиялық науқастарды емдеу мен байқауды толық көрсету үшін медициналық ақпараттық  жүйелер толыққанды интеграцияланбаған. Тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Қазір 126,5 маманның орны бос тұр. Сонымен қатар, жаңа технологиялар саласында жеке ғылыми базаның жеткіліксіздігі де қолбайлау болып отыр", – деді Елжан Біртанов Мәжілістегі "Үкімет сағатында".

Министрдің айтуынша, онкологиялық пациенттерге медициналық қызмет көрсету үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 40 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек, жыл сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызметтерді, скринингтер, молекулалық-генетикалық тестілеу, сәулелік терапия қызметтерін кеңейтуге 8 млрд теңгеден аса қосымша қаржы  қарастырылады. Сондай-ақ 3,2 млрд теңгеге салаға қажетті жабдықтарды сатып алу жоспарланған.

"Қазақстанда профилактикаға арналған шығындар бөлінген қаржының 4 пайызын құрайды, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл мақсатқа 10 пайызға дейін бөлінеді. Обырды ерте анықтау мақсатында елде онкологиялық скринингтердің үш түрі іске асырылады: жатыр мойны, сүт безі және жуан ішек обырының скринингі", – деп толықтырды сөзін денсаулық сақтау министрі.

Елжан Біртанов атап өткендей, елімізде онколог мамандар тапшы. Қазірдің өзінде 126,5 орын бос тұр. Әсіресе, Қостанай, Павлодар, Алматы облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында кадр тапшылығы байқалады. Былтыр отандық университеттер 118 онколог пен радиологты оқытып шығарған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу