Қазақстандық орыс әйелдер қытай азаматтарына тұрмысқа шығуда

7675

"Ғашықтарды" пандемия ажыратты.  

Қазақстандық орыс әйелдер қытай азаматтарына тұрмысқа шығуда

Өткен жылдары 24 мың қазақ қызының ҚХР азаматтарына күйеуге шығып алғаны туралы хабар тарады. Рас, кейін оның кезекті фейк екені анықталды. Ресми мәлімет бойынша 2010 жылдан 2016 жылдар аралығында 253 қазақстандық әйел шың елінен жұбай тапқан. Соның ішінде 190-ы ғана қазақ қызы. Одан бергі статистика жоқ.

Бірақ кейінгі жылдары қоғамның айыптауынан қорқып, қазақ ұлтынан шыққан нәзік жыныстылар бұл бағытқа көп аяқ баспайтын болды. Сондықтан қытайлар Қазақстан азаматы болып табылатын өзге диаспора өкілдерін жағалай бастады. Сол арқылы "аспан асты елінің" азаматтары "қазақстандық" атануға ұмтылып отырғаны байқалады.

Дегенмен қазіргі пандемия жағдайында олардың қадамы шектеліпті.

Бүгіннен бастап Қазақстан мемлекеттік шекарадағы шектеу шараларын күшейтті. Мұндай шешім Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысында қабылданды.

Жиында COVID-19 індетінің екінші толқынына дайындық туралы баяндаған денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, көптеген өңірде коронавируспен сырқаттанушылардың қатары қайтадан өсіп барады. Салыстыру үшін айтсақ, биылғы жылғы 5-18 қазан аралығында елімізде вирусты жұқтырған 1 мың 272 адам анықталса, 19 қазан мен 1 қараша аралығында ол сан 3 мың 352 адамға дейін артты. Инфекциялық төсек орындары бүгінде 22%-ға, реанимациялық орындар 18%-ға толып үлгерді. Олар мүлдем босап қалар деген сенім болған.

Сол себепті ВАК шешім қабылдап, мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібіне өзгеріс енгізілді.

"Біріншіден, Қазақстан аумағында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер және оның отбасы мүшелері, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктер Қазақстан шекарасын 90 тәулікте 1 реттен артық кесіп өте алмайды (бұған дейін 30 тәулік болған). Екіншіден, 57 елдің азаматтары үшін 2021 жылғы 1 мамырға дейін визасыз режим тоқтатылады. Үшіншіден, ҚХР мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың ел аумағында 72 сағат визасыз жүруі 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқталады", – деп хабарлады ел Үкіметі.

Басқаша айтқанда, енді қазақстандық әйелдерге Қытайдағы жұптарын үш ай күтуге тура келеді. Оның үстіне бұрын бір жыл бірге тұрса, ҚХР азаматы қазақстандық көгілдір паспортты қалтасына басатын. Енді бұл мерзім үш есе ұзартылыпты. Бұл жаңалық кейбір адамды естен тандыра жаздағанға ұқсайды.

Алматылық Дарья Вэй өз қарсылығын ІІМ-ге шағым түрінде жолдапты.

"Жақында, 21 қыркүйекте күйеуім Вэй Да екеуіміз Алмалы ауданының көші-қон полициясы бөлімшесіне бардық. Күйеуім Қытай азаматы, сондықтан оның виза мәселелерін шеше алмай жүрміз. Заңнамаға енгізілген жаңа ережелерге сәйкес, ол өз визасын В10-нан С2-ге ауыстырмақ болды. Алайда көші-қон полициясындағылар біздің неке құрғанымызға үш жыл толмағандықтан, визаның түрін өзгерте алмайтынын айтты. Ал еGOV сайтында С2 визасын алу үшін үш жыл некеде болу керектігі туралы бір сөз жоқ. Бұл не масқара? Бірде-бір сілтеме жоқ. Неге еш жерде айтылмайтын құжаттарды бізден талап етеді? Бұл некеден 8 жасар қызым бар. Өзім Қазақстан азаматымын. Қабылдаушы тарап ретінде Қытай азаматы елге келуі үшін қажет етілетін барлық құжатты ұсына аламын", – деп жазады Дарья.

Қазақстандық-қытайлық жұп осының алдында, ақпан айында елордадағы көші-қон қызметіне де өтініш жазыпты.

"Пандемияға байланысты отбасымда бүгінде тек мен ғана жұмыс істеймін. Маған күйеуімнің қасымда, Қазақстанда болғаны, көмектескені керек", – деп түсіндіреді ол.

Әйткенмен, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев миграция қызметіндегілердің талабы дұрыс екенін растады.

Айта кету керек, визаның әлгі екі түрі арасындағы айырмашылық – жер мен көктей. Себебі В10 Қытай азаматтарының Қазақстанға жеке сапары үшін беріледі. Ал С2 визасын тек Қазақстандағы отбасымен бірігуге ниет қылған шетелдіктер алады.

"Шынымен де отбасымен қосылу үшін ұсынылатын визаны сұраушы тұлғаларға қолданыстағы заңнамада бірқатар шектеулер белгіленген. Мысалы, "Халықтың көші-қоны туралы" заңының 27-бабына сәйкес, шетелдік өз отбасымен бірігуі үшін ол Қазақстан азаматымен некеде кемінде 3 жыл тұруы шарт", – деді ІІМ басшысы.

Виза алу пандемия жағдайында күрделенгенін ҚХР азаматы Тянь Аньсян растады. Оның айтуынша, коронавирус таралмас бұрын, 2020 жылғы 17 қаңтарда Қытай Сыртқы істер министрлігінің еншілес ұйымы саналатын China Diaoyutai international travel service қытай мемлекеттік компаниясы Нұр-Сұлтанда өз өкілдігін – "Хуацянь Нұр-Сұлтан" ЖШС-ын құрды.

Бұл компания шың елінің азаматтарына, қазақ еліне және керісінше Қазақстан азаматтарына шығыс көршісіне еш қиындықсыз виза алуға көмектесетін виза орталығы қызметін атқаруға тиіс. Осы мақсатта ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігі "Хуацянь Нұр-Сұлтан" ЖШС-ын виза рәсімдеу қызметтерін көрсету үшін аккредиттеді.

"Қазақ-қытай шекарасы қайта ашылғаннан кейін орталық жұмысын бастайды. Бірақ орталық уақытында әрі толыққанды жұмысқа кірісуі үшін біз қызметкерлер штатын іріктеп алуымыз және қызметкерлерді Қытай елшілігінде оқытудан өткізуіміз қажет. Ал осы іріктеу мен оқыту процесіне ЖШС директоры мен оның орынбасары тікелей қатысуға тиіс", – дейді Қытайдан хабарласқан "Хуацянь Нұр-Сұлтан" директоры.

Яғни, виза беру ісін жеңілдетуі тиіс Тянь Аньсян (Tian Anxiang) мен оның орынбасары Чжу Джиосидің (Zhu Guocui) өзі виза алудың қамымен бас қатырып жүр. Жалпы Қытай тарапы еліміздің ірі инвесторы ретінде екі арадағы визасыз режимді жоюды сұрап жүр. Алайда елдің ұлттық қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерді сақтау жайын және мирграциялық қауіп-қатерді ескере отырып, Үкімет оған бармады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу